|
Хуситтердің геосаясатқа ықпалы: қай ел ұтады, қай ел ұтылады
|
Бастапқыда хуситтер Йеменнің ішкі саяси және діни қайшылықтарынан пайда болған топ болатын, алайда, уақыт өте келе Таяу Шығыстағы ең қауқарлы әрі қарулы күшке айналды. Бұған шиғалық бағытты ұстанатын хуситтердің Иранмен арадағы ынтымақтастығы себеп болды. Иран билігі хуситтер қозғалысына әскери және қаржылық қолдау көрсетті, соның арқасында ол өз мүмкіндіктерін кеңейтіп, Йеменнен тысқары жерде қауіп төндіретін қару-жарақ арсеналын құра алды.
Хусит тайпасымен арадағы соғыс Саудияның экономикалық түйіткілін одан ары шиеленістіреді. Бұл жайында islam.kz порталы мәлім етеді. Саудия түбегіндегі қарулы қақтығыс, әсіресе, тақ мұрагері Мұхаммед бен Салманның ел экономикасын қазба отынға тәуелділіктен құтқару бағытында жүргізіп жатқан ауқымды реформасының сәтті жүзеге асуына,соның ішінде экономиканы әртараптандыруға қатысты түрлі жобалардың орындалуына кедергі келтіреді.
Дегенмен кей сарапшылар хуситтердің әскери операциясы өз кезегінде Таяу Шығыс аймағындағы күштер арасалмағына әсер етіп, Израилдің асығын алшысынан түсіретін стратегиялық қателікке ұрындыруы мүмкін екенін ескертіп отыр. Бұл арада хуситтер Израилдің кәрі құрлық пен Азия аарасындағы сауда-саттық дәлізіне айналуына жағдай жасап береді. Дәлірегі, Израилдің Еуропа мен Азия арасын жалғайтын Хайф айлағының стратегиялық маңызын арттырып, еврей мемлекетінің ықпалын арттырады.
Саудия билігінің аса маңызды инфрақұрылымды хуситтер шабуылынан қорғай алмай отырғанына күллі әлем куә болып отыр. Саудияның әскери шығыны өскен сайын бюджет қайта қаралып, реформаның жүзеге асуына ықпал ететін жобаларға бөлінетін қаржы қысқаратын болады. Қорғаныс саласындағы тесікті бітеу үшін кететін қаражат елді дамытуға арналған жобаларды қысқарту есебінен алынады.
Қосымша қиындық Парсы шығанағы елдері, Сауд Арабиясы, Иордания және Израил арқылы Үндістанды Еуропамен жалғайтын IMEC халықаралық экономикалық дәлізінің төңірегінде туындайды. Жобада темiржол инфрақұрылымын дамыту көзделген, ал Хайф айлағы жүктi Еуропаға жеткiзуде маңызды торапқа айналуы тиiс. Алайда, Сауд Арабиясы мен хуситтер арасындағы әскери қақтығыстар мен даму шығындарының қысқаруы бұл жоспарды жүзеге асыруды баяулатады. Сонымен қатар, Түркия Израилді айналып өтіп, Парсы шығанағы елдерінен Еуропаға тауар жеткізуге мүмкіндік беретін баламалы құрлық бағытын ілгерілетуде. Алайда, Ирактағы тұрақсыздық пен ираншыл қарулы топтар бағытқа қосымша қауіп төндіреді.
Егер IMEC-тің кедергілерге тап болуы тоқтамаса, Қытай Таяу Шығыс аймағындағы күрделі ахуалдан басты пайда көретін мемлекетке айналады. Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» жаһандық бастамасы қазірдің өзінде Бейжіңге сауда ықпалын кеңейтуге мүмкіндік беріп отыр, ал америкалық жобаның бұл тараптағы қиындықтары Құрама штаттардың Азия мен Еуропа арасындағы көлік бағыттары үшін күрестегі позициясын әлсіретеді.
Осы тұста ескеретін маңызды фактор бар. Оны айналып өте алмаймыз – Израил мен Саудия аймақтағы ірі ойыншылар болғанымен екі ілдің экономикалық әлеуетін және мүмкіндігін салыстыруға келмейді. Саудия мұнайдан түсетін табысқа әрі ішкі нарыққа арқа сүйеген ел, яғни, мұнай шикізатының экспортына тәуелді болғандықтан геосаяси ахуалда басын қауіпке тігеді. Ал Израилге келсек, дамыған технологиялық салаға ие. Сыртқы факторларға көп тәуелді емес. Мұхаммед бен Салман ірі жобаларды тоқтатуға мәжбүр болса (қорғаныс саласын күшейту үшін), Израил Үндістан мен Еуропа арасында негізгі ойыншыға айналады.
Саудия жыл сайын қорғаныс саласына 82 млрд доллардан аса қаржы бөледі. Соның өзінде әлеуеті мен мүмкіндігін өзімен салыстыруға келмейтінн хуситтердің шабуылына лайықты тойтарыс бере алмай отыр. Қымбатқа сатып алған замануи технологиялық қару-жарақ арсеналы хуситтердің арзан зымырандары мен дрондарының алдында қауқарсыздық танытты. Түйіткіл тек технологиялда ғана емес, саудиялық әскери құрылымының тиімсіздігінде де болып отыр. Америкалық Patriot әуе шабуылынан қорғану кешенінің бір зымыранын Саудия 3 млн долларға сатып алады, ал хуситтер 15 мың долларлық дронмен оның күлін көкке ұшырады. Саудия қарулы күштерінің тиімсіздігі, жоғарыда айтылғандай, тек техникалық жағынан шектелмейді. Сауд қарулы күштері монарх отбасының өкілдерінің бақылауындағы тұрақты армия мен ұлттық ұланға бөлінген. Мұндай құрылым әскери төңкерістерді болдырмау үшін құрылды, алайда, орталықтандырылған басқару тетігі бөлімшелердің жедел әрекет етуіне кедергі келтіреді.
Әзірлеген: Islam.kz