БАӘ тарапы Мысырдың «нәпақасын аузынан жыратын» жобаны қолға алайын деп жатыр
БАӘ тарапы Мысырдың «нәпақасын аузынан жыратын» жобаны қолға алайын деп жатыр
8 ай бұрын 1619 Материалды көшіріп басқан жағдайда islam.kz порталына сілтеме берілуі міндетті

Әбу-Дабиде орналасқан AD Ports айлық және логистикалық оператор Ирак айлақтарын басқаратын мемлекеттік компаниямен бірлескен кәсіпорын құру үшін алдын ала келісімге отырды. Бұл жайында islam.kz порталы BUSINESS EMIRATES ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Бұл келісім әлемдік сауда-саттық күретамырларының бірінен саналатын Суэц каналын айналып өтетін Азия-Еуропа сауда дәлізін құру жөніндегі мегажобаның бөлігі ретінде Басрадағы экономикалық аймақ пен Гранд-Фау айлағын дамытуға негізделген. Басра маңындағы Парсы шығанағының солтүстік шетінде орналасқан Гранд-Фау айлағы Таяу Шығыстағы ең үлкен порттардың бірі болады - мұнда контейнерлерді, сусымалы және сұйық жүктерді ауыстырып тиеуге арналған терминалдар пайда болмақ. Осыдан бір жыл бұрын Түркия мен Ирак Жерорта теңізі арқылы Азия мен Еуропа арасындағы жүк тасымалының транзиттік дәлізін құру мақсатында Парсы шығанағындағы Гранд-Фау айлағынан Түркияның Мерсин портына дейін құны 17 миллиард АҚШ долларын құрайтын 1200 шақырымдық автокөлік және теміржол желісін салу бойынша ауқымды жобаны жүзеге асыру туралы хабар шыққан болатын. Өткен жылдың желтоқсан айында Ирак билігі айлақтың алғашқы кезеңін аяқтау үшін Оңтүстік Кореяның Daewoo Engineering and Construction компаниясымен 2,63 миллиард АҚШ долларын құрайтын келісімшартқа қол қойды. 2028 жылға қарай жаңа нысан 36 миллион тонна контейнерлік жүкті және 22 миллион тонна құрғақ, сусымалы жүкті өңдеуді жоспарлап отыр. Алдағы уақытта бұл көрсеткіштер тиісінше 70 миллион тоннаға және 33 миллион тоннаға дейін артады. Аталған айлақа қосылған теміржолмен күн сайын 80-ден 90-ға дейін жұп пойызы тасымалдануы керек. Қызыл теңізде және Аден шығанағында кеме қатынасының қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында Суэц каналын, Йемен мен Сомали жағалауларын айналып өтетін аталмыш жобаның маңызы зор. Дегенмен, бұл ауқымды жоба Мысыр экономикасына туризм саласынан кейінгі табыс көзіне айналған Суэц каналындағы кеме транзитінен түсетін пайда мөлшерін едәуір ортайтып кетпек. Йемендік хуситтердің Қызыл теңіздегі әскери операцисынан халықаралық сауда-саттыққа қауіп төнді. Геосаяси тұрғыдан да маңызы зор аталмыш жобаға тек Біріккен Араб Әмірліктері мен Ирак тараптары ғана емес, сонымен қатар, көптеген мемлекеттер мүдделі.

0 пікір
Мұрағат