Халықаралық геосаяси картинадағы араб әлемі – саяси шолу
Халықаралық геосаяси картинадағы араб әлемі – саяси шолу
33 минут бұрын 22 Материалды көшіріп басқанда islam.kz сайтына гиперсілтеме берілуі міндетті

Егер қазіргі халықаралық геосаяси ахуалды бір ауыз сөзбен сипаттасақ айтсақ: бүгінде батыстың әлемдік тәртіпке ықпалының аяқталды деп, айтуға әлі ерте, алайда, батыс монополиясының аяқталып келе жатқанын нық сеніммен айта аламыз. Америка құрама штаттары мен Еуропа бұрынғысынша орасан зор мүмкіндіктер мен ықпал етудің түрлі құралдарына ие және мұны әлемнің болашағын анықтайтын өзгермелі кезеңді бағалауда ескеру өте маңызды: доллар мен еуро, қаржы нарықтары, технологиялар, халықаралық институттар, трансұлттық корпорациялар, сауда және көлік желілері, әскери альянстар, т.б. бұлардың барлығы батыс өнімдері. Сонымен қатар, Қытай төртінші өнеркәсіптік революция дәуірінде бәсекелестіктің, алтыншы буын технологиясы мен жасанды зерденің қарқынды дамуы бойынша алдыңғы қатарда тұр. Басты сын-қатер халықаралық жүйенің түрленуінен (трансформация) көрінеді: санаулы мемлекеттердің айналасына шоғырланған моделден бірнеше күш орталықтары бар жүйеге өзгертіп келеді. Негізгі мәселе жаңа әлемдік тәртіптің ережелері мен контурларын кім анықтап, қалыптастыратынына байланысты. Жаһандық валюта немесе қаржы желісі санкцияларды енгізу құралы ретінде пайдаланылғанда шектеулерге ұшыраған мемлекеттер баламалы құралдарды іздей бастайды. Бұл ретте қауіпсіздік мәселесі туындайды: егер болашақта басқа мемлекеттерге қарсы осындай санкциялар енгізілсе не болады? Бұл елдерді бірқатар қадамдар жасауға итермелейді. Соның ішінде, валюталық резервтерді әртараптандыру. Ұлттық валюталарды пайдалану арналарын ұлғайту. Тәуелсіз баламалы төлем жүйелерін дамыту. Екіжақты сауданы кеңейту және «тауарлар мен қызметтер орнына тауарлар мен қызметтер» қағидаты бойынша есеп айырысу жүйесіне көшу. Алтын, сирек кездесетін металдар мен стратегиялық маңызды ресурстарды молынан сатып алып, қорға айналдыру, т.б. шаралар. Осылайша ұлт мүддесіне қайшы ахуал қалыптасқанда, мәселен, санкциялар мен экономикалық және саяси шектеулер орын алғанда осындай сақтық шараларын ерте ойластырып, алдын ала қам жасаған мемлекеттер ғана егемендігін сақтай алады.

Араб әлемі бірқатар факторларға, соның ішінде отын шикізатының мол қоры мен стратегиzлsқ өңірде орналасуына байланысты әлемдегі ең орнықсыз өлкеде орналасқандықтан бүгінгі геосаяси дилемма араб мемлекеттері үшін нені білдіреді? Араб елдері өздерінің географиялық орналасуының, энергетикалық ресурстарының, капиталының және айлақтық инфрақұрылымының арқасында ерекше әрі маңызды мүмкіндіктерге ие. Олар АҚШ-пен, Еуропамен, Қытаймен, Үндістанмен, т.б. бір мезгілде өзара қатынас құра алады. Мұндай тәсіл стратегиялық әртараптандыру тұжырымдамасына алып келеді. Бұл арада АҚШ-қа тәуелділігін Қытай ықпалына айырбастау турасындс сөз болып отырған жоқ. Керісінше осыншалықты мүмкіндіктерге ие араб әлемі қандай да бір алып державаға тәуелді болу қатерінен алыс, есесіне нақты серіктестік негізінде ынтымақтастық пен өзара іс-қимыл мүмкіндіктерін кеңейте алады. Мұндай мүмкіндіктер энергетикадан, технологиялардан, сауда-саттықтан, жеткізу тізбектері мен инвестициялардан көрініс табады. Бұл тұрғыдан келгенде араб елдері энергия экспорттаушыдан Азия, Африка құрлығын және Еуропаны байланыстыратын қаржы, логистика, өнеркәсіп және технологиялық орталықтарға айналуы мүмкін. Араб әлемінің жарқын болашағы ірі мемлекеттердің арасында қайсысымен одақ құрғанымен  ғана емес, өз бетінше шешім қабылдау қабілетін қалай арттыру және өзінің географиялық орны мен экономикалық мүмкіндіктерін болашақ әлемдегі нақты геосаяси және экономикалық күшке айналдырумен байланысты.

Ахмет қажы Әлі – сарапшы

(ықшамдалып алынды – ред.)

Islam.kz

0 пікір
Мұрағат