Аэрозолдер мен көмірқышқыл газының адам денсаулығына әсері анықталды
Аэрозолдер мен көмірқышқыл газының адам денсаулығына әсері анықталды
1 жыл бұрын 2330 Материалды көшіріп басқан жағдайда islam.kz порталына сілтеме берілуі міндетті. Фото: Habibur Rahman / Globallookpress.com

Ластанған ауаның адам денсаулығына, экономикаға және ауыл шаруашылығына әсері климаттың өзгеруінен зардап шеккен аймаққа байланысты күрт өзгереді. Бұл жайында islam.kz порталы аталмыш зерттеу материалы жарияланған Science Advances мерзімді басылымына сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Остиндегі Техас университеті мен Сан-Диегодағы Калифорния жоғарғы оқу орнының ғалымдары осындай тұжырым жасады. Зерттеушілер ғаламдық климаттың теориялық үлгілерін аэрозолді ластаушы заттардан келетін залалды эмпирикалық дәлелдерімен ұштастырды. Аэрозолдар – ыс пен түтіннің пайда болуына ықпал ететін және өнеркәсіптік қондырғылар, электр стансалары және автокөліктердің атмосфераға бөлетін газдар құрамындағы ұсақ қатты бөлшектер мен сұйық тамшылар. Бұл зерттеуде сегіз негізгі аймақ қарастырылды: Бразилия, Қытай, Шығыс Африка, Батыс Еуропа, Үндістан, Индонезия, АҚШ және Оңтүстік Африка. Моделде сегіз аймақтың әрқайсысы температураның, жауын-шашынның және жер бетіндегі ауа сапасының әсерін ескере отырып, бірдей мөлшерде аэрозол шығарған. Содан кейін бұл деректер климат пен ауа сапасы және балалар өлімі, егін шығымдылығы (астық түсімділігі), жалпы ішкі өнім арасындағы белгілі үлгілермен байланыстырылады. Соңында сарапшылар аэрозол әсерінің жалпы әлеуметтік шығындарын СО2-ның әлеуметтік шығындарымен салыстырды, сондай-ақ, аэрозол мен СО2 аралас әсерінің жаһандық карталарын жасады. Көбінесе СО2 және аэрозол жанармайдың жануы кезінде бір уақытта бөлінетініне қарамастан екеуінің әсері екі түрлі. Көмірқышқыл газы қайдан бөлінгеніне және қай жерде орналасқанына қарамастан атмосферасына бірдей, яғни, біркелкі таралады, әсер етеді. Ал аэрозол бөлінген жерге жақын маңда шоғырланады, сондықтан олардың климатқа әсері біркелкі емес. Кейбір аймақтардағы атмосфераға бөлінген зиянды заттар климатқа және ауа сапасына басқа аймақтарға қарағанда 2-10 есе көп әсер ететіні белгілі болды. Осыған байланысты атмосфераға бөлінген зиянды заттардың, яғни, көмірқышқыл газының әлеуметтік шығындары кейде аэрозол бөлінетін аймаққа қарағанда көршілес аймақтарға көбірек әсер етеді. Мәселен, бір ғана Еуропада атмосфераға бөлінетін зиянды заттар жергілікті аймаққа қарағанда кәрі құрлықтан, яғни, Еуропадан тыс өңірлердегі балалар өлім-жітіміне көп әсер етеді. Ал аэрозол өзі бөлінген жерге де, тұтас планетаға да залал келтіреді.

0 пікір
Мұрағат