Табиғин ғалым Үәйс әл-Қарани
Табиғин ғалым Үәйс әл-Қарани
10 жыл бұрын 6148 Уәйс әл-Қарани мақамы [Сирия - Раққа]
Бақ Берген

Үәйс әл-Қарани – табиғин дәуірінде өмір сүрген тақуа кісілердің бірі. Йеменде өмір сүрген ол Мұрад тайпасына қарасты, Қаран деген аймақтан шыққан. Имам Шағрани «Табақат» атты еңбегінде Үәйсті былай суреттеген: «Орта бойлы, кең иықты, үлкен көзді, бидай өңді кісі еді. Басын үнемі төмен иіп жүретін, көзін жерден алмайтын. Ешкіммен сөйлеспейтін, базар орындарына бармайтын. Елдің күлгеніне ол жылайтын. Ешкімнен ештеңе сұрамайтын...»

Үәйстің асқан тақуалығы, құлшылыққа берілгендігі, дүниені еш көзге ілмегендігі замандастарын таңғалдырған. Ештеңе ішіп-жеместен, ұйықтамастан ғибадат, құлшылықпен, зікірмен өткізетін күндері аз емес еді. Әсбағ ибн Зәйд ол туралы былай деген: «Үәйс кеш түскенде: «Бұл түн руку түні болсын» дейтін. Сөйтіп таңға дейін рукуда тұратын. Ертесі күні: «Бүгінгі түн сәжде түні болсын», - деп, сол түні таңға дейін сәждеден маңдайын көтермейтін. Кеш түскенде үйіндегі аса қажетті азығынан басқасын түгел садақа етіп таратып, былай дұға ететін: «Алла тағалам, аштықтан, жалаңаштықтан өлгендер үшін мені жауапқа тарта көрме». Одан неге бұлай істейтіні сұралғанда: «Құлшылығымды періштелердің құлшылығына ұқсатқым келеді» дейтін (Хилиятул- әулия. 2/87).

Үәйс әл-Қарани Пайғамбарымыздың (с.а.у.) дәуірінде өмір сүріп, көптеген сахабалармен жүздессе де, Пайғамбарымызды өз көзімен көре алмаған. Сондықтан тасаууыф ілімінде сырттай әулие кісілердің игілігіне қауышу «Үәйси» мақамы ретінде қабылданған.

«Хилиятул әулия» кітабында Хазірет Омар (р.а.) мен хазірет Әлидің (р.а.) Үәйспен кездескендігі туралы мынадай мәлімет бар. Үәйс қажылық өтеу үшін Меккеге келеді. Бұл уақыттарда хазірет Омар үнемі Үәйс келіп қала ма деп құлағын түріп жүрген кездер еді. Өйткені Пайғамбарымыздың (с.а.у.) ол туралы айтқанын естіген. Сол себепті хазірет Омар (р.а.) Йеменнен келген қажыларға жолығып араларында Үәйс есімді кісі бар-жоғын сұрастырды. Бір қарт кісі: «Уа, Омар, сен айтқандай Үәйсті білмедім, бірақ арамызда ешкіммен сөйлеспейтін, базарға, қаламызға бармайтын Үәйс бар. Ол біздің түйелерімізді бағады, кешкісін біз оған тамақ береміз» деді.

Хазірет Омар (р.а.) қасына хазірет Әлиді (р.а.) ертті де, сол кісімен жолықтыруды өтінді. Екеуі іздеп барғанда, Үәйс бір ағаштың көлеңкесінде намаз оқып отыр екен. Намазын аяқтаған соң, екеуі оған сәлем беріп: «Сіз кімсіз?» - деп сұрады. Үәйс елдің түйесін бағып күнелтіп жүрген жалдамалы малшы екенін айтты. Есімін сұрағанда «Абдуллаһ» деді. Алайда хазірет Омар (р.а.): «Бәріміз де Абдуллаһ, Құдайдың құлымыз. Әке-шешеңнің саған қойған атын айт» дегенде: «Үәйс» екендігін айтты. Екі сахаба онымен біраз сөйлескеннен кейін өздеріне дұға етуін сұрады. Үәйс олардың хазірет Омар (р.а.) мен хазірет Әли (р.а.) екенін білгенде, қатты қуанып, екеуіне ұзақ қайырлы дұға етті (Хилиятул-әулия, Рағиб әл-Исфаһани, 2/82).

Өзіне әйгілі екі сахаба келіп жолығып, батасын алған хабар елге тарап кеткенде, Үәйс әл-Қарани бұл жағдайдан қысылып, Қараниды тастап, Куфаға кетіп, сонда өмір сүргенді дұрыс көрген деседі. Осы турасында Үсәйр ибн Жабирден жеткен мынандай риуаят айтылады: «Куфалықтар хазірет Омарға (р.а.) келеді. Араларында Үәйсті сыртынан мазақ ететін бір кісі де бар еді. Хазірет Омар (р.а.): «Араларыңызда Қаранилықтардан ешкім жоқ па?» - деп сұрағанда, жаңағы кісі келді. Хазірет Омар (р.а.): «Мен Аллаһ елшісінің: «Сендерге Йеменнен Үәйс деген кісі келеді. Кәрі шешесі ғана бар. Денесінде ақтаңдақтар болған. Дұға еткенде, бір динар немесе дирхамның орнындай ғана қалып, қалғаны кеткен. Араларыңда кім сол кісіге жолықса, батасын алсын» деген дейді». Әлгі кісі кейіннен барып Үәйстен бата сұрайды. Үәйс ендігәрі өзін мазақтамау, әрі хазірет Омардан (р.а.) естігендерін ешкімге тіс жармау шартымен оған дұға еткен» (Мүслим, Фәдаилус-сахаба, 223-224).

Бірде Харем ибн Хайян бата сұрап Үәйсқа барады. Үәйс өзеннің жағасында дәрет алып отыр екен. Жақындап барып сәлем береді. Риязатты ұстанып, құлшылыққа қатты берілгендіктен, өңі сарғыш тартып кетіпті. Оны сырттай жақсы көретін Харем жылап қоя береді. Харемнің жылағанына Үәйс те қосыла жылайды. Сөйтеді де: «Әй, Харем ибн Хайян, дүниенің ауыртпашылықтарын қалай қабылдап жүрсің?» дейді. Сонда Харем: «Әй, Үәйс, сен мені өмірі көрген емессің. Атымды қайдан білдің?» дегенде Үәйс: «Мүминдердің жаны бір-бірін таниды», - деп жауап қатады.  

Харем Үәйстен өзіне насихат айтуын сұрайды. Үәйс: «Аузу биллаһи минаш-шайтанир-ражим» деді де жылап мына аятты оқиды: «Біз көктер мен жерді, және олардың арасындағыларды ермек үшін жаратпадық. Оларды тек бір шындықпен (белгілі бір мақсат үшін) жараттық. Алайда олардың көбі білмейді. Үкім күні барлығының жиналатын күні. Сол күні достың досқа жәрдемі болмайды. Оларға еш көмек берілмейді. Тек Алланың көмек еткендері ғана (азаптан құтылады). Күмәнсіз, Ол асқақ, әрі мейірімді» («Дұхан» сүресі, 38-42). Аятты оқып, көп жылайды. Есін жия алмай бір мезет талықсып та кетеді.

Табиғин дәуіріндегі асқан тақуа тұлғалардың бірі Үәйс әл-Қарнидың кейіннен Сыффин соғысында шейіт болғандығы айтылады.

0 пікір