Мақаланың түпнұсқасы: "Ибн Туфайл — «мың бір түн» желісіндегі философ", авторы: Нұреддин Қаллала, зерттеуші, журналист. Алжир.
Ибн Туфайл — ғылымның бірнеше саласында өшпес мұра қалдырған ең танымал араб, мұсылман ойшылдарының бірі. Ол — Андалусиядан шыққан философ, ойшыл, қазы (судья), астроном, дәрігер әрі ақын. Әсіресе, ақыл-ой (философия) мен діни танымды бір-бірімен ұштастыруға тырысқан, әлемнің талай тіліне аударылған «Хайй ибн Яқзан» (Сергекұлы Хайй) атты еңбегімен әлемге танылды.
Ол астрономия, медицина және поэзияда үлкен із қалдырған. Астрономияда оның шәкірті Ал-Битруджидің айтуынша, Ибн Туфайл Птолемеидің аспан денелерінің қозғалысы туралы теориясына келіспей, эпициклдерсіз (ішкі-сыртқы шеңберлерсіз) жаңа астрономиялық жүйе ұсынған. Ал медицина мен поэзияға келсек, Лисан ад-Дин ибн әл-Хатибтің жазуынша, оның аурулар мен оларды емдеу жолдарына арналған «Арджуза» (өлеңмен жазылған медициналық трактат) мен софийлік (софылық) махаббатқа арналған поэмалары болған.
Замандастары ол туралы: «Философтың ақылымен, ақынның қиялымен жазатын еді», — деседі. Оның тілі — терең данышпандық пен софылық астардың тоғысы. Философиялық көзқарасын жеткізу үшін ол араб әдебиетіндегі дәстүрлі баяндау тәсіліне, тарихи аңыздарға сүйенеді. «Хайй ибн Яқзан» шығармасында экватор сызығындағы Үнді аралында жалғыз өскен баланың оқиғасын сипаттайды. Араб әдебиетінің кәусары «Мын бір түн» сияқты сиқырлы қиялға толы бұл шығармасында ол философияның күрделі ұғымдары мен ауыр терминдерін поэтикалық бейнелер мен астарлы символдарға өте шебер айналдыра білген.

Ибн Туфайл — ғылымның көп саласын меңгерген полимат. Источник: Pictures from History / Pictures From History/Universal Images Group via Getty Images.
Ибн Туфайл кім?
Ибн Туфайл (һижра бойынша 500–581 жж. / милади 1106–1185 жж.) — толық аты-жөні Абу Бакр Мухаммад ибн Абд ал-Малик ибн Мухаммад ибн Мухаммад ибн Туфайл аль-Қайси аль-Андалуси. Ол Андалусиядағы «Вади Аш» (қазіргі Испаниядағы Гуадикс) қаласында туған, бұл Кордобадан 35 шақырымдай жерде. Андалусияның ең ұлы философтары мен дәрігерлерінен дәріс алып, кейін уәзірлік қызметке дейін көтерілген. Әл-Мувахидтер мемлекетінің билеушісі Сұлтан Абу Яқуб Юсуфтың жеке дәрігері болған. Танымал философ Ибн Рушдпен замандас әрі тығыз дос еді.
Тегі жағынан арабтың маңдайалды «Бану Қайс» (Қайс ибн Аилян ибн Мудар) тайпасынан шыққан. Оны әдебиетте Андалуси, Кордоби, Ишбили деп те атайды. Һижраның 581 жылы (1185 ж.) 87 жасында Марокконың Марракеш қаласында қайтыс болып, сонда жерленді. Оны соңғы сапарға шығарып салуға Сұлтан Абу Юсуфтың өзі қатысқан.
Ибн Туфайл — мұсылман-араб философы, ғалымы, дәрігері әрі мемлекет қайраткері. Батыс әлемі оны Abubacer деген атпен таныды.
Жастық шағының көбін сабақ берумен және медицинамен өткізген ол кейін Гранадада уәзір болып тағайындалды. Батыс Африкадағы Мувахидтер сарайымен байланыс орнатып, Сеута мен Танжер билеушісі Абу Саид ибн Абд аль-Муминнің жеке хатшысы болды. Сұлтан Абу Яқуб Юсуфтың жанында үлкен сый-құрметке бөленіп, 1182 жылы сарайдағы қызметтерінен өз еркімен демалысқа шықты. Ол өзінің орнына болашақ сарай дәрігері етіп досы Ибн Рушдты ұсынған еді.
Өмір жолы мен ғылыми ізденістері
Ибн Туфайлдың нақты кімнен дәріс алғаны белгісіз, бірақ ол кездегі ғылымның ірі орталықтары Кордоба мен Севилья қалалары болатын. Тарихшы Абд аль-Вахид аль-Марракуши өзінің «Әл-Муъджиб» кітабында: «Ол философияны терең меңгерген бір топ ғалымдардан, соның ішінде Абу Бакр ибн Баджадан дәріс алды», — деп жазады. Дегенмен, кейбір деректер оның Ибн Баджадан тікелей сабақ алмағанын, бірақ оның философиялық мектебінен қатты әсерленгенін айтады.
Сондай-ақ, ол шариғат мен фиқһ (мұсылман құқығы) ғылымдарын меңгерген (шәкірті Ал-Битруджи оның қазы болғанын тілге тиек етеді).
