"Мен үйіме оралғандаймын": Тағы бір шіркеу әкейі Исламды қабылдады.
"Мен үйіме оралғандаймын": Тағы бір шіркеу әкейі Исламды қабылдады.
9 ай бұрын 4775

Әйгілі «шығыс-христиан» шіркеуінің священнигі Илларион Хиджи (Хиги) «Исламға оралды». Калифорнияда (АҚШ) туып-өскен Илларион өзінің Исламға келуін «Исламға оралу» деп түсіндіреді. Ол өзінің блогында жазған жазбасында былай дейді:

«Бұл расында да үйге оралғанға ұқсайды. Менің о бастапқы сеніміме. Мұны Құран да айтпай ма? Құран кітабы біз жаратылмай тұрып-ақ, бір Аллаға бойсұнып, оған мінәжат қылғанымызды айтады» -

- деп ағынан жарылған Хиджи (немесе Хиги) әрі қарай сөзіне Құранның мына бір қасиетті аятын дәлел қылып көрсетеді:

«Раббыңның адам баласының белінен нәсілдерін шығарып, оларды өз-өздеріне куәландырған сәтті еске ал. Алла оларға: Мен сендердің Раббыларың емеспін бе?! деді. Сонда олар: «Иә. Біз сол нәрсеге куәлік еттік!» деді. Бұл сендердің қиямет күні: «біз бұл нәрсені білмеген едік» демеулерің үшін»1

Өзінің тыңдаушыларының арасында сабырлылығымен, мейрімділігімен және діндарлығымен құрметке ие болған амарикандық шіркеу әкейі бұрын АҚШ-тағы орыс православия монахы болған. Шамамен 2003 жылы Ол «Антиохиялық православия шіркеуіне» өтіп, 2017 жылы одан шығады, сөйтіп «Шығыс католик шіркеуіне» қосылады. Кейіннен Виконсин штатындағы «Әулие Незианц» атындағы «Свято-Воскресенский монастырь»-ін аяқтап, Византия католик шіркеуінің священник-монахы қызметіне қабылданады. Кейін уақыт өте келе Исламды дұрыс көріп, мұсылман болады. Сөйтеді де есімін «Саид Абдулләтиф» деп өзгертеді. 

Негізінде Саид Абдулләтифтің (Илларион Хиги) жүрегінде хақ дінге деген иман шоғы осыдан 20 жыл бойы тұтанған. Алайда Исламға өтуіне іштей кедергілер және қорқыныш болған. Ол былай деп еске алады:

«Менде Ислам дінін қабылдауға деген құштарлығым алғаш рет 20 жастарымда пайда болды. Мен ол кезде Питтесбург (АҚШ) университетінде студент тұғым. Жас кезімде Исламды көп зерттедім».

Алайда Саид Абдуллатиф іштегі құштарлығын іс жүзінде жүзеге асыруға батылы жетпеген, өйткені «ата-анасы мен айналасы және қоғам не дейді» деген ой маза бермеген. Ол үшін ұзақ өмірлік жолды бағындыру керек болды. Ақырында, арадан жиырма жыл өтіп, Ислам дінін қабылдағанын жариялады.

Ислам дінін қабылдағанын жариялағаннан кейін кей адамдар сынап-мінесе, кей адамдар керісінше қолдаған. Туыстарының арасында да қолдағандар болғаны секілді, қарсы шыққандары да кездескен. Бірақ оны қатты таңқалдырғаны - христиан достарының әрекеті болды. Христиан достары мұның таңдауын оңды қабылдап, тіпті арасында соның ізінше Ислам дінін қабылдағандары да болған. Олардың бұл әрекеттері Хигидің таңырқауын одан да арттыра түскен. Сөйтсе христиан достарының арасында іштей жасырын Ислам дінін хош көріп жүргендері болған екен.

Әріқарай бұрынғы шіркеу әкейі өзінің блогында Ислам дінін қабылдағаннан кейін, ол іштей «бейбітшілікті, қуанышты және жүрек тыныштығын сезгенін жазады. «Соңында ішкі сезім мені өз үйіме әкелді ғой!» деген Саид Абдулләтиф сөзін былай деп қорытындылайды:

«Алда сенімге тереңірек бойлау жұмысы күтіп тұр. Алда терең әрі ұзақ білім жолы күтіп тұр. Дінге деген сүйіспеншілік. Үмбетке деген сүйіспеншілік. Пайғамбарға деген сүйіспеншілік» - дейді Ол. 2

Алла Тағала һидаят тапқандарға беріктік берсін, ал һидаят таба алмай жүргендерге һидаят жолын көрсетсін! Әмин.

А. Қасым 


1Құран, «Ағраф» сүресі, 172 аят.
2 Ақпараттардың дереккөздері: greaterislam in; sportskeeda com; aa.com tr

0 пікір