"Баста жағдайым болмай оқудан кеттім...": Имам Әбу Юсуфтың естелігінен
"Баста жағдайым болмай оқудан кеттім...": Имам Әбу Юсуфтың естелігінен
2 ай бұрын 1494

Имам Ағзам Әбу Ханифаның үлкен шәкірті, ілімде «мүжтәһид-мұтлақ» дәрежесіне жеткен, хадисте «Хафиз» саналатын Имам Әбу Юсуф Жақып ибн Ибраһим ибн Хабиб ибн Саъд ибн Бахир ибн Мұғауия.

Оның арғы атасы Саъд ибн Бахир ибн Мұғауия ардақты сахаба болған. Ол «Хандақ» соғысына куә болған сахаба. Кейіннен Ирак жеріне аттанып, Куфа каласына табан тірейді. Сол қалада қайтыс болады. Жаназасын Зәйд ибн Әрқам оқиды. Міне осы сахабаның шөбересі болып саналатын Имам Әбу Юсуф үлкен дін ғалымы болып туады.

Имам Әбу Юсуф фиқһшы болуымен қатар, үлкен хадисші ғалым еді. Ибн Муғин ол жайында: «Әбу Юсуф – хадисші әрі сүннетші еді. Фақиһтардың арасынан ондай хадис ғылымын жетік білетін әрі сенімді кісіні кездестірмедім», – деп айтқан. Ұстаздарының бірі болған Ағмаш Әбу Юсуфтан бір мәселенің үкімін сұрайды. Оның берген жауабына таңырқап: «Бұны не нәрсеге сүйеніп айттың?», – дегенде Ол: «Сізден үйренген хадистен шығардым», – деп жауап береді. Сонда Ағмаш: «Мен бұл хадисті сен туылмай тұрып білетінмін. Бірақ оның мәнін енді түсіндім» - деген екен.

Имам Әбу Юсуф фиқһ ілімінің шыңына жетуі үшін Имам Ағзам Әбу Ханифаға шәкірттікке қабылданады. Содан ұстазы қайтыс болғанға дейін оның жанынан айырылмай, ғылым үйренеді. Деректерге қарағанда Әбу Юсуф Имам Ағзамға 17 жыл шәкірт болған.

Имам Әбу Юсуф тұрмысы нашар отбасыдан шыққан. Соның салдарынан ілім қууды тоқтатып, табыс табуды ойлаған кездері де болды. Өмірінің осы бір қиын кезеңін өз әңгімесінен оқиық: 

«Мен хадис пен фиқһ оқып жүрдім. Бірақ тұрмысы нашар кедей болдым. Бір күні Әбу Ханифаның қасында дәріс оқып жүргенімде әкем келді. Мен әкеммен былай шыққанда, әкем маған:

- «Ұлым! Әбу Ханифамен қатар аяғыңды созба (яғни, өзіңді Әбу Ханифамен салыстырма). Әбу Ханифаның жегені майлы шелпек. Сен болсаң ішіп-жемге мұқтажсың» - деді. Әкемнің сөзінен кейін ілім іздеуді азайтып, әкеге итағат етудің ізімен кеттім. Әбу Ханифаның ілім мәжілістерін (лекцияларынан) жіберіп алатын болдым. Әбу Ханифа мені іздеп таппай, мен жайында сұрастырды. Біраз күн дәріске бармай жүріп, бір күні барғанымда ол менен:

- «Сені айналдырып жүрген не нәрсе?» - деп сұрады.

- «Нәпақа табу мен әкеге бағыну мені ілім мәжілісінен қалдырды» - деп жауап бердім. Сол күні дәріске қатысушылар тарқағаннан соң Әбу Ханифа маған бір қалта ақша берді де:

- «Міне, осыны керегіңе жарат» - деді. Қалтаны ашып қарасам ішінде жүз дирхам бар екен. Одан кейін ол сөзін жалғап: - «Бірақ ілім алқасын (яғни дәрісті) жіберуші болма және мына қалтадағы ақша біткен кезде маған айт» - деді.

Сол күннен кейін қайта ілім алқасын жібермей қатысып жүрдім. Көп өтпей Әбу Ханифа тағы жүз дирхам ақша берді, тағы да солай біткен кезде айт деді (немесе дәрістен қалмауға менен уәде алды). Мен оған ақшамның бітіп қалғанын да, ақшаға мұқтаж екенімді де айтпайтынмын, бірақ ол өзі қайдан біліп қоятынын, әйтеуір (ақшам біткенде) мен тарықпасын, мұқтаж болмасын деп, маған ақша беріп тұратын» - деп әңгімесін аяқтайды1.

Қырағы ұстаз жас шәкірттің зеректігін байқап, оның болашақта үлкен ғұлама боларын сезгендей екен. Имам Әбу Юсуф үлкен дін ғұламасы болып жетіліп, Әбу Ханифаның құрған "Ханафи құқық мектебін" одан әрі дамыта түсіп, Ханафи мәзхабының бүкіл әлемге жайылуына үлкен септігін тигізеді. Жатқан жері жәннәт болсын!


1  Шейх Али Жұма: «әл-Мәдхәл илә диросәтиль мәзәһибиль фиқһия» - «Мәзхәбуль ханафия».

Дайындаған: Абдусамат Қасым

0 пікір