Жаһан жаңалықтар: Мұсылман әйелін шариғат шәлісін шешуге мәжбүрледі
Жаһан жаңалықтар: Мұсылман әйелін шариғат шәлісін шешуге мәжбүрледі
10 жыл бұрын 3796

Түріктің саясаткер мұсылман әйелі француз әуежайын сотқа бермекші. Әуежайда басындағы шариғат шәлісін шешуге мәжбүрлегені үшін. «Мен Еуропада тұрып келе жатқаныма 31 жыл болды. Түрлі кемсітушілікке ұшырасам да, мұндай қорлыққа бірінші рет көруім»,- деді Брюсселдегі Түркияның әділет және даму партиясының өкілі Әсия Білгін Anadolu Agency ақпарат көзінің тілшісіне берген сұхбатында. Бастапқыда әуежай қызметкері одан басындағы шариғат шәлісін шешуді талап еткен екен, мұсылман әйелі бұл талапты орындаудан бас тартады. Әуежай қызметкері оған дауыс көтерген соң мұсылман әйелі жеке бөлмеде ғана тек әйел адамның алдында ғана шариғат шәлісін шешетінін айтады. Алайда, оның бұл өтінішіне құлақ аспаған әуежай қызметкерлері мәжбүрлеп шештірген.

 

 

Африкалық футболшы жігіт исламды қабылдағысы келеді

Қазіргі уақытта Түркияның «Конияспор» футбол клубында ойын өрнегін көрсетіп жүрген Май Маһлангу (May Mahlangu) есімді 25 жастағы оңтүстік африкалық жігіт исламды қабылдағысы келеді. Оның айтуынша, әкесі мұсылман да, шешесі христиан екен. «Мен әкеммен  бірге мешітке барсам, шешеммен бірге шіркеуге бас сұғатынбыз. Менің төңірегімде екі діннің өкілдері көп болды. Солардың ортасында өстім»,- деді ағынан ақтарылған жігіт. «Түркияға келгеннен кейін мұсылмандармен жиі араласа бастадым. Мұнда мұсылман достарым көп, өзім де мұсылман болуды ойлап жүрмін»,- деді артынша.

 

Мұсылман университетінің ботанигі «2014 жылдың жас ғалымы» атағын жеңіп алды

Үндістанның Уттар-Прадеш штатына қарасты Алигарха қаласындағы мұсылман университетінің ботаника кафедрасының аға ғылыми қызметкері Икбал Ража Хан (Iqbal Raja Khan) Калькутта шаһарының қоршаған ортаны ғылыми-зерттеу институты тағайындаған «Жылдың жас ғалымы» сыйлығын қанжығасына байлады. Оған бұл жүлде өсімдіктердің физиологиясы мен биохимиясын дамытуға және қоршаған орта жөніндегі өзге де ғылымға қосқан үлесі үшін берілді. Ол ауыр металдар мен тұздың және жылудың кері әсеріне байланысты мәдени өсімдіктердің бойында түзілетін метаболизді зерделеумен айналысқан болатын. Сондай-ақ, өсімдіктердің өсуі мен дамуын реттеудегі этилен мен салицилік қышқылдың рөлін анықтаумен шұғылданған еді. Жас ғалымның халықаралық және ұлттық деңгейде жарық көретін ғылыми басылымдарда шамамен 27 мақаласы жарияланған болатын. 

 

БҰҰ Қытайды сынға алды

Біріккен Ұлттар Ұйымының құқық қорғаушылары Қытай билігін Синьцзяндағы мұсылман ұйғырларға қатысты ұстанып отырған, қуғын мен сүргінге құрылған, адам құқығын аяқ асты ететін қатал саясатын қатаң сынға алды. БҰҰ-ның діни және наным-сенім бостандығы жөніндегі арнайы баяндамашасы  Хайнер Билефельд (HeinerBielefeld) билік тарапынан осы елдегі азшылықты құрайтын ұйғыр мұсылмандарына көрсетіп отырған қылмысқа бара-бар қысымын күшейтіп келе жатқанына алаңдаушылық білдірді. Қытай Халық Республикасының сыртқы істер министрлігінің өкілі Хун Лэй оның бұл сөзін теріске шығарды.


ЕО парламенті Иракта этникалық және діни азшылықты құрайтындар үшін қауіпсіздік аймағын құру қарарын қабылдады

Еуродақ парламенті аалдыңғы күні, яғни, бейсенбіде Шам жеріндегі ИСИМ содырларынан жәбір көріп отырған этникалық  және діни азшылықты құрайтындар үшін қауіпсіздік аймағын құру туралы қарар қабылдады. Аталмыш аймақты ассириялықтар, халдейлер, йезидтер және өзге де азшылықты құрайтындар мекендейтін Ниневи жазығында құруды ұсынды.

 

Халал фестивалі өтті

Үстіміздегі жылдың наурыз айының 9-ы күні Катар астанасында халықаралық деңгейде VI-шы халал фестивалі өтті. Бұл жолы осынау айтулы шараға өткен жылғыға қарағанда арнайы келгендер қарасы 1,5 есе көп болған. Халал мерекесін өткізуге ұйыымдастырушылар табаны күректей төрт ай дайындалыпты. 10 күнге созылатын шараға қатысқысы келетін меймандар үшін көрме алаңы 24 000 шаршы метрге дейін кеңейтілді. Қосымша қызмет көрсету түрлері енгізілді, айталық, WiFi-ды  тегін паййдалану, т.б.  Бір қызығы, осы шара аясында түйе, ешкі және қой  арасында «Сұлулық байқауы» өтті: бәссаудада асыл тұқымды малды сатып алуға жағдай жасалды. Сондайй-ақ, меймандар қолөнер бұйымдарын да  сатып алу  мүмкіндігіне ие болды.

 

Эболадан көз жұмғандар саны 10 мың адамға жетті

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, Африканың батысында тұтанған Эбола вирусынан құрлықта қайтыс болғандар саны 10 мың адамға жеткен. 

Ұйым өкілдері хабарлағандай, Сьерра-Леоне, Гвинея және Либерияда барлығы 24 мың адам осы індетті жұқтырған. Сондай-ақ, британдық әскери-медициналық қызметкер де Африкада жүріп осы ауруға шалдыққан. Қазіргі таңда ол Ұлыбританияға оралып, дәрігерлердің жіті бақылауында емделіп жатыр.  

0 пікір
Мұрағат