|
Азия елінде миссионерлік қызметте шетелдік валютаны пайдалануға тыйым салынды
|
Үндістан үкіметі коммерциялық емес ұйымдарды шетелден қаржыландыру ережесін қатаңдатты. Бұл жайында islam.kz порталы persecution.org сайтына сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Аталған елдің ішкі істер министрлігі жариялаған жаңа ереже талаптарына сәйкес адамдарды дінге шақыру қызметінде шетел қаражатын пайдалануға тыйым салынады. Өзгерістер Үндістандағы қайырымдылық және қоғамдық ұйымдардың шетелден қаржы алу немесе тарту тәртібін айқындайтын шетелдік жарналарды реттеу туралы заң (FCRA) аясында енгізілді. Жаңа қағидалар діни білім беру, уағыз, дұға және медитациялық ретриттер, сондай-ақ, дәстүрлі және тайпалық наным-сенімдерді сақтау сияқты бірқатар діни және рухани жобалар үшін шетелдік қайырмалдықтарды пайдалануға мүмкіндік береді. Алайда, діни қатынаспен байланысты кез келген қызметті шетел қаражаты есебінен қаржыландыруға тікелей тыйым салынған. Бұдан басқа, FCRA бойынша тіркелгісі келетін ұйымдар үкімет бекіткен шектеулі тізбеден өз мақсаттары мен жұмыс өңірлерін таңдауы тиіс. Шетелдiк қаражатқа жобалар iске асырылатын қызметтiң барлық бағыттары мен аумақтары тiркеу құжаттарында көрсетiлуi тиiс. Жұмысты жаңа өңірлерге кеңейту кезінде ұйым бұл өзгерістерді дереу тіркеуге және белгіленген алымды төлеуге міндетті. Жаңа талаптар, сонымен қатар, үкіметтік емес ұйымдар қызметіне бақылауды күшейтеді. Енді мұндай ұйымдар өздерінің әлеуметтік желілердегі, веб-сайттардағы және жарияланымдардағы барлық аккаунттары туралы ақпаратты ашуға, сондай-ақ, барлық шетелдік донорлар туралы деректерді ұсынуға міндетті. Ұйым басшылары бір жыл ішінде мерзімді басылымдарда қандай материал, кітаптар, журналдар немесе мақалалар жариялағанын билікке хабарлауы тиіс.