Түркия экономикасының құрылымы туралы аз-кем дерек
Түркия экономикасының құрылымы туралы аз-кем дерек
3 жыл бұрын 3204 Материалды көшіріп басқан кезде islam.kz порталына гиперсілтеме берілуі міндетті

1980-ші жылдардың бас кезінде Түркияның мешеу экономикасына тегеурінді реформа жүргізілді. Оған дейін аталған ел экономикасының көп бөлігі шетелдік державалардың бақылауында болды. Осы реформаның нәтижесінде Түркия толыққанды нарықтық экономика құрып, тауар өндіру мен қызмет көрсетуде айтарлықтай жетістіктерге жетті. Түркияның бүгінгі билігі де шетелдік инвесторларды тарта отырып, мемлекеттік кәсіпорындарды жекешелендіру арқылы экономиканы мейлінше ырықтандыру саясатын жүргізіп келеді. Бұл жайында islam.kz порталы antalyaestate.net ақпарат көзі келтірген мәліметке сілтеме жасай отырып мәлім етеді.

Түркия экономикасында қызмет көрсету саласының үлесі басым, дәлірегі, ел экономикасының 58%-ын құрап отыр. Өнеркәсіп пен өндіріс түрік экономикасының шамамен 33%-ын құрап отыр, ал шаруашылығы – бар-жоғы 9%-дан аспайды. Өнеркәсіп өндірісінің көп бөлігі құрылыс материалдары мен өңдеуші өнеркәсіптен тұрады - 84%. Тоқыма, тері өңдеу, тағам, химия өнеркәсіптері, фармацевтика, энергетика, металлургия, кеме құрастыру, электрмен жұмыс істейтін тұрмыстық техникалар да түрік экономикасының бойына қан үгіртіп отырған салалар ретінде алға шығады. Десе де түрік экономикасындағы соңғы жылдары туризм (қызмет көрсету саласына жатады) секторы шапшаң дамып, елеулі жетістіктерімен көзге түсіп келеді.

Туризм

Негізінде туризм Түркияның негізгі табыс көзі емес, алайда, ел экономикасының елеулі бөлігі болып табылады. 2 млн адам жұмыс істейтін Түркия туризімі танымалдылығы жағынан әлемде алтыншы орында тұр. Десе де бұл елде туризм саласы жылдан жылға өркен жайып келеді.

Жылжымайтын мүлік

Жылжымайтын мүлік Түркияның жалпы ішкі өнімінің 19,5%-ын құрап отыр. Шетелдіктерге осы уақытқа дейін 2,65 млрд долларға жылжымайтын мүлік сатылыпты. Бұл бағытта Стамбұл қаласы көш бастап тұр. Одан кейінгі орындарға Анталия секілді курорттық сервис жолға қойылған аймақтар жайғасқан.

Ауыл шаруашылығы

Түркиядағы еңбекке жарамды тұрғындардың шамамен төрттен бірі ауыл шаруашылығында жан бағады. Ауыл шаруашылық өнімдеріне қатысты сауда балансы жағымды жағымен сипатталады: импортқа 10,7 млрд доллар жұмсалса, экспорттан 15,2 млрд доллар пайда түседі. Түркия орман жаңғағы, шие, абрикос, анар, айва, құрма өнімдерінің экспорты бойынша әлемдегі кқшбастаушы санаулы елдердің бірі. Бұдан бөлек, апелсин, мандарин, қызанақ, қияр, қарбыз, шай, зәйтүн, т.б. өнімдері де үлкен сұранысқа ие.

Автокөлік өнеркәсібі

Түркияда автокөлік өнеркәсібі айтарлықтай дамыған. Еуропа бойынша аса ірі жеңіл автокөлік өндіруші ел. Аталған ел аумағында жеңіл автокөлік шығаратын 13 зауыт бар. Автокөлік құрастырумен Ford, Renault, FIAT, Hyundai, Toyota, Honda, Opel, Daimler, Isuzu, MAN компаниялары айналысады.

Химия өнеркәсібі

Түркия пластмасса өндіруден Германиямен және Италиямен иық теңестіріп қатар тұр. Бұл сала Түркия қазынасына жылына 30 млрд доллар кіріс кіргізеді. Ал тыңайтқыш экспортынан Түркия жылына шамамен 20 млрд доллар пайда тауып отыр.

Электроника

Түркияның электроника экспорты жылдан жылға тұрақты түрде шамамен 5%-ға артып келеді. Бүгінде аталған ел жыл сайын электроника экспортынан шамамен 7 млрд доллар табыс тауып отыр. Негізінен тұрмыстық техникалар, телекоммуникациялық құрал-саймандар, компьютер әне қорғаныс электроникасы экспорталады.

Пайдалы қазбасы

Бұл ел сейсмикалық қауіпті аймақта орналасқан, соған қарамастан техтоникалық  аймағында болғандықтан қазбалы байлықты өндіруге қолайлы. Аталған ел хром экспортынан жылына 450 млн доллар, мәрмірдан 2 224 млн доллар, далалық шпаттан 104 млн доллар (бұл қазба байлықтан әлемде бірінші орында тұр), бариттен 19,4 млн доллар және пемзадан (оны өндіруден көш бастап тұр) әжептәуір пайда көріп отыр. 

0 пікір
Мұрағат