|
Жаңа супербактерия бірер жылда ондаған млн адамның ажалына себеп болуы мүмкін
|
Бактериялар антибиотикке төзімді болған сайын жаһандық экономика мен медицинадағы дағдарыс та күшейе бермек. Бұл жайында islam.kz порталы Euronews ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Алдағы он жылда бактериялардың дәрі-дәрмекке бой бермеуі адамзатқа төнетін қауіп-қатердің ең зорына айналады. “Супербактерия”ширек ғасырға жетпейтін уақытта, яғни, 2050 жылға дейін 39 млн-ға тарта адамның өмірін жалмауы мүмкін. Француздардың Shionogi фармацевтикалық компаниясының өкілі Естел Фруш супербактериялардың шапшаң таралуын жоққа шығармайды. Ал бұл жайт оларға қарсы екпе әзірлеуге үлгертпейді. Бактериялардың антибиотикке төзімділік танытуына антибиотиктердің оңды-солды қолданылуы себеп болып отыр. Аурулар мен инфекциялық, яғни, жұқпалы індеттердің алдын алу және бақылайтын еуропалық орталық келтірген дерекке қарағанда, жыл сайын Еуропалы одақ аумағында шамамен 35 мың адам көз жұмады. Ал күллі әлем бойынша бұл көрсеткіш жылына 1,3 млн адамға жуықтайды. Экономикалық шығын қосымша қиындық әкеледі. Емдеу мерзiмдерiнiң ұлғаюы, инфекциялық аурудан зардап шегетін науқастар қарасының көбеюі және пациенттердiң еңбекке қабiлеттiлiгiнiң төмендеуi денсаулық сақтау жүйесiне де, әлемдiк экономикаға да елеулi салмақ салатын болады. The Lancet ғылыми мерзімді басылымында жарияланған зерттеу нәтижесіне сәйкес осы ғасырдың орта шенінде инфекциялармен күресуге жұмсалатын жаһандық шығындар жыл сайын жүздеген миллиард доллардан асуы мүмкін. Бұл ретте әлемдік экономика еңбек өнімділігінің құлдырауынан және жалпы ішкі өнімнің өсу қарқынының төмендеуінен жүздеген млрд доллар шығынға батуы мүмкін. Өсіп келе жатқан қауіп-қатерге қарамастан, көптеген фармацевтикалық компаниялар антибиотиктерді әзірлеуге инвестицияны қысқартуда. Бұған осы тараптағы зерттеу жұмыстарының жоғары құны, әзірлеудің ұзақ мерзімі және осындай дәрі-дәрмектің өзін-өзі ақтауының төмен болуы себеп болып отыр. Жаңа антибиотикті әзірлеуге 15 жыл кетуі мүмкін және шамамен миллиард еуро инвестицияны талап етеді, бұл ретте жобалардың көпшілігі сәтсіздікпен аяқталады.