Cаудияда саяхатшыларға арналған жаңа ереже күшіне енді
Cаудияда саяхатшыларға арналған жаңа ереже күшіне енді
1 сағат бұрын 48 Материалды көшіріп басқанда islam.kz сайтына гиперсілтеме берілуі міндетті

Сауд Арабиясында қолма-қол ақшаны, алтын және алтын бұйымдарын, өзге де асыл тастарды мемлекеттік шекарадан алып өтерде декларациялаудың жаңа ережесі күшіне енді. Бұл жайында islam.kz порталы  Gulf Business ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді.  Жаңа талаптарға сәйкес енді жалпы құны 10,6 мың доллар және одан асатын қолма-қол ақша, ұсынушының айналымдағы төлем құжаттары, алтын құймалар, бағалы металдар, асыл тастар, зергерлік бұйымдар және басқа да құнды заттар міндетті түрде жазбаша декларациялауға жатады. Бұрынғы шегі - 16 мың доллар шамасында болатын. Жаңа қағида Саудия аумағына кіретін немесе одан құрлықтағы, теңіз және әуе өткізу пункттері арқылы шығатын барлық жолаушыларға қолданылады. Сонымен қатар, Сауд Арабиясының Зекет, салықтар және кеден басқармасы (ZATCA) тексеру жүргізу бойынша кеңейтілген өкілеттіктерге ие болды. Ведомство қызметкерлері шекара арқылы өту бағытына қарамастан кедендік аймақтар шегінде жеке тұлғаларды, көлік құралдарын, жүк контейнерлері мен пошта жөнелтілімдерін тексеру құзыретіне ие болды. Бұдан басқа, кеден органдары декларацияланбаған не дұрыс декларацияланбаған қолма-қол ақшаны, алтын құймаларды, бағалы металдарды, тастар мен зергерлік бұйымдарды олардың алдын ала жасалған қылмыстарға немесе ақшалай қаражатты жылыстатуға байланысты күдіктенген жағдайда 72 сағатқа дейінгі мерзімге тәркілеу құқығына ие болды. Мұндай шаралар мүліктің құны міндетті декларациялаудың белгіленген шегіне жетпеген жағдайларда да қолданылуы мүмкін. Тәркілеу процедурасы құжат жүзінде хатталып, активтердің шығу тегіне және декларацияның болмауына не дұрыс болмау себептеріне тексеру жүргізіледі. Тәркіленген ақша қаражаты арнайы депозиттiк шотқа орналастырылады, ал қымбат металдар мен тастар кеден органдарының бақылауымен сақталады. Прокуратураның шешімі бойынша тәркілеу мерзімі 60 күнге дейін ұзартылуы мүмкін, ал одан ары ұзартуға тек соттың санкциясымен ғана жол беріледі. Жаңа ереже, сондай-ақ, құны 10,6 мың доллар немесе бұл шамадан жоғары болатын алтын құймаларын, бағалы металдарды, асыл тастарды немесе зергерлік бұйымдарды тасымалдайтын саяхатшыларды олардың құнын растайтын құжаттарды көрсетуге міндеттейді. Декларациялау туралы талаптарды бұзғаны үшін ақшалай қаражатты жылыстату немесе өзге де қылмыстар белгілері болмаса, алғашқы заң бұзу фактісі кезінде тәркіленген активтер құнының 10% -ынан 25% -ға дейінгі мөлшерде айыппұл салу көзделген. Қайталанған жағдайда айыппұл мөлшері тәркіленген мүлік құнының 50% -ына жетуі мүмкін.

0 пікір
Мұрағат