Ораза жайында не білесіз?
Ораза жайында не білесіз?
7 жыл бұрын 21051
Абдусамат Қасым

«Ораза» атауы парсы тіліндегі «Рузә» (روزه) сөзінің қазақша нұсқасы. Парсы тілінде «Руз» - «күн» дегенді білдірсе, «Рузә» - бір күндік ораза немесе ауыз бекіту ғибадаты дегенге саяды.

Оразаның араб тіліндегі баламасы «саум» болып табылады. Тілдік мағынада - әлдебір істі жасаудан немесе бір нәрсе айтудан өзін тыю дегенді білдіретін «саум» сөзінің шариғаттағы анықтамасы:

Таң атқаннан (таң намазының уақыты кіргеннен) күн батқанға дейін ішіп-жеуден және жыныстық қатынасқа түсуден тыйылу дегенді  білдіреді.

Рамазан айы – ай күнтізбесі бойынша тоғызыншы ай. Рамазан - мұсылмандардың жүрегінен ерекше орын алған ай. Ол – мейірім айы. Ол – кешірім айы. Ол – тозақ отынан құтылу айы.  

Рамазан айында ораза ұстау қашан парыз болды?

Ислам дініндегі бес парыздың төртіншісі - Ораза. Ораза ұстау - хижреттің екінші жылы парыз болды (м.624 ж). Пайғамбарымыз бақилық өмірге тоғыз Рамазан оразасын ұстап кеткен.

Тәпсір кітаптарға қарағанда алғашында ораза ерікті еді. Қалаған адам ауыз бекітіп, қалаған адам әр күні үшін бір пақырды тойдыратын. Кейінірек бәріне ауыз бекіту міндеттелді. Ораза ұстауға қауқарсыз қарияларға пидия беру қарастырылды.

(Пидия - Ораза ұстауға қауқары жоқ қариялар мен жазылуы неғайбыл науқастар ұстай алмайтын рамазан оразасының әр күнінде бір кедейді (таңертең және кешке) тамақтандырады. Бұны «пидия» дейді. Пидия шарты – ұстамаған оразасының қазасын еш өтей алмайтындай болуы керек. Ал егер науқас жазылып, қария ораза ұстайтындай жағдайға жетсе, онда оған фидия бермей, ұстамаған оразасының қазасын өтейді. Пидияның мөлшері пітірі садақаның мөлшеріне саяды).

 

Исламнан өзге діндерде де ораза бар ма? 

Рамазан айында ораза ұстаудың парыздылығы Алла Тағаланың мына бір асыл аятымен бекітілген:

«Ей, иман еткендер! Бұрынғыларға ораза ұстау міндеттелгендей, сендерге де ораза ораза ұстау міндеттелді»[1].

Аталмыш аяттағы «сендерден бұрынғыларға..» сөзіне тоқтала кетер болсақ, тәпсір кітаптарында ораза ұстау сонау Адам атадан жалғасып келе жатқан құлшылық түрі екендігі айтылады. Мұса (ғ.с.), Яхя (ғ.с.), Иса (ғ.с.) пайғамбарлар ораза ұстаған.

Мұса пайғамбар мен Иса пайғамбардың үйреткен діндерінің өзгертілген нұсқасы болып саналатын йудаизм мен христиан діндерінде де ораза құлшылығы орын алған.  

Йудаизм дінінде екі түрлі ораза бар. Біріншісі - Тәурат кітабында бұйырылған ораза түрі. Оны «Йом Кипур» деп атайды. Екіншісі - тарихи қайғылы оқиғаларға байланыстырылып дін басылары тарапынан бекіткен оразалар.

Бұнымен қатар, конфуциандықтарда, индустарда, дауосистерде, тіпті, джайнизм дініндегілерде де белгілі ораза түрі бары айтылады.   

Ораза кімдерге парыз?

Ораза ұстау – ақыл-есі дұрыс, балиғат жасына толған мұсылман адамға парыз.  

Оразаның дұрыс болу шарттары

  1. Ниет ету. Әр күнгі ораза үшін ниет етіледі. Ниет дегеніміз, ауыз бекітетінін іштей діттеу деген сөз. Оразаға ниет ету - кештен бастап, келесі күнгі «зәуәл уақтысына» дейін орындалуы мүмкін (зәуәл уақтысы  бесін намазына шамамен жиырма-отыз минут қалған уақыт).  
  2. Хайыз және нифастан таза болу.
  3. Оразаны бұзатын жағдайлардың болмауы.

