Құран сөзімен Пайғамбарымыз (с.а.у.)
Құран сөзімен Пайғамбарымыз (с.а.у.)
2 жыл бұрын 2849

Құран тілімен Пайғамбарымыз (с.а.у.) Ұлы жаратушымыздың бүкіл әлемге рахмет ретінде жіберген ең ұлы абырой-даңқ иесі Хазіреті Мұхаммед (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) Пайғамбарымызды танытып, оның асқақ сипаттары мен қасиеттерін ашып көрсететін Құран аяттарының кейбіреулеры мыналар:

1. «Біз сені бүкіл әлемге рахмет етіп қана жібердік»1.1 Аллаһ Тағала пайғамбарын рахмет өрнектерімен әрлеген. Оның болмысы – бүкіл мүминдер үшін рахмет. Өйткені Оған сеніп, Оның басқан ізімен жүргендер пәнилік және бақилық (ақыреттік) бақытқа қол жеткізеді. Кәпірлер үшін рахмет. Себебі Оның келуімен кәпірлер бұрынғы үмбеттерге бұл дүниеде берілген азаптан құтылады. Өйткені, жазалары ақырет күніне кешіктірілген (ақырет күнінде беріледі).

2. «Әй (даңқы ұлы) пайғамбар! біз сені, сөз жоқ куәгер, қуантушы, ескетруші және Оның әмірімен адамдарды Аллаһқа шақырған (тура жолды көрсететін) нұрлы шырақ етіп жібердік»2.

3. «Шынында сендерге өз іштеріңнен бір пайғамбар келді. Сендердің қиналуларың оған қатты батады. Ол сендерге ынтық, бүкіл мүминдерге аса еміренгіш, мейрімді»3.

Бұл аятта Аллаһ Тағала өзіне тән «Раууф» (мейірімді) және «Рахим» (рақымды) деген сипаттармен Пайғамбарымызды (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) да сипаттап, Оған деген ілтипатты білдірген. Пайғамбарымыздың мүминдерге деген ынтықтығы – оларға тура жолды көрсету үшін төзген қиындықтары және олардың дүние мен ақырет бақытына қол жеткізу үшін шеккен азаптары.

4. «Ол сондай Аллаһ, сауатсыздарға өз іштерінде оларға Аллаһтың аяттарын оқып, оларды (күнәлардан) арылтатын, сондай-ақ оларға Кітапты (Құран) және хикметті үйрететін пайғамбар жіберді...»4.

Бұл аят кәримада Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) міндеттері басты төрт тармақтан тұратындығы айтылады;

а. Адамдарға Аллаһтың аяттарын оқу.

ә. Оларды тазартып, игілікке жеткізу.

б. Аллаһтың кітабын үйрету.

в. Хикметті (даналықты) көрсету.

5. «(Ей, ұлық пайғамбар!) Сен түп-түзу, хақтан айырылмайтын тура жолдағы нағыз пайғамбарлардансың»5.

6. «Сөзсіз, Аллаһ мүминдерге үлкен қамқорлық етті. өйткені, оларға өз араларынан пайғамбар жіберді...»6.

Аллаһ Тағала құлдарының өзіне лайықты түрде құлшылық ете алмайтындықтарын білгендіктен бойына мейірім мен рақымшылықты дарытып жаратқан сүйіктісін оларға елші етіп жіберді. Оған (пайғабарға) еруді, бас июді өзіне бас ию деп санады да былай деді:

7. «Кімде-кім пайғамбарға бағынса, ол Аллаһқа бағынған болады»7.

Аллаһ Тағала өзін сүюдің жолын Оған еру және Оған тәуелді болу шартымен байланыстырып, былай бұйырды:

8. «Әй, ардақты пайғамбар! былай деп айт: «Аллаһты сүйсеңдер, маған еріңдер. Аллаһ та сендерді сүйсін және күнәларыңды кешірсін»8.

Оған еру, әрине, Аллаһтың махаббатына жеткізеді. Өйткені Аллаһ Тағала Оны көркем мінезді етіп жаратқан еді.

9. «Расында, сен аса көркем мінез иесісің»9.

Себебі, Аллаһ Тағала Оның жүрегін сеніммен, Ислам жолымен және пайғамбарлық нұрымен ашып, ғылыммен, хикметпен толтырған.

10. «(Әй, Мұхаммед!) Сенің көңіл көкірегіңді кеңейтпедік пе? беліңді қайыстырған ауыр жүкті алып тастамадық па? Абыройыңды көтермедік пе?»10.

