|
Қырғызстанда «суррогаттық туризмге» тыйым салынуы мүмкін
|
Қырғызстанның жоғарғы кеңесінде (Жогорку Кенеш) шетелдіктерге республика аумағында суррогат аналардың қызметін пайдалануға заң жүзінде тыйым салу туралы ұсыныс айтылды. Бұл жайында islam.kz порталы өз кезегінде Akipress ақпарат көзіне жөн сілтеген inbusiness.kz сайтына сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Тиісті заң жобасы қоғамдық талқылауға шығарылды. Бастама авторлары - парламент спикерінің орынбасары Болат Ибрагимов пен депутат Шыңғыс Әжібаев өзгерістер әйелдер мен балалардың құқықтары мен денсаулығын қорғау, суррогат ана болуды коммерцияландыруды болдырмау және осы қызметті Қырғызстан азаматтарының пайдалануы үшін құқықтық негіздер құру үшін қажет, деп есептейді. Түсіндірме жазбада қолданыстағы заңнамада шетелдіктердің қырғыз суррогат аналарына жүгінуіне тыйым салынбағаны, заң жобасы авторларының пікірінше, бұл жайт әйелдер мен балалардың құқықтарына қауіп төндіретіні атап өтілген. Бұл ретте суррогат ана бойынша нақты статистика жоқ, өйткені, бұл саладағы қызмет құпия сипатқа ие. Құжатта басқа елдердің тәжірибесі келтірілген: Ресейде 2022 жылдан бастап суррогат аналар қызметін ел азаматтары ғана пайдалана алады, ал Қазақстанда осындай шектеу 2026 жылдың шілде айында қолданысқа енді. Ұсынылып отырған нормаға сәйкес Қырғызстанда суррогат ана болу туралы шарт тек КР азаматтарына ғана тиесілі болады. Бұл ретте шетелдік азаматпен ресми некеде тұрған Қырғызстан азаматы осынау қызметті пайдалана алады. Қырғызстанда суррогат ана қызметіне жүгіну 2005 жылдан бері бар.