Араб елі шетелде оқығысы келетін өз студенттеріне белгілі бір шектеу қойды
|

Біріккен Араб Әмірлігінің білім беру, адами әлеуетті дамыту және қоғамдастықты дамыту жөніндегі кеңесі (EHCD) шетелдік университеттерде жоғары білім алуды жоспарлап отырған әмірлік студенттер үшін жаңа талаптарының жиынтығын бекітті. Бұл жайында islam.kz порталы өз кезегінде Khaleej Times ақпарат көзіне жөн сілтеген FAMILY AND KIDS дерек көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Студент өз есебiнен немесе демеушiлiк ұйым есебiнен білім алатынына қарамастан, мекеменi БАӘ жоғары бiлiм және ғылыми зерттеулер министрлiгi мойындауы және мынадай талаптарға сәйкес келуi тиiс:
- Оқу орны беретін білім саласына қарай әлемнің үздік 50 университетінің қатарына кіруі тиіс.
• Егер оқу орны Құрама Штаттарда немесе Австралияда орналасқан болса, ол білім беру саласына қарай 100 үздік университет қатарына және жалпы 100 үздік университеттер қатарына кіруі тиіс.
- Егер оқу орны кез келген басқа ағылшын тілді елде (АҚШ пен Австралияны қоспағанда) орналасқан болса, ол білім беру саласына қарай әлемнің 200 үздік университеттінің қатарына және жалпы алғанда 200 үздік университеттің қатарына кіруі тиіс.
• Егер оқыту ағылшын тілді емес елде жүргізілсе, оқу орны білім беру саласына қарай әлемнің ең үздік 300 университеті қатарына және жалпы ең үздік 300 университет қатарына кіруі тиіс.
Қазіргі уақытта шетелде білім алып жатқан әмірлік студенттері бұл талаптарға сәйкес келмесе, студентке өзге оқу орнына ауысуына бір жыл мұрсат беріледі. Аталған араб елінің бұл шешімі студенттердің болашақ маман ретінде қалыптасуына, дәлірегі, еңбек нарығында сұранысқа сай болуы үшін қабылданып отыр. Жаңа ережені елемеген студенттің болашақта жұмысқа тұруына, мансап жолының өсуіне, магистратураға түсіне, мемлекеттік жеңілдікке ие болуына кедергі туындауы мүмкін.




