Эль-Ниньо табиғат құбылысы әлемде 60 млн адамға залал келтіреді
Эль-Ниньо табиғат құбылысы әлемде 60 млн адамға залал келтіреді
8 жыл бұрын 3417 ҚазАқпарат

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) Эль-Ниньо табиғат құбылысы салдарынан адамзат денсаулығына төнетін қауіп-қатері арта түседі деп ескертеді.

Эль-Ниньо климаттық құбылысы дегеніміз - Тынық мұхиттың шығыс аудандарындағы су бетінің біршама жылынуы, шамамен Фаренгейт бойынша  1-3 градус. Мұхит суының жылынуы бір жерлерде құрғақшылыққа әкеліп соқтырса, бір аймақтарда керісінше толассыз жаңбыр жаудырады.

«Эль-Ниньо Эфиопиядан Гаитиге дейін және Папуа-Жаңа Гвинеяға қандай залал келтіргенін көріп отырмыз. Осы құбылыстың денсаулық саласына кері салдары 2016 жылы сезіледі», - деп мәлімдеді ДДСҰ Төтенше жағдайлар және гуманитарлық шаралар іс-қимылы департаментінің директоры Ричард Бреннан. 
БҰҰ-ның есебі бойынша, Эль-Ниньо құбылысы Шығыс және Оңтүстік Африка, Тынық мұхит аралдары, Оңтүстік-Шығыс Азия және Орталық Америкада құрғақшылыққа, су тасқынына, толассыз нөсерге әкеліп соқтырып, инфекциялық аурулардың өршуіне, су жетіспеушілігіне, денсаулық сақтау саласындағы қатерлерге ұрындырады.

БҰҰ-ның келтірген деректерінде, жыл сайын осы құбылыстан дамушы елдердегі 60 млн адам зардап шегеді. Бүгінгі таңда Эль-Ниньо құбылысынан зардап шеккен жеті мемлекет халықаралық қауымдастықтан қаржылық көмек көрсетуін сұрап отыр. Мамандар Эфиопия, Лесото, Кения, Папуа-Жаңа Гвинея, Сомали, Танзания және Угандадағы денсаулық сақтау саласына қолдау көрсетуге 76 млн қажет екендігін есептеп шығарған. 

0 пікір
Мұрағат