Қытай – әлемдік экономиканың драйвері ме?
Қытай – әлемдік экономиканың драйвері ме?
3 жыл бұрын 2062

«Әлемдік фабрика» атанған ҚХР бүгінде жаһандық экономика драйверлерінің біріне айналды. Екінші жаһандық интеграциялық кезеңнің таңғажайып нәтижелерінің бірі – көптеген батыс сарапшылары «артта қалған» және «жабық» үшінші әлем елі санап келген Қытай экономикасының тез дәуірлеуі еді. Бұл жайында newsroom.kz ақпарат көзінің сараптамалық материалынан біле аласыздар.

Қытай қысқа мерзім ішінде кеңестік үлгідегі жоспарлы экономикадан аралас типтегі тиімді нарықтық модельге салыстырмалы түрде ауыртпалықсыз көшуді қалай жүзеге асырды деген сұрақ жан-жақты талдауға лайық мәселе.

Әлемдік тәжірибеде 40 жыл ішінде экономикасы теріс нәтиже көрсетпеген және құлдыраусыз жылына орташа өлшемді 9,5% қарқынмен дамыған Қытайдан өзге бірде-бір үлгі боларлық ел жоқ. 1978 жылы реформа мен ашықтық саясатының бастапқы кезеңінде ҚХР экономикасының көлемі шамамен 368 млрд юань болды. Ал 2021 жылы ҚХР-дың ЖІӨ-і 276 есе өсіп, 101,6 трлн юань немесе шамамен 15,7 трлн долларға жетті. Осылайша жалпы әлемдік көлемдегі үлесі 1978 жылғы 1,8%-дан 2020 жылы 17%-ға дейін өскен Қытай әлемнің екінші ірі экономикасы мәртебесіне ие болды. Әлем бойынша Қытайдың алдында тек АҚШ қана тұр.

Қытай экономикасының таңғаларлық жылдамдықпен өсуі турасында шетелдік сарапшылар әртүрлі пікір айтады. Сарапшылардың басым бөлігінің пікірі қытай билігінің сырттан қарыз алмай, өздері жасаған реформаны сәтті жүзеге асыруы дегенге келіп саяды. Шетелдік сарапшылардың ҚХР экономикасы «қатты құлдырауы» ықтимал және оның өсу қарқыны төмендейді, қытайлық «экономикалық ғажайып» аяқталады деген болжамдары қате болып шықты.

Қытай экономикасы қаржылық-экономикалық дағдарыс кезеңінде де қарқынды дамуын жалғастырды. Пандемияға қарамастан, 2020 жылы күрт экономикалық құлдыраудан кейін Қытай тез қалпына келе бастады және экономикасының өміршеңдігін тағы бір рет дәлелдеген, дағдарыс кезінде өсуді (+2,3%) көрсеткен жалғыз ел болды. 2021 жылы ҚХР ЖІӨ өсімі 6%-дан астам деңгейде қалпына келеді деп күтуде. Геосаяси бәсекелестік пен сауда соғыстарының шиеленісуі жаһандық экономикалық кеңістіктің ыдырауына әсер етеді. Өзінің дамуындағы сыртқы факторлар рөлінің төмендеуіне қарамастан, Қытай жаһандану процесінен қалыс қалмай отыр. Бұл «Бір белдеу, бір жол» бастамасында айқын көрінеді.

Қытайдағы ашықтық пен пен өз күшіне сүйену арасындағы байланысты диалектикалық түрде былай түсіндіруге болады: ашықтықтың арқасында өз күшіне сүйену қабілетін нығайтады және өз күшіне сүйене отырып, экономиканы одан ары дамытады.

Қазіргі уақытта ҚХР-ның экономикалық құрылымын қайта теңестіру, экспорт пен инвестицияға тәуелділікті азайту, сондай-ақ ішкі тұтыну мен қызмет көрсету саласын кеңейту арқылы Қытайдың экономикалық дамуының негізгі бағыты өзгеріп жатыр.

