Ұят болды...
Ұят болды...
8 жыл бұрын 14051
Қайрат Жолдыбайұлы

Осыдан үш жыл бұрын болған жағдай. Есіме түскен сайын өз-өзіме ренжимін. Оқиға былай болды, кешке үйге қонақ шақырып қойған едім. Үйдегі ішкі істер министрі базардан өрік-мейіз ала келуді маған құныттап тапсырған болатын. Қарбалас жұмыстың арасында жүріп көкбазарға әбден таяғанда бірақ бардым. Әдеттегідей көкбазардың алды қайнап жатыр. Көлігімді қоярға бос орынның ыңғайы келмей тұр. Кенет бір орынды көзім шалды. Өзімше:  Шлагбаумның жанындағы мына жер бос тұр ғой, кіріп-шығатын көлік емін-еркін өте алады" - дедім де көлігімді сол жерге тақап қоя салдым. Есікті жапқаным сол еді, күзетші бала жүгіріп келіп: "Ағасы, бұл жерге көлік қоюға болмайды, шлагбаумнан кіріп-шығатындарға кедергі келтіреді" - деді. Бауырым неге болмайды? Мына жерде бос орын тұр ғой. Ешкімге кедергі келтірмейді, түк те етпейді" - дедім. Күзетші бала: "Болмайды" - деді. Мен "Болғанда қандай, болады" - деймін де ештеңкеге қарамай көлікті құлттап, күзетшіге бағынбай алдыға бір қадам аттай бергенім сол еді, әлгі жігіт: "Аға енді таныдым. Сіз Қайрат Жолдыбайұлы емессіз бе? Мен сіздің кітаптарыңызды іздеп жүріп оқимын ғой" - деп ағынан жарылып, асты-үстіме түсіп ешкімге ашпайтын шлагбаумды ашып жатыр. Ал менің бетім ду ете қалды. Ұяттан өртеніп барам. Қанша асығыс болсам да, менікі пендешілік еді. Уағызыңды ұйып тыңдап, кітабыңды оқып жүрген мына жігіттің алдында ұрлық үстінде ұсталып қалған бала құсап, не дерімді білмей састым да қалдым. Қазақта "Қойдың құлағаны байқалмайды, түйенің сүрінгені көрініп тұрады" деген мақал бар. Ел алдында дін атынан сөйлеп жүрген біздерге пендешіліктің мұндайы да "харам"! Қандай жағдай болса да, қаншалықты асығыс болсақ та жақсы мінезден жаңылмау қажет. Көркем мінез табиғатымызға айналуы тиіс. Біздің қандай да бір қателігіміздің, ұсақ пендешілігіміздің өзі қайсыбір адамдардың дінге деген сеніміне селкеу түсіруі әбден мүмкін. Ендеше абай болған жөн.

Бүгінде сақал қойған жандарды жиі кездестіреміз. Сақал - сүннет. Қайсыбір ғалымдар бойынша уәжіп. Әркімнің өз таңдауы. Сақал қойған соң бет пішініңе ыңғайлап реттеп, күтіп ұстау керек. Бұл - бір. Екіншіден, қоғамда сақал қойған жанға намаз оқитын діндар адам ретінде қарайды. Ал төсіне жететіндей сақал қойып алған кейбір жандардың бастарына кепка, бұттарына тырысқан шортик киіп, шайнаң-шайнаң етіп сағыз шайнап, не болса, соны әңгіме қылып айтып тұрғанын көргенде іштей қынжыласың. Сақал қойған соң соған сай тақуалығыңды да қоса алып жүру керек. Қысқасы сақалдың қадірін кетірмеу ләзім. Әйтпесе, дініңе кір келтіресің. Орамал таққан қыз, келіншектер де солай абай болғаны жөн. Ал жалпы жұртқа айтарым, кісі қанша сақал қойып, әйел заты ұзын етек киіп, орамал тақса да ол бәрібір періште емес, пенде екенін ұмытпайық. Ендеше, олардың қателіктері үшін асыл дінімізді жазғыруға ақымыз да жоқ.

 

0 пікір