АМАНАТ
АМАНАТ
4 ай бұрын 2171
Имам Ғазали (рахимаһуллаһ)

Құран Кәрімде былай делінген:

«Біз аманатты көктер мен жерге және тауларға ұсындық. Олар оны көтеруден бас тартты және одан қорықты»1. Яғни, аманатты орындай алмай жазаға тартыламыз ба деп қорықты немесе аманатқа қиянат жасап қоямыз ба деп қорықты.

Аталмыш аяттағы «аманат» сөзінің мәні - орындаған кісіге сауап, не (орындамаған кісіге) жаза берілетін «ғибадат» пен «парыз амалдар».

Тәпсірші Имам Құртуби айтқан: «Аманат сөзі - барлық діни міндеттемелерді қамтиды» деген. Дұрысы да осы және кейбір детальдарында әртүрлілік болса да, жалпы көпшілік ғалымдардың ортақ пікірі осы.

Сахаба Абдулла ибн Мәсъуд (р.а.) бойынша аяттағы аманат сөзі «уадиъа» секілді уақытша сақтауға берілген мал-дүниелердің аманаттығын білдіреді. Ардақты сахабаға тән басқа бір пікірде «аманат» сөзі барлық парыз амалдарды қамтиды, ал соның ішінде ең маңыздысы - аманат дүниелер деген. 

Сахаба Әбу Дәрда (р.а.) «ғұсылсыздықтан арыну үшін жуыну - аманат» дейді. Сахаба Абдулла ибн Омар (р.а.) бір сөзінде былай деген: «Адамның ең бірінші жаратылған дене мүшесі - ол жыныстық мүшесі. Алла пендесіне: «бұл ағза саған тапсырылған аманат, оны міндетті түрде (зина жасамай) орнымен қолдан, оны (зинадан) қорғап жүрсең, мен де сені қорғаймын» деген. Ендеше, адамның жыныс мүшесі аманат, құлағы аманат, көзі аманат, тілі аманат, қарны аманат және қолы мен аяғы аманат. Аманатқа қиянат жасайтын пенденің иманы жоқ.

Хасан Басри (р.а). айтқан: «Көктер мен жерге және тауларға аманат ұсынылғанда, олар ішіндегілерімен қоса (көктер мен жердің ішіндегілермен қоса) қалтырады. Өйткені, Алла Тағала оларға: «Егер, аманатқа жақсы қарасаң, ақыңды беремін, ал жаман қарасаң сені азаптаймын» деген еді. Сонда олар: «Жоқ» деп аманатты қабыл алудан бас тартты». 

Тәбиғин Мүжәһид былай дейді: «Алла Тағала Адамды жаратқаннан кейін оған да әлгіндей деп, аманатты ұсынды. Ал Адам «аманатты мойныма алдым» деді».

(Аяттан да белгілі болғандай) Алла Тағала аманатты көктер мен жерге және тауға ұсынған кезде мәжбүрлеп емес, таңдау еріктеріне берді. Егер мәжбүрлеп аманатты табыстағанда, олар оны қабыл алудан бас тарта алмас еді.

Каффәл және онымен пікірлес ғалымдардың сөзінше:

«Аталмыш аяттағы көктер мен жерге және тауларға «аманаттың ұсынылуы» образды түрде, астарлап айтылған дүние. Аспан, жер және таулар егер аманатты қабыл алуға икемді болғанда, өздерінің ірі болғандарына қарамастан шариғат заңдарын ондағы сауап пен жазаның ауырлығы себепті мойындарына алу оларға ауыр келер еді (деген астарлы ұғымда)». Яғни, (шариғи) міндеттемелер - көктер, жер және таулардың шамасы жетпейтін ұлы нәрсе деген сөз. 

Ал сол ұлы нәрсені Адам өз міндетіне алды. Алла Тағала айтқандай: «Оны адам баласы қабыл алды»2. Яғни, «әлмисақта» Адамның белінен оның ұрпақтары шығарылып, олардан уәде алынған кезде Әзіреті Адам аманатты мойнына алды. Аяттың жалғасында: «күмәнсіз ол (адам баласы) өте залым және тым қараңғы» делінеді3. Оның мағынасы: адам баласы аталмыш аманатты өз мойнына алу арқылы өзіне зұлымдық қылды және мойнына алған міндеттеменің немесе Құдайының бұйрығының қаншалықты ауыр екенінен бейхабар болды.

Әзіреті Абдулла ибн Аббастан (р.а.) мынадай риуаят жеткен: «Адамға аманат жүктелген кезде оған: «ішіндегілермен бірге ал. Егер бойсұнсаң сені кешіремін, ал (ішіндегілерге) қарсы келсең сені азаптаймын» делінді. Ол (Адам) оны ішіндегісімен бірге қабыл алды. Алайда, сол күннің екінтісі мен ақшам арасындай ғана уақыт өтер-өтпес, Әзіреті Адам тыйым салынған жемістен жеді. Құдай оңдап, Алла Тағала өз мейрімін төкті де, Адам қателігін мойындады, тәубеге келді, осылайша қайта тура жолға оралды». 

«Аманат» сөзі тілдік тұрғыда «иман» сөзімен түбірлес. Осыған орай Алланың аманатын қорғаған кісінің Алла да иманың қорғайды. Пайғамбарымыз (с.а.у.) бір сөзінде былай деген: «Аманатқа сақтықпен қарамайтын кісінің иманы жоқ. Уәдесінде тұрмаған кісінің діні жоқ»...

