Ауған әйелдері тәліптерден жасқанбай өздері мектеп ашып жатыр (фото)
Ауған әйелдері тәліптерден жасқанбай өздері мектеп ашып жатыр (фото)
2 ай бұрын 732 Материалды көшіріп басқан жағдайда islam.kz порталына сілтеме берілуі міндетті

Білім – осы заманғы адамның ең негізгі, яғни, базалық қажеттіліктерінің бірі. Бұл жайында islam.kz порталы islamosfera ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Ең құрығанда, адам оқып-жаза алатын деңгейге сауат ашуға құқылы. Дәлірегі, барлық адам жынысы мен жасына, әлеуметтік мәртебесі мен жағдайына қарамастан білім алуға құқылы. Қара танымайтын адам су ағызған жаңқа құрлы жағаға шығып қалады, яғни, білімсіз адамға қоғамда қажеттілік пен зәрулік болмайды. Ондай адам қоғамдық өмірден автоматты түрде шеттеп қалады. Осыны ескерген ауғанның өжет әйелдері өз күшімен қыздарға арналған мектеп ашып жатыр. Билік басындағы тәліптер радикалды қозғалысының (Біріккен Ұлттар Ұйымының қарарымен террористік ұйым ретінде танылғандықтан әлемнің көптеген елдерінде және Қазақстанда насихаты мен қызметіне қатаң тыйым салынған – ред.) қыз балаларға білім алуына тыйым салынғанына қарамастан. Ауғанстанда педагог, тәжірибелі әйелдер елдегі мектепке баруға рұқсат етілмеген орта мектеп жасындағы қыздарға, жұмыс істейтін балаларға және сауатсыз әйелдерге арналған мектептер ашты. Ауғанстанда қыздарға 6-сыныпқа дейін оқуға, сондай-ақ, жоғары оқу орындарына түсуге рұқсат берілсе де елдің көп аумағында қыздарға мемлекеттік мектеп қабырасында білім алу мүмкіндігінен айырылған. Алайда, мүдделі азаматтар бейресми тегін мектептер ашып, бұл түйінді мәселені шешуді өз қолдарына алды. Апалы-сіңлілі Содабе (21 жас) және Азита (23 жас) Незенд білім алу мүмкіндігінен айырылған қыздарды, жұмыс істейтін балаларды, сауатсыз әйелдерді оқытуды бастап кетті. Мектепте 250-ге жуық оқушы бар, сабақ күніне бес сағат, аптасына 5 күн. Мұнда олар тарих, математика, парсы және ағылшын тілі, биология, химия, физика сияқты пәндерден сабақ береді. Мамандық аламын деушілерге киім тігу, кілем тоқу мамандықтары қоса оқытылады. Апалы-сіңлілер балалардың барлығы дерлік әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылар екенін және жалпыға бірдей білім беруді ұлттық және халықаралық қолдаушылардың көмегіне мұқтаж екенін айтады. Ұзақ уақытқа созылған әскери қақтығыстар мен саяси дағдарыстар Ауғанстанның дамуына кері әсерін тигізді. Біріккен Ұлттар Ұйымының Гуманитарлық көмекті үйлестіру кеңсесі дайындаған баяндамада келтірілген дерекке сәйкес Ауғанстанда білім беру мекемелеріне қол жеткізуде үлкен қиындықтарға тап болған мектеп жасындағы 7,9 миллион бала бар. Әсіресе, ауылдық жерлерде білім берудің тиісті инфрақұрылымы жоқ. Көптеген шағын елді-мекендерде электр, су, жылу, кәріз жүйесі тартылмаған. Бұдан бөлек, мектептер, мұғалімдер және оқу құралдары жетіспейді.

0 пікір
Мұрағат