"Жүректің әскерлері" (1 бөлім)
"Жүректің әскерлері" (1 бөлім)
2 жыл бұрын 3731
Аударған Абдусамат Қасым

Екі әскер түрін білуің қажет.

1) Көрнеу

2) Көмес (немесе ішкі).

Көрнеу әскерлерге – құмарлық (шәһуат) және ашу-ыза жатады. Бұлардың тұрғынжайлары – екі қол, екі аяқ, екі көз, екі құлақ және т.б. дене мүшелері.

Ал, көмес (ішкі) әскерлерге – қиял күші, пікірлеу қабілеті, жаттау қабілеті, еске түсіру қабілеті және ойлау қабілеті жатады. Бұлардың тұрғынжайлары – бастағы ми.  

Осы аталған күштердің әрбірінің атқарар өзіне тән міндеттері бар. Егер осы күштердің бірі нашарласа, адам баласының екі дүниеде де хал-жағдайы нашарлайды.

Аталмыш әскерлердің бәрі жүректе топтасады. Жүрек - аталмыш екі әскер тобының әміршісі. Мысалы, егер ол (жүрек) тілге «сөйлеуді» әмір бұйырса, ол сөйлейді. Қолға «ұстауды» әмір етсе, ол ұстайды. Аяққа жүгіруді бұйырса, аяқ жүгіреді. Өзін (немесе денесін) қорғау үшін Бес сезім мүшелерінің бесеуіне осылай әмір етеді. Және де ақыреттегі өмірге азық жинап, ауын аулап, саудасын толық аяқтау үшін қажет.

Періштелердің Құдай Сүбханакә Тағалаға бағынатыны сияқты, аталмыш әскерлердің бәрі де жүрекке бағынады. Оның әмірінен шықпайды.

Жүректі және жүректің әскерлерін тану

Білгін! Әйгілі тұспал сөзде былай айтылады:

Адамның денесі – қала іспетті. Оның екі қолы мен екі аяғы және барлық дене мүшелері – қала тұрғындары.

Құмарлық күші – қаланың әкімі.

Ашу күші – қаланың сақшысы.

Жүрек – қаланың патшасы.

Ақыл – қаланың уәзірі.

Патша (яғни, жүрек) – қаланың тұрақтылығын сақтау үшін олардың бәрін басқарып отыруы қажет. Өйткені, қаланың әкімі болып саналатын құмарлық – кәззәп, көрсеқызар, әдепсіз біреу. Ал сақшысы болса, яғни, ашу – қаныпезер, соғысқұмар әрі бұзғыншы. Егер патша оларды өз еркілеріне қоя берсе, қала қирап, жоқ болады.

Патша мемлекетті басқару ісінде уәзірмен (яғни ақылмен) ақылдасып отыруы тиіс. Және де қаланың әкімі мен сақшысын уәзірдің қарамағына беруі тиіс. Егер осылай істейтін болса, мемлекеттің хал-ахуалы тұрақталып, қала өркендейді.

Ендеше (мысалда айтылғандай), дененің патшасы жүрек, (уәзірі болған) ақылмен ақылдасып отыру тиіс екен және құмарлық пен ашу-ызаны ақылдың әміріне беруі керек екен. Сонда адамның хал-ахуалы да жақсарып, «иләһи хазретті» (тәңірлік құдіретті) тану бақытына жетеді. Ал егер ақылды ашу-ыза мен құмарлыққа бағындырса, онда адамның болмысы жойылып, жүрегі ақыретте бақытсыз болады.

Жүректің қызметі

Білгін!

Құмарлық пен ашу-ыза – нәпсінің қызметкерлері. Бұл екеуі (құмарлық пен ашу) денені қорғайды, сезім мүшелеріне азықпен, ішім-жеммен, некелесумен қамтамасыз ету ісін жүктейді.

Және нәпсі – сезімдердің қызметшісі. Сезімдер ақылдың торы және оның барлаушылары. Сезімдердің көмегімен ол (ақыл) - құдіретті Ұлы Жаратушының жаратқандарын танып, біледі.

Ендеше, сезімдер – ақылдың қызметшісі екен. Ақылдың өзі – жүректің шырағы, шырағданы. Ақылдың нұрымен жүрек «Иләһи хазретті» (Алланың құдіретін) көреді. Жүректің жәннәты да осы - (Иләһи хазретті жүрек көзімен көру). Жүректің жәннәтының қасында, қарын мен құмарлықтың жәннаты ештеңе болмай қалады.  

Ендеше, ақыл - жүректің қызметшісі екен. Жүрек болса – «иләһи хазреттің» жәмәлін көру үшін жаратылған.

Кім (жүрегін) осы жөнде істетсе, ол ақиқи құл, (ал жүрегі) хазреті Алла Тағаланың қызметшісі болады. Алла тағаланың өзі айтқандай: «Жын мен адамды тек маған құлшылық жасасын деп жараттым». («Заррият» сүресі, 56 аят).

Ұшбұ аяттың мағынасы:

«Біз жүректі жараттық және оған патшалық беріп, қол астына әскерлерді бағындырдық. Дүние әлемінен - «аълә ъиллинге» (ең жоғарғы мәртебеге, мағына әлеміне) сапар шегу үшін денені оған мініс қылды. Егер ол (жүрек) осы нығметтің ақысын өтегісі келсе, патша болып мемлекеттің орталығына орналассын. Және «Хазреті Иләһияны» (Құдай Тағаланы) - құбыласы, ақыретті – тұрақты отаны, денені – мінісі, осы дүниені (уақытша тұратын) қонақ үйі, аяқ-қолдарын - қызметшісі, ақылды – уәзірі, құмарлықты – қазынашысы, ашуды – сақшысы, ал сезім мүшелерін – барлаушысы қылсын. Әрқайсысын бір өңірден жауапты етіп тағайындайды. Және олар жүрекке сол өңірлердің қал-жағдайларын жеткізіп тұрады.

Мәселен, мидың алдыңғы бөлігінде орналасқан қиял күші – бас барлаушы қызметінде. Бүкіл барлаушылар (сезім мүшелері) жинаған ақпарларды соған жинайды. Мидың ортаңғы тұсында орналасқан есте сақтау күші – хатшы қызметінде. Ол ақпараттар жазылған дәптерді бас барлаушының қолынан алып, сақтап, оларды уәзірге (яғни, ақылға) алып келіп ұсынады. Бұл ақпарлар уәзірдің қолына тигеннен кейін, уәзір (яғни, ақыл) жиналған ақпарларға қарап, мемлекеттің тұрмыс-тіршілігін, хал-ахуалдарын зерделейді. Егер олардың бірі, мысалы құмарлық немесе ашу, саған қарсы келер тірлік істеп жүргенін көрсең, тәртіпке сал, бірақ ол екеуін өлтіруді көздеме. Өйткені, мемлекет ол екеуінсіз тұрақтылығын жоғалтады. Егер осылай істесең, бақытты болып, өзіңе берілген нығметтің ақысын берген боласың, әрідесе сыйлықтың табысталуына лайық боласың. Ал олай істемесең, бақытсыз болып, жазаға лайық боласың... (Жалғасы бар).  

Имам Ғазалидің "Кимия-и сағадат"
("бақыттылық эликсирі")
атты кітабынан (араб тілінде).

0 пікір