|
2060 жылға таман Марокко халқының төрттен бірін қарттар құрайтын болады
|
2060 жылға қарай Марокко халқының саны 36,8 миллионнан 43,3 миллионға дейін ұлғаяды, яғни, 17,8% -ға өседі. Бұл жайында islam.kz порталы Morokka News ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. . Алайда, ел тұрғындарының көбею қарқыны баяулайды, яғни, бұл өсім халықтың жылдық өсу қарқынының күрт бәсеңдеуімен қатар жүреді, дәлірегі, 2024 жылы 0,7% -дан 2060 жылға қарай нөлге дейін төмендеуі мүмкін. Жоспарлау жөніндегі жоғарғы комиссия (HCP) жариялаған, жаңартылған демографиялық болжамға сәйкес демографиялық үрдістер бүкіл ел бойынша айтарлықтай ерекшеленеді. 2024 жылғы жалпы халық және тұрғын үй санағының (RGPH) нәтижесіне, сондай-ақ, туу көрсеткіші, өлім-жітім, ішкі және халықаралық көші-қон бойынша соңғы деректерге сүйене отырып, HCP Мароккодағы қала тұрғындар санының одан ары өсетінін алға тартып отыр. 2060 жылға қарай олардың саны 32,5 миллионға жетеді, осылайша Марокко халқының төрттен үш бөлігін құрайды. Ал ауыл халқының саны болжам бойынша 10,8 миллионға дейін қысқарады. Бұл процесс урбанизациямен байланысты. Мектепке дейінгі жастағы балалар саны 23,8% -ға, яғни, 2024 жылғы 1,25 миллионнан 2060 жылы 960 000-ға дейін кемиді. Бастауыш мектеп жасындағы балалардың саны 27% -ға азяды - 4,16 миллионнан 3,04 миллионға дейін, ал базалық білім берудің бірінші кезеңіндегі халық 22,9% -ға кемиді - 2,08 миллионнан 1,61 миллионға дейін. 2024 жылы 22,08 миллион еңбекке жарамды жастар саны 2060 жылға қарай 24,96 миллионға дейін (+13,1%) өседі. Урбанизацияға байланысты қалалық жерлердегі еңбекке қабілетті халық саны 14,2 миллионнан 19,1 миллионға дейін (+34,4%) ұлғаяды, ал ауылдық жерлердегі еңбекке жарамды халық қарасы 7,9 миллионнан 5,9 миллионға дейін қысқарады. Болашақтағы жұмыс күшін құрайтын 18-ден 24 жасқа дейінгі жастардың қарасы кемиді. Олардың саны 2024 жылдан бастап 2060 жылға дейінгі кезеңде 3,89 миллионнан 3,77 миллионға (-3,1%) дейін төмендейді. Сонымен қатар, Марокко халқының қартаю процесі қарқын алады. HCP мәліметінше, 2060 жылға қарай 60 және одан жоғары жастағы адамдардың үлесі халықтың шамамен 25% -ын құрауы мүмкін, бұл ретте олардың саны екі еседен асады - 2024 жылы 5 миллионнан 10,9 миллионға дейін.