Қытай өнеркәсіптік өндірістің белгілі бір сегменттерінде Батысқа технологиялық тәуелділікті жоюды көздейді. Бұл ел қазір бүкіл дамушы әлемнің урбандалу, индустрияландыру және ғылыми-техникалық прогресс процестерін басқарып отыр. ҚХР өнеркәсіп өнімінің ірі өндірушісі атанды, 2010 жылдардың ортасында әлемдік цемент өндірісінің 60%-ы, болаттың 50% -ы, алюминийдің 55%-ы, мырыш пен қорғасынның 40%-дан астамы, автомобильдердің 27%-ы Қытайға тиесілі болды.

Қытайдың инновациялық салалардағы, ғылыми-техникалық прогрестің негізгі бағыттарындағы позициясының нығаюы өндірілетін ЖІӨ-де ғылымды қажетсінетін сектор үлесінің өзгеруін айқын көрсетеді. Бүгінгі таңда ҚХР-дың жоғары технологиялық секторының үлесі 35%-дан асады (АҚШ-та-38%). Соңғы онжылдықта қуатты серпіліс жасаған Қытай 2008 жылы жоғары технологиялық өнімдердің әлемдік өндірісіндегі үлесі бойынша Жапониядан, 2012 жылы ЕО-дан асып түсіп, АҚШ-қа жақындады. Ол ғылымды қажетсінетін сектор өнімінің әлемдік экспортында жетекші орынға ие (24%).

2001 жылы ДСҰ-ға кіргеннен кейін ҚХР-ның экспорттық секторы жылдам дамыды: 2009 жылдың өзінде ҚХР тауар экспорты көлемі бойынша 1-орынға шықты және сол орынды нық сақтап қалды. Қазіргі уақытта Қытай көптеген тауар нарықтарының жағдайын, шикізат өнімдеріне сұранысты және тұтастай алғанда әлемдік экономиканың даму тұрақтылығын анықтап отыр.

Бүгінде Қытай ірі халықаралық инвесторға айналды. ҚХР АҚШ және Жапониямен қатар әлемдегі ең ірі инвесторлардың үштігіне кіреді. Қытай инвесторлары таңдамалы тәсілді ұстанып, капиталдың қауіпсіздігі мен өзара тиімділік негізінде олардың тиімді инвестициялануына кепілдік беретін елдерге барады.

ҚХР-ның іскерлік серіктестері үшін ауқымды бірлескен жобаларды жүзеге асыру кезінде жаңа жұмыс орындарын құру ерекше маңызға ие. Өткен 40 жыл ішінде жан басына шаққандағы ЖІӨ-ді 50 еседен астам ұлғайта отырып, Қытай табыс деңгейі орташа елдер санатына енді. БҰҰ-ның қазіргі қолданыстағы стандарты бойынша 700 миллионнан астам қытайлық кедейлік қамытынан босаған – бұл бүкіл әлемдегі кедейлердің жалпы санының 70%-дан астамы болатын. ҚХР қазір 400 миллион орта тап өкілі бар жаһандық өлшемдегі ең ірі және төлем қабілеті жоғары нарыққа айналды.

Сыртқы нарықтағы сұраныстың тоқырауына байланысты Қытайдың экспорттық бағдары өз перспективасын жоғалтты, бұл экономикалық стратегияның ауырлық орталығын ішкі тұтынуға ауыстыруды алдын ала анықтап берді. Мәселен, тауар экспортының ЖІӨ-ге қатынасы 2008 жылы 32% болды, ал 2019 жылы бұл көрсеткіш 17%-ға дейін төмендеді. Бір жарым миллиард халқы бар Қытайдың ішкі нарығы кеңейіп жатыр және көптеген шетелдік корпорациялар «Қытайда Қытай үшін жаса» ұранын қолдана отырып, іс жүзінде қытай бизнесінің бір бөлігіне айнала бастады.