Бұл аяттағы «ауыр жүк» пайғамбарлықтан бұрын пайда болуы мүмкін күнәлар немесе қараңғылық кезеңіндегі күндерің ауырлығы немесе Құранды баяндамастан бұрынғы пайғамбарлық жүгі деп тәфсир (жорамалданған) етілген. Ал «Сенің абыройыңды көтермедік пе?» деген аятта пайғамбарлықпен қатар абыройының артуы және шәһәдат кәлимасында өз атының Аллаһтың атымен қатар аталуы айтылған. Аллаһ Тағла Оны ең әдемі сипат пен ең жақсы қасиеттермен әрлеген, адамдар үшін жақсы және «нүмуне-и имтисал» (үлгі боларлықтай) етіп жаратқан:

11. «Расында, сендер үшін, Аллаһпен қауышуды және ақірет күнінде (азаптан) құтылуды армандағандар үшін және де Аллаһты көбірек еске алып тұрғандар үшін Аллаһтың расулінде әлбетте тамаша өнегелер бар»11.

12. «(Әй, мұсылмандар!) Сендер пайғамбарды шақырғанда бір-біріңді шақырған сияқты шақырмаңдар!...» («Әй, Мұхаммед!» демеңдер, «Уа, Расулұллаһ!», «Уа, Набииаллаһ!» деп атаңдар).12

Аллаһ Тағала бүкіл пайғамбарларды өз аттарымен атағанымен, Пайғамбарымызды «Ей, Расул!», «Ей, Наби!», «Ей, Пайғамбар!» - деп атаған. Бұл – Аллаһ Тағаланың оған көрсеткен құрметінің белгісі. Аллаһ Тағаланың Оған деген құрметінің тағы бірі-үмбеті үшін берген екі кепілдігі:

13. «Сен олардың ішінде болғанда, Аллаһ оларды азаптамайды. (Сондай-ақ) Олар жарылқау тілегенде де Аллаһ оларға азаптаушы емес»13.

Бұл жөнінде Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) былай деген:

Аллаһ Тағала маған үмбетім үшін екі кепілдік берді. Оның бірі – олардың араларынан кеткенімше, екіншісі олар жарылқау тілеп тұрған сайын Аллаһтың олардың азаптамауы. Қайтыс боларымда қиямет күніне дейін сендерге тәубе етуді аманаттаймын»14.

14 «біз сені бүкіл әлемдерге рахмет етіп қана жібердік» деген аяттың мағынасы, міне осындай.

Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) басқа бір хадисінде былай дейді:

«Мен – сахабаларымның қауіпсіздікте болуларына дәнекермін, әрі тыныштық бұлағымын. Мен қайтыс болғаннан кейін сахабаларыма уәде етілген қауіпті жағдайлар туа бастайды»15.15

Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) сахабалары үшін тыныштық бұлағы мен қауіпсіздік дәнекері болған. Өйткені, оларды араздасудан, алауыздықтан және бидғаттардан (Пайғамбарымыз баяндаған дінге жатпайтын істен) қорғаған. Оның сүннеті де жүзеге асырылған сайын үмбеті үшін қауіпсіздік дәнекері және тыныштық бұлағы бо-

лып жалғаса береді.

14. «(Ей, Мұхаммед!) Сен тек Аллаһтың рахметі арқасында оларға мүләйім болдың. егер дөрекі және қатал болсаң, олар сенен алыстап, бет-бетіне кетер еді»16. 

Проф. Доктор Кәміл Илмәз, «Пайғамбарымыз және Оның күнделікті іс-әрекеттері»


1 Әнбия сүресі, 107-аят.
2  Ахзаб сүресі, 45-46 аяттар.
3Тәубә сүресі, 128-аят.
4  Жұма сүресі, 2-аят.
5  Ясин сүресі, 2-аят.
6  Әли-Имран сүресі, 164-аят.
7  Ниса сүресі, 80-аят.
8  Әли-Имран сүресі, 31- аят.
9  Қалам сүресі, 4-аят.
10  Шарх сүресі, 1-4 аяттар.
11  Ахзаб сүресі, 21-аят.
12  Нұр сүресі, 63-аят.
13  Әнфал сүресі, 33-аят
14  Тирмизи, Тәфсирул-Құран, 3082.
15  Мүслим, Фадалиус-Сахаба, 207.
16  Әли-Имран сүресі, 59-аят.

0 пікір