Қандай жағдайларда ораза бұзылады?

  1. Табиғи жолдар арқылы әдейі немесе қателікпен ішке кеткен барлық зат оразаны бұзады. Табиғи жолдар: ауыз, мұрын, құлақ [құлақтан су кірсе бұзбайды], тік ішек, қынап. (Ораза екенін ұмытып ішіп, жесе ораза бұзылмайды).
  2. Күндіз ауыз берік кезде жыныстық қатынасқа түсу оразаны бұзады (ауыз ашқаннан кейінгі уақыттарда рұқсат).
  3. Истимна[3].
  4. Әдейі ауыз толтыра құсу.   

Қандай жағдайларда ораза ұстамауға рұқсат етіледі?

  1. Сырқаттың үдеуінен немесе жазылуы баяулауынан қауіптенген науқас адам (жазылғанда қазасын өтейді).
  2. Жүкті және емізулі әйел. Жүкті және емізулі әйел тәжірибе сүйеніп немесе сенімді мұсылман дәрігердің айтуы бойынша, өзіне яки баласына қандайда бір зиян тиеді деп қауіптенсе. Бірақ, алдағы уақыттарда ұстамаған оразасының қазасын өтейді.  
  3. Өміріне немесе денсаулығына қауіп төнетіндей қатты шөлдеп, қатты ашыққан кісі. Қатты шөлдеп, қатты ашығуының салдарынан өміріне немесе денсаулығына қауіп төнуінен қорыққан жанға яки басы айналып, құлап қалатындай күйге түскен кісі ауыз ашуына болады[4]. Кейіннен сол күннің қазасын өтейді.  
  4. Жолаушы кісі[5]. Жолаушы кісі мүмкін болса, ораза ұстағаны абзал. Осы орайда айта кету керек: Ауыз бекіткеннен кейін, сапарға шыққан кісі сол бастаған оразасын соңына дейін ұстайды.
  5. Оразаға қауқарсыз қария кісілер. Бұл кісілер оразаның әрбір күні үшін пидия беріп отырады[6]. 

Рамазан айының қасиеті

  • Рамазан айы – береке айы. Бұл айда Қасиетті Құран түскен[7].
  • Бұл айда бір түн бар. Ол - мың айға тең келетін қадір түні[8].
  • Рамазан айында жәннәт есіктері ашылып, тозақ есіктері жабылады. Жын-шайтандар кісенделеді[9].
  • Осы айда бар ықыласымен ораза ұстаған жанның өткен кіші күнәлары кешіріледі. «Ораза ұстаушының сауабын өзім берем» деген Жаратушымыз[10].
  • Пейіште «Раян» атты есік бар. Ол есіктен Ораза ұстаушы кісілер ғана кіреді[11]. 

Ораза ұстаушыға сүннет болған амалдар 

  • Сәресіге тұру. Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у.) былай деген: «Сәресін ішіңдер. Шынында сәресіде береке бар». (Сахих Бұхари).
  • Тым ерте ауыз бекітпеген жақсы. Таң намазының уақытына шейін кешеуілдеткен абзал (мысалы, 5-6 минут қалғанда).  
  • Күн батысымен бірден ауыз ашуға асығу абзал. Қараңғы түнге дейін  кешіктермеген дұрыс[12]. 
  • Ауыз ашар дұғасы: «Аллаһумма ләкә сумту уә бикә әмәнту уә ъаләйкә тәуәккәлту әу ъала ризқикә афтарту фағфирли зунуби ма қаддамту уа мә аххарту».  Қазақша мағынасы: Аллаһым! Сен үшін ораза тұттым, Саған иман келтірдім, Саған тәуекел еттім. Сенің берген ризығыңмен ауыз аштым. Уа кешірімді Аллаһым! Менің әуелгі және кейінгі күнәларымды кешіре гөр. 
  • Құран оқу. Мүмкіндігінше, намаздарды (ер кісілер) мешітте жамағатпен бірге оқу. Игі істер жасау. Пақыр, мұқтаж жандарға жәрдем беру.
  • Көркем әдептілікке өзін баулып, адамдармен жақсы мәміледе болу.
  • Кешірімді болу.
  • Ұрыс іздегендерге «Мен - оразамын» деу. 

