|
ЕО ысырапшылдыққа тыйым салды
|
Осы айдан бастап Еуроодақ ірі өндіруші компанияларға сатылмай қалған киімдерін, аяқ киім және аксессуарларын жоюға тыйым салды, деп хабарлады 24.kz
Жаңа ереже тауарлардың қызмет ету мерзімін ұзартуға және қалдық көлемін азайтуға бағытталып отыр. Ал 2030 жылдың шілдесінен бастап бұл талап орта бизнеске де ортақ болады. Бірақ, тыйым барлық компанияларды қамтып, жылдам сән индустриясының қарқынын тежей ала ма?
Адам шошырлық цифрлар: сарапшылардың бағалауынша, әлемде жыл сайын 100-ден 150 миллиардқа дейін көлемде киім өндіріледі. Бірақ, сол су жаңа заттардың бір бөлігі қоқысқа тасталады немесе өртеледі. Көп асқанға, бір тосқан. Енді Еуроодақ ысырапшылдыққа шектеу қойып отыр.
Деректерге сүйенсек, Еуропада сатылмай қалған тоқыма өнімдерінің 4-9 пайызы тұтынушыға жетпей жойылады. Соның салдарынан атмосфераға шамамен 5,6 миллион тонна көмірқышқыл газы бөлінеді.
Енді жаңа ережеге сәйкес, компаниялар өтпей қалған тауарларын сатуы, қайырымдылыққа беруі немесе қайта өңдеуі тиіс.
Джессика Росвалл, ЕО Қоршаған орта, су ресурстарының тұрақтылығы және бәсекеге қабілетті айналмалы экономика жөніндегі комиссары: - Тоқыма өнеркәсібі экологиялық талаптарға сай жұмыс істеуге алғашқылардың бірі болып көшіп жатыр. Жаңа шаралар компанияларға артық өнім өндіруді азайтуға, материалдарды қайта өңдеуге және қалдық көлемін қысқартуға мүмкіндік береді.
Бірақ, бүгінде көпшіліктің көкейінде: бұл талап барлық компанияға бірдей әсер ете ме және жылдам сән индустриясын тежеуге қауқары жете ме деген сұрақтар жүр. Бельгиядағы тоқыма өнеркәсібі қызметкерлерінің құқықтарын әрі сән индустриясының тұрақты дамуын қолдайтын коммерциялық емес ұйым сарапшыларының пікірінше, Еуропа әзірге проблеманың түпкі себептерінен гөрі оның салдарымен күреске көбірек күш салып келеді.
Санна Абдессалем, Achact ұйымының үйлестірушісі: - Бұл ереже саланың негізгі мәселелерін де шешуге көмектессе дейміз. Жаңа бастама өнім өндіру кезеңі сатысында еңбек жағдайын, киім-кешектің қанша уақытқа жарайтынын, оны қайта пайдалануға және жөндеуге болатынын ескеруі тиіс.
Сарапшылардың айтуынша, бұл тыйым жылдам сәннің қарқынын өздігінен бәсеңдете алмайды. Өйткені, ереже сатылмай қалған тауарларға ғана қатысты болғандықтан, өндіріс көлемі мен арзан киімге сұраныстың өсуіне шектеу қоймайды. Сондықтан нәтижеге жету үшін өндіруші компанияларға бақылауды күшейту керек. Бұдан бөлек, киімнің сапасын арттырып, оның қызмет ету мерзімін ұзарту қажет дегенді айтады.
Авторы: Ғалымжан Қараманұлы