Ауғанның есепсіз байлығы тәліптер тұсында кімнің қанжығасында кетуі мүмкін
Ауғанның есепсіз байлығы тәліптер тұсында кімнің қанжығасында кетуі мүмкін
3 жыл бұрын 4355 Материалды көшіріп басқан кезде islam.kz порталына гиперсілтеме берілуі міндетті

Ауғанстан әлемдегі ең кедей елдердің бірі болғанына қарамастан жарты әлемнің байлығын жамбасына басып отыр. Дәлірегі, ауған жерінде минералдардың ең мол қоры шоғырланған. Мамандардың есебінше, ауған жеріндегі қазба байлық кем дегенде 1 трлн долларға немесе 3 трлн долларға бағаланады. Ауған жеріндегі есепсіз байлық туралы осыдан үш жыл бұрын сайтымыздың жаңалықтар таспасында жазғанбыз (қараңыз: «Минералдарға бай мұсылман елі» (https://islam.kz/kk/news/alem/mineraldarga-bai-musylman-eli-11395/#gsc.tab=0). Иә, ауғандар жарты әлемнің байлығын жамбасына басып жатыр – алтыннан бастап, осы заманғы технология мен техникада кеңінен қолданылатын стратегиялық маңызы зор әрі тапшы ресурстарға (сирек кездесетін металдар мен минералдар турасында сөз болып отыр бұл арада – ред.) бай. Қойнауындағы осынша қазынаны қазып алуға құлшынып отырған әлемдік державалар арасындағы ауған жеріндегі геосаяси ойынының бір ұшы осында жатыр. Бұл туралы islam.kz порталының сараптамалық шолу материалынан біле аласыздар (Ескерту: бұл материалдағы деректер түрлі мәлімет көздерінен алынғандықтан сәйкессіздік болуы мүмкін – ред.). Бүгінде ауған билігі әлем елдері тарапынан террористік ұйым ретінде танылған тәліптер радикалды қозағалысының қолына тиді. Әлбетте, әлем қауымдастығы теріс айналған тәліптер билік басында көп отыра алмауы мүмкін. Бұған тек тәліптерді әлем қауымдастығының мойындамауы ғана емес, өзге де факторлар өз ықпалын тигізеді. Соның ішінде, мамандардың елден жаппай кетуі де, билік функциясының дұрыс жолға қойылмауы да өз әсерін тигізеді. Десе де талай жылғы соғыстан сансыраған, тек мылтықтың дүмімен басқарылатын елде ең басты ресурс болып табылатын адам капиталына жете мән берілмейді. Осындай басты себеппен ауған халқы кедейлік қамытынан құтыла алмайды. Алайда, ел мен елді жалғаған Жібек жолының қақ ортасында отырған (құрлық арқылы негізгі сауда транзиті) әрі табиғи байлығы мол елдің шатқаяқтаған экономикасына инвестиция тарту үшін де биліктің имиджі маңызды рөл ойнайды. Есірткі алқаптары мен мина көмілген ауған жерінің астында шамамен он млн тонна мыс, бір млрд тонна темір, сондай-ақ, алтын, мәрмәр, т.б. секілді дәстүрлі ресурстардан бөлек, жоғарыда айтып өткеніміздей, осы заманғы техникалық құрал-жабдық пен технологиялық құрылғылар үшін маңызы зор стратегиялық ресурстар қоры да жетерлік. Ауған жеріндегі соғысқа қарамай осы уақытқа дейін үнді, британдық, канадалық және қытай компаниялары талпыныс жасаған болатын, тіпті, бұл тарапта келіссөздер жүргізіп, келісім-шартқа да отырған еді,  алайда, қазбалы байлық сол игерілмей қалды – бұл арада соғыстан бұрын ауған билігінің жең ұшынан жалғасқан жемқорлыққа белшеден батқаны кедергі келтірген. Бүкіл әлемдік банк Ауғанстанды бизнес жүргізуге қолайлы елдер рейтингісінде (190 ел қамтылған) 173 орынға жайғастырыпты. Алайда, Transparency International ұйымының рейтингісі бойынша аталған ел коррупция деңгейі бойынша 180 елдің арасында 165-ші орыннан көрінген. Бүкіл әлемдік банк Ауғанстандағы бизнес климатты былай сипаттаған екен: «Жекеменшік бизнестің дамуын жекеменшікті қорғау мен қауіпсіздіктің төмендігі, саяси тұрақсыздық, мемлекеттік институттар жұмысының әлсіздігі, инфрақұрылымның нашарлығы, жең ұшынан жалғасқан сыбайлас жемқорлық , көлеңкелі экономика, есірткі, контрабанда, қазбалы байлықты заңсыз өндіру, т.б. тежеп отыр». Аталған елден америкалықтардың кетуімен немесе тәліптердің билік басына келуімен бұл проблема өздігінен шешілмесі анық. Шетел капиталынсыз, яғни, инвестициясыз тұралаған ел экономикасын алға сүйреу мүмкін емес. Кезінде ауған жерін майдан даласына айналдырған КСРО мен АҚШ мамандары мен геологтары сызып кеткен геологиялық карта негізінде анықталған қазбалы байлықтың азғана бөлігін, дәлірегі, зүбәражат, лағыл, сафпир, лазурит секілді асыл тастар жабайы әдіспен, ал алтын сумен шаю арқылы өндіріліп, Пәкістан асты. Осы уақытқа дейін ауған экономикасының едәуір бөлігі лития секілді сирек кездесетін металдар емес, есірткілік заттардан түскен табыс құрап келгенін де ұмытпау керек. Біріккен Ұлттар Ұйымының есебі бойынша ауған экономикасындағы белсенділіктің шамамен 10% есірткімен байланысты болып шықты – оны өндіру, сақтау, тұтыну, тасымалдау, т.б. Есесіне ауған жеріндегі есірткілік заттар мен шикізаттың әлемдегі үлесі 85%-на жеткен. 

(жалғасы бар)

0 пікір
Мұрағат