Қаржы институттары криптовалютаны енгізуге әзірленіп жатыр
|

Elliptic компаниясының жақында жүргізген зерттеу нәтижесіне сәйкес қаржы институттарының 75%-ы алдағы 2 жылда бәсекелестерінен ұтылмасы үшін цифрлық активтер саласындағы қызметін жандандыруға бел буып отыр. Сарапшылардың пікірінше, бұл ұрдіс қаржы институттары арасында криптовалюталарға және басқа да цифрлық активтерге деген қызығушылықтың артып келе жатқанын көрсетеді. Бұл жайында islam.kz порталы cryptonews.net ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Бұл тараптағы сауалнамаға 218 қаржы мекемесінің басшылары қатысқан. Респонденттердің шамамен 49%-ы соңғы жылдары цифрлы активке назар аудара бастағанын жеткізген. Сондай-ақ, зерттеу дерегінше, қаржы институттарының 44%-ы блокчейн компанияларына банк шоттарын беруге дайын екенін, ал 21%-ы қазірдің өзінде осы салада белсенді жұмыс істеп жатқанын жеткізген. Бұдан басқа, сауалнамаға қатысқандардың 77%-ы өз мүмкіндіктерін кеңейту үшін криптовалюта қызметтерімен серіктес болудың маңыздылығын мойындаған. Негізгі уәждері: жаңа табыс көздерін ашу, клиенттердің сұранысын қанағаттандыру, инновациялық өнімдер мен қызметтерді дамыту. Олардың шамамен 27%- ы алдағы 12 айда өздерінің цифрлық активтерінің мүмкіндіктерін кеңейтуді жоспарлап отыр, тағы 60%-ы криптовалюта бағдарламаларын жеделдету арқылы клиенттерді көбірек тартуды жоспарлап отыр. Сайып келгенде, 55%-ы инновациялық ұйым ретіндегі беделін нығайтады, деп есептейді. Ең бастысы, мемлекет тарапынан кепілдік ретінде алға шығатын қадамдар жасалуда: криптовалюта бойынша реттеу тетіктері енгізіліп жатыр. Соның ішінде арнайы нормативті-құқықтық актілер қабылданануда. Мұның өзі қаржы институттарының цифрлы активке қатысты сенімін нығайтып, позициясын айқындап беруде.




