Қабірді нұрландыратын – «Тәһәжжүд» намазы
Қабірді нұрландыратын – «Тәһәжжүд» намазы
2 жыл бұрын 3126

«Тәһәжжүд» – араб тіліндегі «һәжәдә» деген сөздің түбірінен шығады. Мұның сөздікте екі түрлі мағынасы бар. Біріншісі, «түнде сергек болу» деген ұғымды білдірсе, екіншісі «түнде тұрып намаз оқу, түнгі намаз» деген мағынада қолданылады.Түнде тәтті ұйқыны қиып намаз оқу – түннің қараңғылығын нұрландырып, жарыққа бөлейді. Мұны ақиқаттың балын татып, дүние сырын терең ұққандар ғана сезіне алады.

Тәһәжжүд қабір қараңғылығының қақ ортасында сыздықтап сәуле шашқан шырақ тәрізді. Жалпы, бес уақыт намаздың қай-қайсысы да, адам жанын нұрландырып, уақыттың белгілі бөліктерін берекеге бөлейді. Пайғамбарымыз (с.а.с.) Тәһәжжүд намазын үздіксіз оқу арқылы бізге өміріміздің күндізін де, түнін де құлшылықсыз өткізбеуді сабақ қылғандай. Зәбур кітабы түскенде Дәуіт (а.с.) пайғамбардың анасы: «Балам! Түнде көп ұйықтама. Өйткені түнгі ұйқы ақыретте адамды кедей қылады»[1] – деп өсиет айтқан екен.

Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Алланың құзырында ең ұнамдынамаз Дәуіттің (а.с.) намазы. Ол түннің бір уағына дейін ұйықтап, сәл тыныққан соң тұрып құлшылық етіп, қайта демалатын»[2] – деп, Дәуіт пайғамбардың (а.с.) қалай құлшылық жасағанын айтқан.

Басқа бір хадисте Дәуіт (а.с.): «Алла тағала, «пейішіңе» кім кіреді және кімнің намазын қабыл етесің?» – деп сұрайды. Сонда Алла тағала: «Менің ұлылығыма оның алдында кішіпейілділік танытқан, күні-түні Мені есіне алып, разылығымды алу үшін нәпсі құмарлықтан тыйылған, аштарды тойдырып, жарлылармен дос болған, қиыншылыққа душар болғандарға шын жанашырлық таныта білген адамдар менің пейішіме кіреді, намаздары қабыл болады. Осындай құлдарымның нұрлары көктегі күндей жарқырайды. Бұлардың дұғаларын қабыл қылып, қалауларын беремін. Ашушаңдықтарын мейірімділікке, ғапылдықтарын зікірге, қараңғылықтарын нұрға айналдырамын. Мұндай жандардың пейіштегі орындары «фирдаус бағы» болады. Олардың су аққан арықтары ешқашан суалмайды, жемістері солмайды»[3] – деген.

Алла елшісі (с.а.с.) түнгі намаз жайлы:

«Парыз намаздардан кейінгі ең абзалы, түнгі намаз»[4]деген. Және бір хадисінде: «Түнгі намазды оқыңдар, ол сендерден бұрынғы ізгі, салихалы құлдардың әдеті. Шындығында түнгі намаз Аллаға жақындатады, күнәлардан арылтады, ауру-сырқаттардың шипасын беріп, жамандықтан алшақтатады»[5] – деген.

Екі жаһанның сардары Пайғамбарымыз (с.а.с.) «Түнде тұрып намазын оқып, әйелін намазға оятқан, ал егер әйелі оянбаса, су сеуіп оятуға тырысқан ер кісіге Алланың мейірімі болады»[6] - десе, «Түнде тұрып намазын оқып, күйеуін намаз оқу үшін оятып, намазын оқытқан, ал егер оянбаса, су сеуіп оятуға тырысқан әйелге Алланың мейірімі болады» – деп, түнгі намаздың абзалдығын айтқан. Тіпті осындай қайырлы істерді жасау барысында жарысу керектігі туралы мына бір хадисті ойға түйіп алсақ: «Кімде-кім түнгі намазға тұрып, жарын оятып, бірге намаз оқыса, Алла тағала ол екеуін Құран кәрімдегі «закирина уа закират» (үнемі Алланы зікір етуші ерлер мен әйелдердің ) қатарына жазады»[7].