Бүгінгі Қытайдың беталысы қалай? тарихи қысқа мерзім ішінде ел экономикалық және өзге де реформалар кешенін жүзеге асыра отырып, қол жеткізген жетістіктерді арттыруды көздейді.

ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин XXI ғасырдың Жібек Жолы идеясын алға тартып, 2035 жылға қарай қытай ұлтын Социалистік жаңғырту мен қайта өркендетудің бірінші кезеңін аяқтау, ал 2049 жылға қарай ҚХР-ның 100 жылдық мерейтойында қазіргі заманғы қуатты социалистік державаға айналдыру жөнінде ауқымды міндет қойды. Осылайша, 30 жыл ішінде Қазақстанның шығыс шекарасында ірі серпінді экономика өсті, ал кейбір сараптамалық болжамдар бойынша 2028 жылға қарай Қытай ғаламшардағы нөмірі бірінші экономикаға айналады.

Технологиялық, қаржылық және индустриялық қуат тұрғысынан ҚХР-ның толыққанды күш орталығына айналуы Қытаймен көршілес елдердің іскер топтарының экономикалық жобаларын іске асыру алаңын айтарлықтай кеңейтеді. Сонымен қатар, ҚХР-дың индустриалды капиталы шетелде экономиканың жаңа бағыттарын белсенді іздейтін болады.

Бұл ретте қаражаттың негізгі бөлігі тікелей инвестициялар, несиелер, жеңілдікті қарыздар, екіжақты негізде гранттар арқылы бөлінетін болады. Бейжің де Азия Даму Банкі және Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкі арқылы қаражат ұсынуды ұлғайтуға ниетті.

Бір қызығы, қытай бизнес-жобаларды жүзеге асыруда және инвестициялар ұсынуда оларды қандай да бір саяси жағдайлармен байланыстырмайды. Бұл бағытта Бейжің ішкі істерге араласпау және мемлекеттік құрылым үлгісін мәжбүрлемеу саясатын ұстанып келеді. Әрине, борышқорлық тұзаққа түсіп қалу  мүмкіндігіне мән бермеуге болмайды, бұл өзге ірі ойыншыларға – инвестициялар мен несие көздеріне қатысты өзекті мәселе.

ҚХР-дың экономикалық моделі энергия ресурстардың үлкен көлемін пайдалануға негізделген. Ал Орталық Азия елдері энергия ресурстарына бай. Қытай импортындағы Қазақстан, Түркіменстан және Өзбекстанның энергия ресурстарының үлесі 3,4%. Орталық Азиядан жеткізілімдер Қытайдың мырыш импортының 21%-ын, қорғасынның 20,9%-ын, бейорганикалық химия өнімдерінің 10%-ын алады. Қытайдың ішкі тұтыну сұранысын кеңейтуге арналған мөлшерлемесі бүкіл Орталық Азия экономикасының қарқынды дамуына мүмкіндік береді, өйткені географиялық жағынан жақын орналасқан елдер үшін ҚХР-ға экспортты ұлғайту мүмкіндіктері ашылуда.

Осыған байланысты шикізаттық сипатын жеңу үшін ҚХР-ға тауарлар жеткізілімін әртараптандыру проблемасы өзекті. Қазақстан үшін Қытайға ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттаудың келешегі зор болмақ.

Тұтастай алғанда, қарқынды дамып келе жатқан, орасан зор индустриялық және инвестициялық мүмкіндіктері мен ауқымды тұтыну нарығы бар Қытаймен көршілес болуы орнықты әлеуметтік-экономикалық даму және Қазақстан мен Орталық Азияның басқа да елдерінің транзиттік әлеуетін тиімді пайдалану үшін қолайлы мүмкіндіктер жасайды. 

Болат НҰРҒАЛИЕВ - Қазақстан Республикасы СІМ жанындағы «Сыртқы саяси зерттеулер институты» АҚ Басқарма төрағасы

0 пікір
Мұрағат