ИСИМ-нің қаржылай қолдаушысы Сауд Арабиясы ма?
|
Иран Сауд Арабияны «ИСИМ террористік ұйымын қаржыландырып отыр» деп айыптады. «Сауд Арабияның мұнай сатып тапқан долларлары шектен шыққан ИСИМ секілді террористік ұйымдарға қызмет етуде. Сауд Арабиясы мұнай өнімін арттыру арқылы Батыс елдеріне жанар-жағармай жағынан кепіл болып отыр. Бұл мемлекет ИСИМ секілді террористік ұйымдардың құрушысы және ұйымдастырушысы. Мұнай саудасынан көрген олжаларын да осы ұйымдарға жұмсап отыр», – деді Иран бас штабының генерал-майоры Хасан Фирузабади.
Хасан Фирузабади, сондай-ақ: «Сауд Арабиясы секілді ИСИМ-ге демеу болғандардың кесірінен бір жағынан аймақтық мемлекеттер 500 миллиард доллар шамасында шығын көрсе, екінші жағынан қаржылық дағдарысқа ұшыраған Батыс күштеріне 300 миллиард доллар көлемінде қаржылай қолдау көрсеткен болып отыр», – деді.
Иран генерал-майоры АҚШ бастаған халықаралық коалициялық күштерге де соқпай өтпеді. «ИСИМ дүниеге, адамзатқа қауіпті деп баға берілгенде Америка және осы ұйымның демеушілері ИСИМ-ге қарсы біріге қалды да, тактикалық әрекетке көше бастады. Бірақ, сонда да бұл ұйымға қаржылай және қару-жарақтай жәрдем беруді жалғастыруда», – деді ол.