Алла тағала Құран кәрімде Тәһәжжүд намазын оқитындарды: «Олардың жамбастары төсектерінен ажырап (түнде ұйқыдан тұрып) Раббыларына жалбарынады»[8] – деп сипаттаған.

Алла тағала Пайғамбарымызға (с.а.с):

«Ей, жамылған (елшім)! Түнде тұрып, түннің аз бір бөлігінен басқа уақытты құлшылықпен өткіз. Жағдайға қарай түннің жартысында немесе одан біраз азында немесе көп уақытында ғибадат қылуың жеткілікті. Құранды тәртилмен (тәртіппен, дұрыс), түсініп оқы»[9], – дейді.

Бұл аяттардан кейін «Алайда күндіз сенің істейтін көп шаруаң бар»[10] – деп, өзінің пайғамбарлық міндетін атқаратын уақыты мен Алла тағалаға жалбарынатын уақытын білдіреді.

Имам Ғазали түнгі дұға тілек пен намаздың маңыздылығы жайында былай деген: «Түнде барлығы тәтті ұйқыға батқан сәтте арштан бір дыбыс естіледі. Бұл дауыстың иесі: «Мұқият! Мұқият! Құлшылыққа көңіл бөлгендер, тұрып Алла үшін намаз оқысын! Аллаға шын берілген құлдар ұйқыларынан тұрып намаздарын оқиды» – деп ескертеді. Дәл осы дауыс түннің бір уағында: «Мұқият! Мұқият! Аллаһтан қорқып, таң шапағы ағарғанға дейін намаз оқыңдар» – деп екінші мәрте ескертеді. Содан соң біраз уақыт өткен соң тағы да: «Аллаһтан күнәларына кешірім сұрайтындар ұйқыларынан тұрып, намаз оқып, кешірім сұрасын!» – дейді. Шын мәнінде, күнәларының кешірілуін қалағандар түнделетіп тұрып намаздарын оқып, Аллаға тәубе қылып, кешірім сұрайды. Дәл осы дыбыс күн шыққаннан кейін: «Мұқият! Мұқият! Намаздарын оқымаған ғапылдар тұрсын» – дейді. Сол сәтте намаздарын оқымаған ғапылдар ақыретте қабірден тұрған өлілер секілді төсектерінен тұрады (намазының қазасын оқып тәубеге келеді немесе қаза намазын оқымай қиналып, жұмыстарына кетеді)».

Сондықтан Лұқман Хакім ұлына айтқан өсиетінде:

«Құлыным, таңғы қораздар шақырған сәтте ұйықтама. Тұрып дәретіңді алып, намазыңды оқы» – деген екен. Имам Ғазали құптан намазының дәретімен таңғы намазды оқыған көптеген адамдар болғанын, тіпті табиғиндерден 40 адамның 40 жыл бойы осылай намаз оқығанын жеткізген. Мысалы: Таус Йемени және Уаһб ибн Мунаббиһ 40 жыл, Сайд әл-Мусайяб 50 жыл, Имам Ағзам 40 жыл, Абдуллаһ ибн Зәйд 40 жыл, Хушәйм ибн Башир 20 жыл, Ибн Сахнун 14 жыл бойы құптан намазына алған дәретімен таң намазын оқыған[11].

Нұрлан Сайлауұлы, Еркебұлан Ыбырайымұлы, «Намаз – діннің тірегі».



[1] Мағрифетнаме 312 б.
[2] Муслим, Сиам 189, Муснад, 2\206.
[3] Имам Ғазали, Ихия Улумуддин т.1 Рубуул ғибадат 414 б.
[4] Муслим, Әбу Хұрайраның хадисінен
[5] Тирмизи, Табарани, Бәйһақи
[6] Әбу Дәуіт, Ибн Мажә
[7] Әбу Дәуіт, Нәсәи.
[8] Сәжде, 16.
[9] Музаммил 1/4.
[10] Музаммил 6/7.
[11] Имам Ғазали, Иһия Улумуддин, 1/359.

0 пікір