|
Жасанды зерде жұмыстан қуылған қызметкерлерді алмастыра алмады
|
Компаниялардың көбісі жасанды зерденің мүмкіндіктеріне күмәнмен қарай бастады. Жалақыдан үнемдеу үшін АІ технолгиясына сенім артып, қызметкерлерін жұмыстан босатқан компаниялар бұрынғы қызметкерлерін кері шақырып алуда. Бұл жайында islam.kz порталы CNBC ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Мәселен, әлемге әйгілі Ford компаниясы автоматтандырылған жүйелердің қолынан келмеген сапа мәселесін шешу үшін тағы да жүздеген тәжірибелі инженерлерді жалдауға тура келгенін мәлімдеді. Commonwealth Bank of Australia және IBM бағдарламалық жасақтама саласының алыптары да жұмыстан қысқартылған қызметкерлерін қайта жұмысқа алған. Өткен жылы банк клиенттерді қолдау қызметінің 40-тан астам қызметкерін жұмыстан шығарып, оларды жасанды интеллект негізінде дауыстық ботпен алмастырды. Алайда, АІ жүйесі өзіне тапсырылған істі ойдағыдай атқара алмағандықтан аталмыш қаржы ұйымын кадр саясатын қайта қарауға итермеледі. Австралияның қаржы секторы қызметкерлерінің кәсіподағы мұндай үрдісті адамдардың жеңісіне балап отыр. Өз кезегінде IBM қызметкерлерді басқару функциясын жасанды зердеге тапсырғанымен АІ технологиясы дағдылы сұраныстардың 94 пайызын өңдей алған, алайда, этикалық дилеммаларды қоса алғанда қалған алты пайызды еңсере алмады. Orgvue есебінде келтірілген дерекке сәйкес кәсіпорын басшыларының 39 пайызыАІ енгізуге байланысты қызметкерлер штатын қысқартқан. Алайда, олардың 55 пайызы қателік жібергенін артынан мойындады. Осы орайда OpenAI бас директоры Сэм Альтманның жасанды зерденің қарқынды дамуы мен кеңінен енгізілуі жұмыс орындарының жаппай қысқаруына алып келмейтінін мәлімдегенін айта кетпекпіз.