|
Д. Трамп Сауд Арабиясына шарт қойды
|
АҚШ Сауд Арабиясына азаматтық ядролық энергетиканы дамытуға көмектеседі, деп хабарлады 24.kz
Осыған дейін де біраз талқыланып келген мәселе шешімін табуға таяп қалған сыңайлы. Әйтсе де Трамптың корольдікке қояр шарты бар. Ақ үй басшысы тараптар түпкілікті келісімге келу үшін Сауд Арабиясы, Ибраһим келісімдеріне қосылуға тиіс екенін атап өтті. Бұған Эр-Рияд әзірге, ресми жауап берген жоқ. Дегенмен, корольдіктің ұстанымы анық.
Жалпы Сауд Арабиясы атом энергетикасын қолға алса, Таяу Шығыста ядролық жарыс басталады деген қауіп бар. Оның үстіне корольдік болашақта өз бетінше уран байытпайтынына кім кепіл? Сарапшылар осылай деп жатыр. Өйткені, Вашингтон мен Эр-Рияд арасындағы келісім шартта біраз шикілік болуы да мүмкін.
Құрама Штаттармен ядролық ынтымақтастық Сауд Арабиясының энергетикалық қажеттіліктерін қамтамасыз етуді көздейді. Экономикалық жоспарға сәйкес мемлекет атом энергетикасын дамыту арқылы мұнай экспортын арттыруға ниетті. Осылайша, қазба отынға тәуелділіктен арылғысы келеді.
«Ал америкалық компаниялар корольдіктің ядролық инфрақұрылымын дамытуда маңызды рөл атқарып, өзінің бәсекелестері – Қытай және Ресейді нарықтан ығыстыруға мүмкіндік алады», - дейді сарапшылар.
Қытай мен Ресей әлемдегі ең ірі ядролық технологияны жеткізуші елдер. Сауд Арабиясында атом электр стансаларын салуға олар да мүдделі. Өйткені бұл – миллиардтаған доллар табыс әкелетін жоба.
Мұхаммед бен Салман, Сауд Арабиясының тақ мұрагері: - Біз бейбіт мақсаттағы ядролық бағдарламаны дамытқымыз келеді. Бұл энергия көздерін әртараптандыру және электр энергиясына өсіп келе жатқан сұранысты қамтамасыз ету үшін қажет.
Сауд Арабиясымен азаматтық ядролық бағдарламаны құру жөніндегі келісім бірнеше жыл бойы әзірленді. Дегенмен, бұл келісім түбінде іске аса ма, жоқ па, белгісіз. Трамп Эр-Риядқа шарт қойды. Түпкілікті мәмілеге келу үшін Сауд Арабиясы Израильмен ара-қатынасын түзеп, Ибраһим келісімдеріне қосылуға тиіс екенін атап өтті. Алайда, корольдік құжатқа қол қоюға асығар емес. Бұған қатысты мемлекеттің ұстанымы айқын. Палестина мемлекеті құрылмай, Сауд Арабиясы Израильмен байланыс орнатпайды.
Дональд Трамп, АҚШ президенті: - Сауд Арабиясының Ибраһим келісімдеріне қосылатын уақыты келді. Бұл Таяу Шығыстың болашағы үшін маңызды. Олай болмаған жағдайда, ядролық бағдарлама бойынша мәміле жасасу мүмкін еместігін олар жақсы біледі. Ибраһим келісімдеріне қосылу Сауд Арабиясына да тиімді болар еді. Оның үстіне, қазір Иранға қатысты алаңдаудың қажеті жоқ. Өйткені Ислам мемлекетінің қуаты мен мүмкіндіктері айтарлықтай азайды.
Сауд Арабиясы уран байытуы мүмкін
Сарапшылар бірнеше жылдан кейін келісімнің қазіргі шарттары Эр--Риядқа уранды өз бетінше байытуға мүмкіндік беруі мүмкін деп топшылайды. Ал уранды байыту деңгейі неғұрлым жоғары болса, оны ядролық қару жасауға пайдалану ықтималдығы да артады.
