|
Араб елі жергілікті мұсылмандарға Nike өнімдерін пайдалануға тыйым салды
|
Либияның жоғарғы діни басшылығы – Дар әл Ифта жергілікті мұсылмандарға әлемге әйгілі Nike брендінің логотипі бар киімдерді сатуға, сатып алуға, киюге тыйым салды. Бұл жайында islam.kz порталы өз кезегінде «Африка бастамасы» деп аталатын ақпарат агенттігіне жөн сілтеген IslamNews сайтына сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Мұндай шешім аталмыш компания логотипінің ежелгі грек дінсіздерімен байланысты болғаны үшін қабылданған. «Компанияның өзі атауының грек тілінен алынғанын мойындап отыр. Ол ол ма, компания өз логотипінің (иілген фигура) гректердің жеңіс құдайанасының қанатына ұқсайтынын да мойындап отыр. Осыған байланысты мұндай логотиптегі киімді сатып алып кию – оны жалпақ жұрта әйгілеп көрсеткенмен (насихаттағанмен) бірдей – тыйым салынған пұтқа табынушылықпен байланысты символикалық белгілерді таратумен пара-пар», деп айтылған пәтуада. Дар әл Ифта, сонымен бірге, Nike компаниясының Израилге қолдау көрсеткенін де ұмыт қалдырмады. Оның киімін кию күллі әлем бойынша Израилге қарсы жарияланған байкотты сақтамауды білдіреді. Бұл байкотқа Дар әл Ифта 2023 жылы қолдау білдіріп қосылған болатын.