|
Дрон өз-өзін қорғайтын технологияға көшеді
|
Израилдің Rafael Advanced Defense Systems қорғаныс компаниясы Финляндия астанасында таяуда өткен AOC Electronic Warfare іс-шарасында ұшқышсыз ұшатын аппараттарды қорғауға арналған STORM SHIELD электронды күрес жүйесін жұртшылық назарына ұсынды. Бұл жайында islam.kz порталы techno-news.net ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Жатық тілмен айтқанда, дрон өзімен бірге алып жүретін “қалқан” жау күштерінің өзін тауып алу, нысанаға алу қаупін болдырмайды. Дронды қорғау үшін оператордыңм көмегі қажет болмайды - бірегей жүйе жаудың сигналын анықтап, дереу тосқауыл қоя алады. Мұндай айрықша жүйемен дрон барлық жағынан қорғалады. Қайда ұшса да. Бір мезгілде сигналды қабылдай алатын әрі жібере алатын, сондай-ақ, сигналды қабылдау әрі жіберу үшін антеннасын айналдыру немесе белгілі бір бағытқа бұру қажеттілігі болмайтын дрон қауіп төнген жағдайда айлалы тәсілді қолданады: ерекше жүйе радар жіберген сигналды жадысында сақтай алады және сигналды бұрмалап радардың өзіне кері қайтарады немесе шағылыстырады. Ал жаудың радары “дұрыс емес” жауап алып, нысананың қайда екенін анықтаудан қалады немесе мүлдем таппай қалады. Бұрын дрондар қорғансыз болатын. Өйткені, шағын дрондар өз-өзін қорғауға арналған ауыр аппараттарды өзімен бірге алып жүре алмайтын. Енді ықшам келетін барлаушы және соққы беруші дрондар қауіпті аймақты еркін ұша алатын болады. Бұл технология замануи соғыстағы дронның маңыздылығын одан ары арттыра түсетін болады. Бүгінде дрондар GPS навигациянсыз бағытын тауып ұша береді. Навигацияның өзі жау күштерінің назарына тез түсетін сигнал ретінде қабылданатындықтан дронның навигациясыз ұшуының өзі орасан зор жетістік. Дрондар дербес ұша алады. Операторсыз. Арнайы басқару құралдарынсыз. Осылайша мұндай технология ұрыс даласында тиімді болғанымен мемлекет қауіпсіздігіне де қатерлі: дронды байқау қиын (барлауда), ең бастысы -соғыс технологиясы арзанға түсіп, жеңілдікк әкелген сайын соғұрлым оның қатері арта бермек.