Мысырда мәһрге алтын сұрайды
Мысырда мәһрге алтын сұрайды
5 ай бұрын 529 24.kz

Әлемде де алтын қымбаттап жатыр. Бұл туралы 24.kz ақпарат көзі хабарлады 

Троя унциясының құны 2 мың 130 доллардан асқан. Иә, алтынның бағасы кейінгі 3 жылдағы жоғары көрсеткішке жеткен. Сарапшылар бұған АҚШ долларына деген сұраныстың азаюы, әлемде дағдарыстың тереңдеуі және стагфляция себеп дейді.

Стагфляция - экономиканың құлдырауы және инфляцияның күшеюі.

Мысырда алтынға сұраныс азайды. Өйткені, бағасы удай. 120 пайызға дейін қымбаттаған. Бұл елде тұрмысқа шыққан қыздар мәһірға әдетте алтын сұрайтын. Енді күміске сұраныс арта бастаған. Алтынның қымбаттауына 2 себеп бар. Біріншіден, елдегі инфляция 30 пайызға артқан. Екіншіден, Орталық банк ұлттық валютаны АҚШ долларына қатысты 50 пайызға дейін құнсыздандырды. Мысырда тұратын 105 миллион халықтың 60 пайызы кедейшілік қамытын киген.

Хани Уасиф, зергерлік бұйым сатушы: - Кейінгі кездері қыз-келіншектер алтынды аз ала бастады. Оның орнына, неке сыйлығы ретінде күміс бұйымдарға сұраныс артып отыр. Әсіресе, қалыңдық платинамен өрнектелген күміс бұйымдарға үйір. Мұның себебі - платина ақ алтынға ұқсайды.

Алтынға сұраныс жоғары

Алтын бағасы Қытайда да көтерілген. Қазір оның 1 граммы 600 юань тұрады. Бұл шамамен 87 доллар. Яғни, былтырғыға қарағанда баға 20 пайызға көтерілген. Бірақ, бұл елдегі бір ерекшелік - алтын қымбаттаса да, сұраныс төмендемей, керісінше артқан. Шанхайдағы бір компания кейінгі 9 айдың ішінде 474 алтын сататын жаңа дүкен ашқан. Сондай-ақ, алтын қазір тауар ретінде ғана емес, инвестициялық валюта ретінде де көп сатылады. 

Чен Менги, алтын сатушы: - Бұрын алтын бұйымдарын көбіне 40 пен 50 жас аралығындағы әйелдер алатын. Қазір бұл үрдіс түбегейлі өзгерген. Алтынды 20-30 жастағы қыз-келіншектер көп алады.

Компьютерден алтын алуға болады

Алтынға құмар емес адам бар ма? Швейцариялық ғалымдар бағалы затты оңай жолмен табудың әдісін ұсынды. Олар алтынды электрон қоқыстан алуға болатынын көрсетті. Қысқа уақытта белсенділер компьютерге арналған 20 ескі жүйелік тақтадан жалпы салмағы 450 миллиграм алған. Олар бұл іске 1 доллар салып, табысты 50 есе көбейтуге болады дейді. Жалпы әлемде жыл сайын 2756 тоннадан 3307 тоннаға дейін алтын өндіріледі. Оның 30 пайызы Оңтүстік Африканың кен орындарына тиесілі. Мамандар алтынның унциясы алдағы 12-18 айда 3 мың долларға дейін жетуі мүмкін деп ескертті.

 

0 пікір
Мұрағат