Гранадада ұзақ жылдар бойы дәрігерлікпен айналысты. Бірақ оның өміріндегі ең маңызды кезең — Мувахидтер сұлтаны Абу Яқуб Юсуфтың сарайында өткен жылдары. Сұлтанның өзі өте білімді, философиядан хабары бар, араб тарихы мен аңыздарын жүйрік білетін адам еді. Тарихшы Ибн Халликан сұлтан туралы: «Ол араб тілінің шешендігін, исламға дейінгі және исламдағы арабтардың тарихын өте жақсы білетін. Сахих әл-Бұхариді жатқа айтатын, Құранды әрі фиқһты меңгерген, мәрт, қолы ашық елбасы еді. Ол ғылымға, әсіресе медицинаға құштар болып, жан-жақтан ғалымдарды жинады. Солардың арасында Ибн Туфайл мен Ибн Рушд бар еді», — деп жазады.
Поэзия, медицина және астрономиядағы еңбектері
-
Поэзияда: Оның өлеңдері орташа деңгейде бағаланған. Сұлтан Абу Яқуб Андалусиядағы мұсылмандарға көмекке әскер аттандырғанда, Ибн Туфайл елді елдікке, жауға қарсы тұруға шақырған рухты поэмалар жазған. Сонымен қатар, софылық махаббат (Ғазал суфи) бағытында да өлеңдер қалдырған.
-
Медицинада: Лисан ад-Дин ибн әл-Хатибтің айтуынша, Ибн Туфайл медицина бойынша екі томдық еңбек пен өлеңмен жазылған «Арджуза фит-тибб» трактатын қалдырған. Сондай-ақ, Ибн Рушд өзінің кітабында Ибн Туфайлмен дәрі-дәрмек жасау мәселелері бойынша ғылыми пікірталастар жүргізгенін атап өтеді.
-
Астрономияда: Ибн Рушд пен Ал-Битруджидің жазуынша, Ибн Туфайл Птолемеидің аспан денелері туралы теориясын сынап, ғаламның қозғалысын түсіндіретін мүлде жаңа астрономиялық жүйе ұсынған.
Философиялық мұрасы: «Хайй ибн Яқзан»
Тарихшылар Ибн Туфайлдың көптеген кітаптары болғанын айтқанымен, бізге жеткені — «Хайй ибн Яқзан» (Сергекұлы Хайй) немесе «Ишрақи философияның сырлары» деп аталатын жалғыз романы.
Бұл романы — араб әдебиетінің классикалық шедеврі. Жалпы бұл сюжетті Ибн Сина, Ибн ан-Нафис, Сухраварди сияқты ғалымдар да жазған, бірақ Ибн Туфайлдың нұсқасы өзінің философия, дін, педагогика мен әдебиетті керемет ұштастыруымен озық шықты. Кітапта Ақыл, Адам, Табиғат және Жаратушы арасындағы байланыс терең баяндалады.
Сюжеттің мәні:
Адамдардан жырақ, Үнді мұхитындағы иен аралда жалғыз қалған сәбиді (Хаййды) киік емізіп өсіреді. Бала есейе келе табиғатты, хайуанаттардың дыбысын, мінезін бақылап, еліктейді. Бара-бара ой жүгірту, бақылау және ақыл-ой арқылы айналасындағы әлемнің сырын ұғынып, өз бетінше Тәңірді таниды. Осылайша ол логикалық ойлау арқылы Жаратқанға жетеді, ал ақылдың шегі жетпеген жерде софылық (тасаввуф) танымға өтеді. Бұл еңбектің басты идеясы — Ақыл мен Діннің (Философия мен Шариғаттың) бір-біріне қайшы келмейтінін, қайта бір-бірін толықтыратынын дәлелдеу.
Ибн Туфайлдың өзге философтарға сыны
Ибн Туфайл өз еңбектерінде кейбір танымал ойшылдарды ашық әрі өткір сынға алған:
-
Әл-Фараби: Оның еңбектерін сын көзбен оқып, Фарабидің «бақыт тек осы дүниеде ғана» деген сияқты кейбір тұжырымдарын қабылдамайды.
-
Ибн Баджа: Оның ақылының алғырлығын мойындағанымен, «дунияуи істерге тым беріліп кетті, ғылымын толық қалдыра алмай ерте кетті» деп есептейді. Сондай-ақ, Ибн Баджа тек теориялық біліммен шектелді, ақиқаттың жоғары рухани деңгейіне (аулиелік/таным дәрежесіне) жете алмады деп санайды.
-
Ибн Сина: Ибн Синаны өзіне ұстаз әрі үлгі тұтқан. Оның софылықты ғылыми әрі объективті сипаттағанын жоғары бағалаған. Дегенмен, Ибн Синаның «Хайй ибн Яқзан» шығармасы жай ғана символикалық оқиға болса, Ибн Туфайл өзінікін терең философиялық еңбек деп есептеді.
-
Әл-Ғазали: Ғазалидің ақыл-ойды толықтай шектеп, тек руханиятқа кеткеніне келіспейді. Ибн Туфайл ақылдың рөлін катты қорғаған. Солай бола тұра, Ғазалидің рухани кемелдікке жеткен жоғары мәртебесін мойындайды.
Ибн Туфайл — Батыс пен Шығыстың ой-санасына, Тіпті Даниэль Дефонның «Робинзон Крузо» шығармасының жазылуына да жанама әсер еткен заңғар тұлға.1
1islamonline.net, араб тілінде. Қазақшалаған islam.kz