Оразаның қандай пайдалары бар?

Оразаның рухани әрі физиологиялық пайдалары жетерлік. Рухани пайдасын айтар болсақ, ауыз бекіткен адамның тақуалығы артып, Ұлы Жаратқанның бұйрығын орындайды, тыйғанынан тыйылады. Ораза адамның ерік күшін арттырады. Шыдамдылыққа, нәпсісін жеңуге баулиды. Өз-өзін бақылауда ұстауды үйренеді. Оның үстіне, аштықтың не екендігін іс-жүзінде сезініп, осының нәтижесінде ғариб-мұқтаж кісілерге қол ұшын беру түйсігі қалыптасады.

Бұнымен қатар, ораза құдды намаз, қажылық секілді адамдардың бәрі тең екендігін, артықшылық тек тақуалықта екендігін ұғындырады.

Физиологиялық пайдасы, 1975 жылы Аллан Котт есімді медицина ғалымы өзінің оразаға қатысты жазған еңбегінде былай дейді:

«Ораза ұстау – адамның ас қорыту жүйесі мен орталық жүйке жүйесінің физиологиялық тұрғыда демалуын қамтамасыз етеді. Сондай-ақ, зат алмасуын қалпына келтіреді»[13]

(Зат алмасу (метаболизм) деп, тірі ағзада өтетін барлық химиялық реакциялардың жиынтығын айтамыз. Зат алмасу нәтижесінде ағзаға қажет заттар түзіледі және энергия бөлінеді)[14].

Француз биологы, ішкі ағзалар бойынша білікті дәрігер, Нобель сыйлығының лауреаты Алексис Каррель өзінің «Белгісіз адам» деген еңбегінде былай дейді:

«Адамдар ғасырлар бойы ораза тұтқан. Сондай-ақ барлық діндер ішіп-жеуден тыйылып, ораза ұстауды үнемі насихаттаумен болған. Адам ауыз бекіткенде ең бірінші аштық, одан соң денеде әлсіздік сезінеді. Кейде осының әсерінен адам қобалжуы да мүмкін. Бұл сыртқы болып жатқан жағдайлар, бірақ ішкі организмдегі құбылыстар маңыздырақ. Мысалы, бүйректегі қант, терінің астында сақталған майлар ериді. Ішкі ағзалар мен жүрек қалыпты жұмыс істеуі үшін оразаның арқасында барлық организм өзіндегі сақталған қордан қажетті энергия жұмсай бастайды. Бұл – болашақта адам организмінің жақсы жұмыс істеуін қамтамасыз етеді».

Макфон деген америкалық дәрігер былай дейді:

«Барлық адам тіпті ауру болмаса да ораза ұстауға мұқтаж. Себебі қазіргі тағам өнімдерінің улары адам бойына сіңіп қалады. Бұл адамдың организмінің белсенділігін тежеп, бойына ауырлық салып өзін ауру сияқты сезінуге апарады. Ал адам ауыз бекіткен кезде әлгі улы қалдықтар адам бойынан жойылып, ағзалар тазаланады. Бойындағы аштық кезінде жойылған жасушалар ораза ұстап болғаннан кейін 20 күнге жетпей қайта жаңарады. Денедегі улы қалдықтар кетіп, жасушалар жаңарған соң адам өзін жеңіл сезініп, қуатқа ие болады»[15].


[1] Бақара сүресі, 183 аят.
[2] Құлақтан су кірсе бұзылмайды.
[3] Истимна - өз-өзін қанағаттандыру арқылы шәуәтті шығару.  
[4] Имам Мухаммад Әбу Захра, Фәтәуә: Сиям.
[5] Шүрунбүләли : Имдәд – 663 бет.
[6] Бақара сүресі, 184 аят.
[7] Бақара сүресі, 185 аят.
[8] Қадір сүресі.
[9] Сахих Мүслім - №1079 хадис.
[10] Сахих Бухари.
[11] Табарани: Муъжамуль Кәбир - №21513 хадис.
[12] Сахих Мүслім.
[13] Аллан Котт: "Пост как образ жизни"
[14] kk.wikipedia.org/wiki/Зат_алмасу
[15] Бурхан Абдулхәкім: Оразаның денсаулыққа он пайдасы 

0 пікір