|
Жұмысшы күшіне түскен салмақтан өлім-жітім көбейіп барады
|
Халықаралық еңбек ұйымының таяудағы зерттеу нәтижесіне сәйкес жыл сайын ауыр жұмыстан, соның ішінде жұмыс кестесінің немесе уақытының ұзақтығынан, ауыр еңбектен, жұмыс орнындағы зорлық-зомбылықтан, жұмыстағы өндірістік жарақат пен жазатайым оқиғалардан, жұмыспен байланысты тағы басқа факторлардан 840 000-нан аса адам денсаулығын құртқаннан бақилық болады. Бұл жайында islam.kz порталы аталмыш ұйымның деректеріне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Жұмысты артығымен істеу, жұмыс уақытынан тыс та жұмыс істеу өз кезегінде күйзеліс пен қатерлі ісік, жүрек-қан тамыр аурулары секілді созылмалы ауруларға себеп болып отыр. Бұдан бөлек, өндірістік жарақаттан және жазатайым оқиғалардан кемтар болып қалғандары қаншама. Осының кесірінен еңбек өнімділігі төмендеп, жұмыс экономикалық жағынан жағымсыз факторға айналған. Адам жұмысқа ең дені сау, күші бойына сыймай тұрған кезінде араласады. Сау жылдарын жұмысқа құрбан етеді. Тіпті, барлық жағдайы жасалған Еуропа елдерінің өзінде жұмысқа байланысты пайда болған күйзеліске жылына 100 млрд еуро кетеді. Жұмыс берушілер осы шығынның 80%-дан астамын тартады.