Абайдың "Күні-түні ойымда бір-ақ тәңірі" сөзі төңірегінде
Абайдың "Күні-түні ойымда бір-ақ тәңірі" сөзі төңірегінде
1 жыл бұрын 4611
Асылбек Әуезханұлы

Күні-түні ойымда бір-ақ тәңірі
Өзіне құмар қылған оның әмірі.
Халиққа махлұқ ақылы жете алмайды,
Оймен білген нәрсенің бәрі дәһрі, – деген Абай атамыз күндіз-түні бір Алланы ойлаудың маңызын білдірген. Жаратылысқа терең ой жүгіртіп, Жаратушының хикметін ұға отырып өзі де қазақтың ұлы ойшылына айналды. Тағы бір өлеңінде:

«Сүйенген, сенген дәурен жалған болса, 
Жалғаны жоқ бір Тәңірім, кеңшілік қыл» - деп екі дүниеге қатар ой жүгіртеді.

Кез келген ұлт өзінің жоғалтқан құндылықтарымен қайта қауышып, жарқын келешекке қадам басуы үшін терең ойлы, ақылды азаматтарға, ойшылдарға мұқтаж. Бүгінгі таңда қазақ халқы да қолға алған мәселесін ақиқат тұрғысынан терең салмақтай алатын, тарихымызды қопарып зерттей алатын және ойларын ел-жұртқа жеткізе білетін, діні мен діліне берік, таза рухты жандардың қажеттілігін сезіп отырғаны анық. Алайда қазір ойшыл адамдар қашан шығады деп күтіп отырмай, ел ішіндегі жастарды терең ойлай білуге, ойшыл болуға тәрбиелеудің маңызы зор. Еліміздегі әрбір жасты алмастай өткір ойлы, болаттай мықты пікірлі болуға баулуды бүкіл ел болып күн тәртібіне қоюымыз қажет. Ал ештеңеге қызықпайтын, ой соңына түспейтін, ас ішу, аяқ босатуды ғана ойлайтын жастар жарқын келешектен үміт күттіре алмайтыны шындық. 

Терең ойлау діни еңбектерде «тәфәккур» деп аталады. Бұл сөз қазақ тілінде «ойлау, пікір ету, ақылға салу» деген мағыналарды білдіретін «фәкәрә» түбірінен алынған. Ендеше қозғап отырған тақырыбымыз бір мәселе жөнінде терең ой толғау, әр нәрсенің байыбына бару, пайымдау, бүкіл санамен ойлап білу деген ұғымдар жөнінде. Қасиетті Құран кәрімде бұл мазмұндағы аяттар өте көп. Мысалы, «Әли Имран» сүресінің 199-аятында: «Ақыл иелері көк пен жердің жаратылысына ой жүгіртеді де: 

«Уа, Раббым, сен бұларды тектен тек жаратқан жоқсың» - делінген. 

Сондай-ақ «Бақара» сүресінде:

«Алла ой жүгіртулерің үшін өзінің аяттарын осылайша ашық мысалдармен баяндайды» делінген (266-аят).

Ал «Хашыр» сүресінің 21-аятында:

«Осы мысалдарды адам баласы (Алланың құдіретіне) ой жүгіртсін деп баяндаймыз» - делінеді. 

Байқап отырсақ, бұл аяттарда терең ой Алланың құдіретін еске алумен байланыстырылған. Сонда адамның отырса да, тұрса да, жатса да жер мен көктің арасындағы жаратылыстардың хикметтері мен бір Алланың құдіретін, мейірімін, рақымын, кешірімін, ұлылығын, пәктігін ойлауы өте маңызды. 

Ардақты пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде: 

«Терең ойлаудан асқан құлшылық жоқ» деп түйін жасаған.

Сондай-ақ:

«Алланың жаратылыстары жайлы бір сағат ой қорыту бір түнді құлшылықпен өткізгеннен артық» деген сүйіншісі де бар. Әйгілі ғұлама имам Ғазалидың: «Терең ой – құлшылықтың жартысы» деуі де тегін болмаса керек.  

Әр нәрсеге жай көзбен емес, ғибрат көзімен қараудың пайдасы көп. Бір нәрсеге назар аударғанда, оның өлшемдеріне, құрылысына, әдемілігіне, бағасына, құнына мән беру, не үшін жаратылғанын пікір ету бақылағыштық қасиетті қажет етеді. Мұсылман адам осы бір қасиетін де дамытқаны жөн. Дүниедегі әрбір заттың, құбылыстың, оқиғаның немесе істің астарында Алланың хикметі, даналығы, сыры жатады. Бұл жағынан алғанда, дүниені сырлар мен хикметтер әлемі деп атасақ та болатындай. Ақиқат пен шындықты көздеген адам сол сырлардың астарына үңілгені дұрыс. Ойлаудың, ақылға салудың, пікір етудің бір пайдасы осында. 

Басын ашып айтар нәрсе, ойшылдық деген құр қиялға беріліп, арманға бой алдыру дегенді білдірмейді. Ендеше, арзымасқа ақыл тауысудың қажеті шамалы. Ойшылдық терең ізденісті, жан-жүйемен толғауды талап етеді. Ойды дамытуға сүйенер тірегі, арқау етер мәліметтері болғаны дұрыс. Бүгінгі ғылым мен техниканың қол жеткізген жетістіктері жөнінде жалпылама болса да білімі бар адам соларды әрі қарай тереңдете алады. Мысалы, «Оқи білгенге жапырақ та ұстаз» демекші, шіліңгір шілденің ыстығында күймей, үздіксіз фотосинтез үрдісі арқылы ауаны оттегімен байытқан жапырақ жайында толыққанды мәлімет жинап, Алланың шексіз іліміне қанығып, шеберлігіне тәнті болуға сананы итермелеуге жол ашық. 

Құранды менсінбеген адамның өмір бойы ізденіп жеткен түйініне қарапайым иманды жан бір сағаттық ойлаумен жетуі де ғажап емес. Себебі, бүкіл ақиқаттың кілті Құранда жатыр.

"Дәйекті сөзден дән ізде".

0 пікір