Уағыз-насихат айтатын адамға 5 нәрсе қажет
Уағыз-насихат айтатын адамға 5 нәрсе қажет
2 жыл бұрын 5594

*Әмір мағруф – жақсылыққа шақыру, уағыз-насихат айту.


 

Ислам ғалымы Әбу Ләйс әс-Сәмарқанди айтады:

«Әмір мағруф жасап, уағыз-насихат айтатын адамға мына бес нәрсе қажет:

Біріншісі – діни ілім. Өйткені ілімі жоқ адам дұрыс уағыз-насихат айта алмайды.

Екіншісі – қалыс ниет. Мақсаты – (мақтан немесе танымал болайын дегендік емес) Алла Тағаланың ризалығына қол жеткізу және дінді көркейту болуы керек.  

Үшіншісі – шапқат (мейірім). Уағыз айтатын адамына мейірімді болып, мейірбандық танытуы керек. Қатты әрі дөрекі болмауы тиіс. Өйткені Алла Тағала Мұса пайғамбар мен оның інісі Һарунды (ғалейһимәссәләм), Мысыр патшасы перғауынға жіберер кезде екеуіне: «Оған жұмсақ сөз айтыңдар!» - деп бұйырған болатын.

Төртіншісі – сабырлылық пен жұмсақтық. Уағыз айтушы кісі сабырлы әрі жұмсақ болуы тиіс. Өйткені Алла Тағала Лұқман Хәкімның қыссасында (ғалейһиссәләм): «Жақсылыққа шақырып, жамандықтан тый және басыңа келген қиындыққа сабырлы бол» - деген. («Лұқман» сүресі, 17 аят).

Бесіншісі – айтқанына амал ету. Насихатшы кісі айтқан насихаттарына өзі де амал етуші болуы тиіс. Әйтпесе, Алла Тағаланың мына бір аятында айтылғандардың бірі болып, сөгіске ұшырайды: «Сендер адамдарға (жақсылықты) бұйырып, ал өздеріңді ұмытасыңдар ма?!». («Бақара» сүресі, 44 аят)[1].


[1] Әбу Ләйс әс-Сәмарқанди: «Тәнбиһуль  Ғофилин», 65 бет.

0 пікір