Бұған дейін Сауд Арабиясының тақ мұрагері Мұхаммед бен Салман: «Егер Иран ядролық қаруға ие болса, Сауд Арабиясы да оны иеленуге ұмтылатынын», - деп бірнеше рет айтқан еді.
Марко Рубио, АҚШ мемлекеттік хатшысы: - Сауд Арабиясы – Құрама Штаттардың маңызды стратегиялық серіктесі. Біз олардың бейбіт мақсаттағы ядролық бағдарламаны өзге елмен емес, бізбен бірге дамытқанын қалаймыз. Әлемнің кез келген мемлекетімен азаматтық ядролық энергетика саласындағы келісіміміз оның ядролық қару жасау бағдарламасына айналуына жол бермейтін кепілдіктерді қамтитын болады. Оның ең тиімді жолының бірі – жобаға америкалық технологиялар мен компаниялардың қатысуы. Қазіргі уақытта бізде Біріккен Араб Әмірліктерімен осыған ұқсас келісім бар.
2009 жылы Біріккен Араб Әмірліктері АҚШ-пен осыған ұқсас келісім жасасқан. Мемлекет өз аумағында уранды байыту мен пайдаланылған ядролық отынды қайта өңдеуден ерікті түрде бас тартқан болатын. Бұл тәсіл ядролық қарудың таралуына жол бермеудің «алтын стандарты» ретінде танылды. Алайда, Сауд Арабиясы ядролық отынды өз аумағында өндіруден толықтай бас тартуға келіспеді.
«Рейтер» агенттігінің мәліметіне қарағанда, келісім корольдіктен Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің Қосымша хаттамасына қосылуды да талап етпейді. Ал бұл құжат агенттікке бақылау жүргізу, кенеттен инспекциялар өткізіп, жарияланбаған ядролық нысандарды тексеру бойынша кеңейтілген өкілеттіктер береді. Оның орнына АҚШ пен Сауд Арабиясы өзара екіжақты кепілдіктер туралы жеке келісімге қол қойған. Алайда, тараптар ол жөнінде әзірге, ашып айтқан жоқ.
АҚШ пен Израиль арасы суып кетуі мүмкін
Израиль билігі бұл келісімнен қауіптеніп отыр. Егер Сауд Арабиясының қару жасау мүмкіндігіне жол ашылса, корольдік Таяу Шығыста Израильден кейін ядролық арсеналы бар екінші мемлекетке айналады. Израиль өзінің ядролық қаруға ие екенін ресми растаған емес. Алайда, халықаралық қауымдастық мұны әлдеқашан мойындап қойған.
Сарапшылардың бағалауынша, Израильдің шамамен 90 ядролық оқтұмсығы бар. Саясаттанушылар АҚШ Сауд Арабиясымен ақыры келісімге келсе, онсыз да арасы суып бара жатқан Израиль мен Құрама Штаттардың ара-қатынасы одан әрі ушығатынын айтады. Оның үстіне, Таяу Шығыстағы ядролық жарыс күшеюі мүмкін.
Ассаф Орион, сарапшы: - Жаңа келісім ядролық әлеуеттің таралуына жағдай қалыптастырады. Дегенмен оның салдары келісімнің нақты шарттарына байланысты. Болжам бойынша, америкалық компаниялар Сауд Арабиясының аумағында өндірістік нысандар құруы мүмкін. Кейбір активтер тек АҚШ-қа тиесілі болады деп үміттенеміз. Біз плутонийді қайта өңдеу немесе уранды көп мөлшерде байыту арқылы ядролық қару жасауға мүмкіндік беретін жолдарды болдырмауымыз қажет.
Қазір келісім Конгрестегі рәсімдерді күтіп тұр. Демократтар да бұған қарсы болғанымен, келісімге тосқауыл қоя алуы екіталай.
«Сауд Арабиясы уран байытып, ядролық қару жасаса, өзгелері де қарап қалмасы анық. Ал Иран өз бағдарламасын құруды одан әрі жеделдетуі мүмкін», - дейді сарапшылар.
Десе де бұл жақын болашақта бола қоймасы анық. Өйткені Сауд Арабиясына ядролық қаруды былай қойғанда, атом энергетикасын дамыту үшін 10-20 жылдай уақыт қажет.