Бұхари мен Мүслімде келтірілген риуатта Әбу Һурайрадан жеткен хадисте Алла елшісі:

«Мұнафиқтың үш белгісі бар: сөйлеген көзде өтірік айтады, берген уәдесін орындамайды және мойнындағы аманатына қиянат жасайды» - деген.

Демек, мұнафиқ адам егер әлдекім оған бір сырын аманаттаса, ол оны адамдарға жария қылады немесе біреу оған дүниесін қалдырса, ол одан жалтарып бермей қояды немесе қорғамайды яки рұқсатсыз қолданады. Аманатқа берік болу - періштелер мен пайғамбарлардың сипаты және тақуа игі жақсылардың қасиеті.

Алла Тағала Құранда: «Алла Тағала сендерге аманаттарды иелеріне табыстауды бұйырады» дейді4. Тәпсіршілер айтады: «осы аят шариғаттың біраз іргелі-негізді қағидаттарын қамтып тұр» дейді. Осы аяттағы бұйрық бәріне қатысты - мейлі ол бастық болсын, мейлі біреудің қол астындағы ісші болсын». Осыған қарағанда билік иелері әділетсіздікке ұшырағандарға ынсаптық танытып, олардың ақыларын алып берулері тиіс және мұсылмандардың мал-дүниелерін, әсіресе жетімдердің дүниелерін қорғауға тиісті. Бұл оларға аманат.

Ғалымдарға дін үкімдерін халыққа үйретулері аманат. Ол аманатты қорғауды ғалымдар өз міндеттеріне алған.

Әке баласына жақсы тәрбие беріп, оған қамқорлық қылуы уәжіп, өйткені ол оған аманат. Алла елшісі (с.а.у.) былай деген: «Әрбірің бақташысыңдар. Әрбірің өз отарынан жауапты» деген. 

«Зүһрур Рияд» атты кітапта мынадай оқиға әңгімеленеді:

«Қиямет күні пенде Алланың алдына алып келінеді. Сонда Алла оған: «Пәлен адамның аманатын табыстадың ба?» - деп сұрайды. Ол: «Жоқ, уа, Раббым!» - деп жауап береді. Сонда Алла бір періштеге бұйырады, періште оны қолынан ұстап, тозаққа жетелеп апарады да оған тозақтың тереңіндегі аманатын көрсетеді. Сосын оны аманатының соңынан тозаққа тастайды. Ол тозақтың түбіне жеткенге дейін жетпіс жыл батады. Түбіне жеткеннен кейін аманатын алып қайта көтеріледі. Тозақтың бетіне жеткен сәтте аяғы тайып қайта тозақтың түбіне батады, кейін қайта көтеріледі, артынан қайта түсіп кетеді. Осылай, Мұхаммед пайғамбардың шапағат етуімен Алланың мейірімі түсіп, аманаттың иесі кешірім бергенге дейін жалғасады».

Сахаба Әбу Сәләмәдан (р.а.) жеткен риуаятта сахаба былай әңгімелеген:

«Пайғамбарымыздың (с.а.у.) қасында отырғанымызда жаназасын шығарсын деп, қайтыс болған бір кісіні алып келді. Сонда Алла елшісі: «Оның қарызы бар ма?» - деп сұрады. Жұрт: «Жоқ» деп жауап берді. Алла елшісі жаназасын оқыды. Кейін тағы бір қайтыс болған кісіні алып келді. Алла елшісі (с.а.у.): «Оның қарызы бар ма?» - деп сұрады. Жұрт: «Иә», - деп айтты. «Артында қалған дүниесі бар ма?» - деп сұрады Алла елшісі. Олар: «Үш алтын динар қалды» - деп жауап берді. Алла елшісі оның да жаназасын шығарды. Кейін үшіншісін алып келді. Алла елшісі оған қатысты да: «Оның қарызы бар ма?» - деп сұрады. Жұрт: «Бар» деді. «Артында дүние қалдырды ма?» деп сұрады. Олар: «Жоқ» деп жауап берді. Сонда Алла елшісі (с.а.у.): «Жолдастарыңның жаназасын шығарыңдар» деп айтты» деп әңгімесін аяқтайды сахаба.

Қатада (р.а.) былай әңгімелейді:

«Бір кісі Алла елшісіне (с.а.у.): «Уа, Расулалла! Егер Алла жолында табандылық танытып, оның сауабын үміт ете отырып, артқа қашпай алдыға ұмтылып шайқассам және өлтірілсем, менің қателіктерім кешіріле ме?» - деп сұрады. Алла елшісі (с.а.у.) оған: «Иә, кешіріледі» - деп жауап берді. Әлгі сұраған кісі бұрылып кетіп бара жатқанда Алла елшісі (с.а.у.) оған дауыстап: «Алла Тағала шейіттердің барлық күнәларын кешіреді, қарызынан басқа» деді» дейді Қатада (р.а.)5.

 


1  («Ахзаб» сүресі, 72 аят).
2  («Ахзаб» сүресі, 72 аят).
3  («Ахзаб» сүресі, 72 аят).
4  Ниса сүресі, 58 аят.
5  Имам Ғазалидің «Мүкәшәфәтуль Құлуб» атты кітабынан аударылды.

Қазақшалаған А. Қасым

 

 

0 пікір