КАСПИЙ ТАРТЫЛЫП БАРАДЫ
КАСПИЙ ТАРТЫЛЫП БАРАДЫ
4 ай бұрын 509 24.kz Асланбек Шығыр, Айбек Байзақов, Жандос Рахметуллин

Табиғат жанашырлары осылай деп дабыл қағуда. Бұл туралы Хабар24 ақпарат көзі мәлім етті.

Соңғы 10 жылда теңіздің солтүстік бөлігі 10 шақырымға дейін шегінген. Теңіз табанында қалған шаң-тозаңнан да келетін зиян көп. Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында 2040 жылға қарай Қазақстандағы су тапшылығы 12-15 миллиард текше метрге дейін жетуі мүмкін екенін айтты.   Сондықтан жан-жақты ойластырылған су саясатын жүргізу мен трансшекаралық су көздерін пайдалану мәселесін шешуді Үкіметке тапсырған болатын. Каспий теңізінің солтүстік бөлігі Атырау аймағында жатыр. Соңғы 10 жылда теңіз 10 шақырымға тартылып кетті. Бұл мәселе әлем экологтарының да назарын аударып отыр.

«Тартылған теңіз табанындағы шаң-тозаң жел тұрса, іргесіндегі елді мекенді басады. Тұрғындардың денсаулығына да зиянын тигізіп жатыр», -дейді экологтар.

Жәукен Көшенов, белсенді: - Қазір мән бермесек, бұл Каспий құриды. Оның үстіне Каспийдің жағасында отырған Атырау, Маңғыстау облыстарында жағдай мүшкіл болады. Екінші жағынан, адамдардың денсаулығына зиян келтіреді. Себебі, су тартылған соң ол батпақ болып қалады, шаңға айналады, оынң бәрі адамға зиян. Қазір Каспий теңізіне құятын Жайық пен Қиғаш өзендерін түбін тереңдету жұмыстары жүріп жатыр. Бірақ, 5 жылға арналған жоба бұл мәселені толық шешпейді. Себебі, теңіз жылдан жылға тартылып барады. Тереңдету жұмыстарымен айналысатын мекеме қос өзеннің теңізге құяр жерін жобадан асып қаза алмаймыз, - дейді.

Дидар Әліпов, "Павлодар өзен порты" АҚ жоба жетекшісі: - Жыл сайын теңіз кетіп жатыр. Мысалы, бұрын бізде 2018-де жұмыс бастағанда теңізқасымызда болды. Біз жоба бойынша каналдарды теңізге шығаратын едік. Ал соңғы бес жылда қашыққа кетіп бара жатыр. Бір жерде 10 километрге дейін кетті. Сондықтан қазып жатқан жеріміз теңізге тақамай келе жатыр. Сол жағын қарастыру керек.

Қазақстан Халық партиясының облыстық филиалы жуырда Каспийді зерттеп жүрген ғалымдар мен экологтардың басын қосып жиын өткізді. 20-ғасырдың орта кезінде де теңіз бірнеше шақырымға тартылып кеткен. Бірақ, 90-шы жылдары су деңгейі қайта көтерілді. Дегенмен, соңғы жылдардағы көрсеткіш көңіл көншітпейді. Теңіз тартылғаннан кейін 15 мың тонна жүк қабылдауға қауқарлы өзен порты 3 жылдан бері пайдаға аспай тұр. Теңізден Жайық өзеніне өтер тұс әбден таязданған.

Балжан Досмұхамбетова, Қазақстан Халық партиясы облыстық филиалының төрағасы: - Қазір біз сарапшылармен, ғалымдармен шешу жолын іздеп жатырмыз. Министрлік жанынан ғылыми-зерттеу институты құрылатынын естідік. Енді Үкімет жедел шешім қабылдауы керек. Каспий теңізі Аралдың күйін кешпеуі қажет. Арал теңізінің де тағдыры алаңдатады.

Қазір елімізде жаңа Су Кодексі әзірленіп жатыр. Жаңа Заң су саясатын тиімді жүргізіп, су тапшылығы мәселесін оң шешуге ықпал етпек. Жиында зерттеушілер жаңа Кодекске су қауіпсіздігі мен әр тұрғынның ауыз суға қолжетімділігін қамтамасыз ету секілді тармақты енгізу керегін де айттЫ.

Асланбек Шығыр, тілші: - Теңіздің тартылуы, Жайық өзені деңгейінің төмендеуі – балықшылар үшін де оңай соқпай тұр. Себебі Жайық бойымен барған кемелер теңізге өте алмайды. Қазір ондағы тереңдік жарты метрге де жетпейді. «Бұл мәселе дереу шешімін таппаса, теңіздің бай экожүйесі апатқа ұшырайтыны белгілі. Аралдың тағдырын қайталамас үшін мәселені дереу шешу керек», - дейді ғалымдар.

Авторлары: Асланбек Шығыр, Айбек Байзақов, Жандос Рахметуллин
Дерек көзі: Site Logo

0 пікір
Мұрағат