Үш нәрсе жүректі қатайтады (өсиет)
Үш нәрсе жүректі қатайтады (өсиет)
5 ай бұрын 3136
Мұса Жамал

Даналардың бірі Әбу Ләйс әс-Самарқандидің айтысына қарағанда жүректі үш нәрсе қатайтады. Олар келесідегідей:

  1. Таңқалдырмаған нәрсеге күлу (бостан босқа күлу, мәнсіз, орынсыз күлкі);
  2. Қарны ашпай тамақ жеу;
  3. Қажетсіз сөйлеу. 

Таңданбайтын нәрсеге күлу. Исламда бостан босқа дауыс шығарып, қарқылдап күлу құпталмаған нәрсе. Бұл дүниеде көп күлген, о дүниеде көп жылайды делінеді. Басқа бір хадисте «күлкі жүректі өлтіреді» делінген. Өйткені, қарқылдап күлу және күлекештік тақуа мүмінге тән қасиет емес. Сол себепті де ертеректе мүмін қарқылдап күлсе, оған қатысты «ақыретінен ғапыл адам» деп, онысын айып көретін. Пайғамбарымыз (с.а.у.) күлсе де орнымен күлетін әрі көбіне жымиятын болған.

Қарны ашпай тамақ жеу. Бүгінде көп адамның қателігі - қарны ашпай тұрып тамақ жеуінде. Соның салдарынан семіздік пайда болады, жүрекке май бітеді, нәпсісі семіреді. Нәпсісі семірген адамның жүрегі қатаяды. Және де қарны ашпай ас ішу адамның бойында кесірлілік тудырады, нанның қадірін ұмыттырады. Демек, тамақты қарны ашқанда жеудің адам денсаулығына тигізер пайдасымен қоса рухани пайдасы бар екен.

Қажетсіз сөйлеу. «Менің тілім - менің жауым» демекші көп сөзділік те адамды аздыратын және көп қателіктерге ұрындырар кемшіліктің бірі, бірегейі. Әзіреті Омардың бір сөзі бар: «Көп сөйлеген адам көп қателеседі, көп қателескен адам көп күнә жасайды, көп күнә жасаған адам тозаққа лайық болады» деген. Алла елшісі де өзінің асыл сөздерінің бірінде қорқылуы керек ең қорқынышты нәрсе жайында сұраған кісіге Ол (с.а.у.) тілін ұстап: «Мынау» деген екен. (Тирмизи). Басқа бір хадисінде: «Адам баласының ең көп қателігі - тілінде» дейді. Тағы бір хадисинде: «Не жақсы нәрсе айт, не болмаса үндеме» деген. «Басқа пәле тілден» деп атам қазақ ескерткендей, көп сөзді мылжын адамның қадірі қашады, иманы әлсірейді және жүрегі қатаяды. Аз сөзді адам байсалды көрінеді, айналасына сүйкімі артады, иманын сақтайды. Бір дана айтқан екен: «үндемегеніңе өкінсең бір рет өкінесің, ал сөйлегеніңе мың рет өкінуің мүмкін» деп, сондықтан да "сөйлеу - күміс, үндемеу - алтын" делінеді.

 

 

 

0 пікір