Ханзадалар қымбат активтерін жаппай сатып жатыр
Ханзадалар қымбат активтерін жаппай сатып жатыр
2 жыл бұрын 1353 Материалды көшіріп басқан жағдайда islam.kz порталына сілтеме берілуі міндетті

Саудияның ханзадалары тақ мұрагері Мұхаммед бен Салманның пәрменімен табыс көзін пайдалануға қойылған шектеулерге байланысты шетелдегі жылжымайтын мүліктері мен яхталарын сатып жатыр. Бұл жайында islam.kz порталы The Wall Street Journal мерзімді басылымына сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Тақ мұрагерінің қатаң шектуінен кейін ханзадалар үй-жайының шығынын өтеуде, салық төлеуде, қоластындағы қызметкерлеріне жалақы төлеуде, ұшақтары мен кемелерінің тұрақ ақысын төлеуде қиындықтарға кез болып жатыр. Осыған байланысты тақ мұрагерінің кәріне ілікпесі үшін қыруар қаржы тұратын қымбат активтерінен тезірек құтылғанша асық болып жатыр. Мәселен, 2017 жылы тақ мұрагерінің пәрменімен қолға алынған жең ұшынан жалғасқан сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес науқаны кезінде Ер-Рияд қаласындағы Ritz-Carlton отелінде күзет қойылған, яғни, қонақ үйде уақытша қамалған ханзадалардың бірі Түркі бин Насыр әл Сауд 2020 жылы 60 метрлік яхтасын, ал 2021 жылы Лос-Анджелес мегаполисіндегі құны 28,5 млн доллар тұратын зәулім үйін сатқан еді. Осы мәмілесі аяқталар тұста аты аталған ханзада дүние салған болатын. Ал Бандар бин Сұлтан әл Сауд есімді ханзада 2021 жылы Британия аумағындағы жылжымайтын мүлігін 155 млн долларға сатты. Тағы бір ханзада (бүгінде көзі жоқ, қайтыс болып кетті – ред.) Лондондағы қамалын 290 млн долларға сатты. Ал оның ұлдарының бірі Халед бин Сұлтан Әбдіәзіз Париждегі әлемге әйгілі Эйфел мұнарасының маңындағы үйін 87 млн долларға сатқан болатын. Осы уақытқа дейін ханзадалардың сатқан активтерінің құны 600 млн доллардан асып кеткен. Саудия билігі бұл мәмілелердің барлығынан хабардар екені айтылған WSJ ақпарат көзінде. 2018 жылы Ritz Carlton отелінде қамақта отырған саудиялық ханзадалар ел қазынасына 100 млрд доллардан аса қаражатты қайтарған екен. Бұдан бөлек, соңғы уақытта Саудия билігі корол отбасына мүше тұлғаларға тағы шектеу енгізген: шетелде демалуына мемлекет есебінен қаржы бөлінбейді, олардың электр мен су ақысы да мемлекет есебінен алынып тасталды. Ол ол ма, биылдан бастап төрт адамнан артық үй қызметкерін ұстағандарға салық салынады, яғни, бұдан артық қызметкер жалдағандар әр қызметкері үшін мемлекетке 2500 доллар салық төлеуге міндеттеледі.

0 пікір
Мұрағат