Тәліптер халықаралық имиджін жақсартатын маңызды қадам жасады (фото)
Тәліптер халықаралық имиджін жақсартатын маңызды қадам жасады (фото)
33 минут бұрын 16 Материалды көшіріп басқанда islam.kz сайтына гиперсілтеме берілуі міндетті

Ауғанстанның ақпарат және мәдениет министрлігі тарихи және археологиялық ескерткіштерді қорғау үшін Ішкі істер министрлігімен бірлесіп «012-бөлімше» арнайы жасағы құрылғанын хабарлайды. Оның негізгі міндеті ел аумағындағы мәдени мұралардың қауіпсіздігі мен сақталуын қамтамасыз етуге саяды. Бұл жайында islam.kz порталы өз кезегінде Tolo News ақпарат көзіне жөн сілтеген Islamosfera сайтына сілтеме жасай отырып мәлім етеді. «012-бөлімше» - қарулы қызметкерлерден тұратын әскерилендірілген құрылым. Осылайша, Ауғанстандағы ескерткіштерді қорғау ісі мен жауапкершілігі толыққанды күштік құрылымның операциясына айналады. Аталған бөлімшенің басты міндеттерінің бірі - заңсыз археологиялық қазбалардың жолын кесу. Елдегі талай жылға созылған соғыс кезінде артефактілер заңсыз сауда нысанына айналды және жасақтың міндеті - мәдени құндылықтарды контрабандалауды тоқтату. Сондай-ақ, ведомствоның күш құрылымдары ұлттық бірегейлік үшін іргелі маңызы бар заттардың сақталуын қамтамасыз ете отырып, мәдени құндылықтарды елден тыс жерлерге заңсыз әкету арналарын жабу бойынша жұмыс істейтін болады. «012 бөлімшенің» тағы бір міндеті - вандализм немесе мародерлік қаупі жоғары аймақтарда орналасқан қашық зираттар, буддалық пұтханалар және биік таулы бекіністер сияқты тарихи ескерткіштерді күзету. Жасақ жауынгерлері Логар провинциясындағы ежелгі буддашылардың Мес Айнақ сияқты маңызды нысандарда, сондай-ақ, жартылай қираған мүсіндер мен басқа да археологиялық ескерткіштер орналасқан Бамиан провинциясында қызмет етуде. Министрліктің ресми өкілі Құбайып Ғұфранның айтуынша, Ауғанстан Ислам Әмірлігі болып жарияланғалы бері тиісті ұйымдардың қолдауымен 60-қа жуық тарихи ескерткіш қалпына келтірілген. Ұлттық игілікті қорғау бағдарламасы аясында өңірдің көп ғасырлық тарихын бейнелейтін негізгі ескерткіштер қалпына келтірілді. Олардың ішінде - Қандағардағы Ахмет-шах Бабаның үйі, қазіргі Ауғанстанның негізін қалаушының резиденциясы (XVIII ғасырда дәстүрлі ойма мен сурет салу әдісін қолдана отырып, керемет бұхар стилінде салынған), т.б. Гераттың Тимуридтер дәуіріндегі Мұсалла ансамбліне кіретін Бесінші мұнарасына ерекше назар аударылды; XV ғасырдағы бұл бірегей кірпіштен қаланған жәдігер еңкейіп, құлау қаупі төнген және күрделі техникалық нығайтуды талап еткен. Сондай-ақ, реставрация қажылық пен ислам сәулет дәстүрінің символдарына айналған Әзірет Ғұфран мешіті мен Хайдар Баба мен Заргона Ана зираттары сияқты рухани ғибадатханаларды қамтыды. Мұндай жұмыстар ұлттық мұрағат ғимаратында жүргізілді, онда елдің мәдени коды үшін іргелі маңызы бар баға жетпес тарихи құжаттар мен қолжазбалар сақталған. Мәдениет саласындағы сарапшылар археологиялық ескерткіштерді қорғау елдің ұлттық және мәдени бірегейлігін сақтауда маңызды рөл атқаратынын әрі туристерді тартудың, яғни, кіріс көзі ретінде экономикалық маңызын атап өтті. Мамандар, сондай-ақкүзет бөлімшелерін құрумен қатар, реставрациялау жұмыстарының халықаралық стандарттарға сәйкес жүргізілуіне айрықша назар аударады. Осы орайда мың жылдық тарихы бар Ауғанстанның археологиялық және мәдени мұра тұрғысынан әлемдегі ең бай елдердің бірі екендігін айта кетпекпіз. Алайда, соғыстар, тұрақсыздық, климаттың өзгеруі және өткен жылдардың салғырттығы осы бірегей нысандардың көбін бүліну және толық жойылу қаупіне алып келді.

 

0 пікір
Мұрағат