|
Малайзия осымен 14-ші жыл қатарынан ислам қаржысы бойынша көш бастап келеді
|
Ислам қаржысының даму индикаторы (IFDI – Islamic finance development indicator) бойынша Малайзия осымен 14-ші жыл қатарынан жаһандық ислам қаржысында көшбасшылығын сақтап қалды. Бұл жайында islam.kz порталы Вernama Вiz ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Ислам қаржысы рейтингісінің ұшар басынан көрінген оңтүстік-шығыс Азиядағы мұсылмман елі 139 елдің алдында тұр. Өткен жылы ислам қаржысының нарығы аталған елде 2,7 трлн ринггитке (малайлардың төл ақшасы, яғни, ұлттық валютасы – ред.) жеткен, яғни, ел капиталының шамамен 64 пайызын құрап отыр. Осылайша ислам қаржысы ұлттық қаржы жүйесінің негізгі элементіне айналған. Осы орайда бүгінде ислами қаржы нарығындағы айналым 6,5 трлн долларға жеткенін айта кету керек. Ислам қаржысының рейтингісінде алғашқы бестік құрамындағы елдер: Малайзия, Сауд Арабиясы, Біріккен Араб Әмірлігі, Индонезия және Пәкістан. Ал Түркия алтыншы орынға табан тіреген. Дегенмен, өткен жылы ислам қаржысының мөлшері бойынша Иран бірінші орыннан көрінген еді – 2,19 трлн доллар, одан кейінгі орынға Саудия жайғасқан – 1,47 трлн доллар. Ал Малайзия үшінші орынға иек артқан – 862 млрд доллар.