Кешірім - денсаулық пен бақыттың ең үздік емі
Кешірім - денсаулық пен бақыттың ең үздік емі
9 жыл бұрын 5942
Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын! 

Өмір белесінде сөз жүзінде біреуді кешіріп, ал жүрегінде сол адамға деген өшпенділік пен ыза, кекті ұстану жиі кездесетін жағдай. Ал Аллаға сенетін мұсылманның  кешірімі әрқашан шынайы және түпкілікті болып табылады, оның мінез-құлқында орынсыз ашу-ызаға орын бола бермейді. Иманға толы мүміннің жүрегі мейірімділік пен кешірімділіктен бастау алады.  Жаратушыға бойұсынушы мүмін үшін, кешірім мен мейірімділік ішкі жан әлемінің рухани құндылықтарының қайнары іспеттес. Егер қарым-қатынас кезінде жазықсыз адамды жәбірлеп,  жөнсіз қорлап, бар ашуыңызды төксеңіз, күнәнің батпағына баттым дей беріңіз. Өйткені, Ұлы Алла Тағала пенделеріне кек пен зұлымдықтан қашық болып, кешірім жолын ұстануды көрсеткен: "Бір жамандықтың жазасы өзіндей ғана жамандық. Сонда кім кешірім етіп, жарасса, онда оның сыйлығы Аллаға тән. Күдіксіз ол залымдарды жақсы көрмейді" (Шура, 40).

Егер сіз әлгі жәбірлеушіні кешіруге және оған жұмсақ болуға тырыссаңыз, Алла  шынында да, ерекше мейірімді жарылқаушы, сіздің де қателеріңізді кешіруші! Құран кешірімділік пен  мейірімділікті  адамның  ең жоғары моралдық құндылықтарына жатқызады. "Әрине кім сабыр етіп, кешірімді болса, дау жоқ, істердің ең маңыздысы осы"(Шура, 43).

Осылайша, кәміл мұсылмандар Құран Кәрімде сипатталғандай, шын мағынасында  кешірімшіл, жанашыр,  пәк ниетті, төзімді әрі мейірімді тұлға болып саналады. "Олар кеңшілікте, таршылықта Алла жолында мал сарып қылғандар. Сондай-ақ олар ашуларын жеңушілер, адамдарды кешірім етушілер. Алла жақсылық істеушілерді сүйеді" (Әли Ғимран, 134). Мүміндер тіршіліктегі әрбір құбылысты Ұлы Жаратушының қалауымен болатынын түсініп, қиын-қыстау жағдайда да шыдамдылық, сабырлық танытып,  ашу-ыза  мен кектің жүзеге асырылуына жол бермейді.

Соңғы онжылдықта жүргізілген американдық дәрігерлердің зерттеулері  өзгелерге кешірімділік танытатын адамдардың физикалық және моралдық тұрғыдан әрқашанда сау болатындығы жайлы тамаша фактіні анықтады. Стэнфорд университеті медициналық орталығының  дәрігері Фредерик Лускин мен оның  тобы 2000 жылы "Дін мен жүрек аурулары арасындағы  өзара қарым-қатынас" тақырыбында зерттеу жұмысын жүргізді. Зерттеуге Сан-Франциско тұрғындарынан 259 адам қатысты. Зерттеу кезеңінде ғалымдар кешірімділік пен жанашыр болуға үндейтін бір жарым сағаттық әңгімеге экспериментке қатысушыларды 6 рет шақырды.

Жүргізілген бақылау нәтижесі кешіруді үйренген адамдардың өздерін бұрынғыға қарағанда рухани әрі физикалық тұрғыдан әлдеқайда жақсы сезінетінін дәлелдеді. Барлық зерттеуге қатысушылар өздеріне қиындық пен жәбір көрсеткен адамдарды кешіргеннен кейін жүректерінде ауру мен мазалаған ауырлықты  сезінбегенін мойындаған. Мысалы, эксперимент соңында асқазан аурулары, ұйқысыздық, түрлі дене ауруларымен және  тұрақты стресстен зардап шеккен көптеген қатысушылардың  артынан мұндай аурулардың азайып, кейбірінің мүлдем жоғалып кеткенін анықтаған.

Стэнфорд университетінің денсаулық сақтау психологиясының докторы Фредерик  Лускин " Игілік  үшін кешіріңіз" атты кітабының тұсаукесерінде  былай деді: "Кешірім - денсаулық пен бақыттың ең үздік дәлелденген рецепті". Доктор Лускин бұл кітабында кешірімділік адамның денсаулығындағы бүкіл қауіпті және зиянды әсерлерді жоятынын мәлімдеген. Атап айтқанда, ашу-ыза, дұшпандық, қайғы мен депрессияның деңгейін төмендетіп,  стресстік оқиғалардың санын азайтады әрі оптимизм, үміт пен төзім, өз-өзіне сенімділік сияқты  адамның жағымды сипаттарын дамытады деп түсіндіреді. Ғалым Лускин  ұзақ уақыт бойы адамның бойында сақталған  ашу-ыза мен реніш көп кешікпей адамның физикалық жай-күйіне  жойқын теріс әсерін тигізіп, бұл сезімдер ағзаның ішіндегі термостатты қалыптан шығаратындығын дәйектеген.

"Төтенше ұзақ мерзімдегі ашу-ызаның  зияндығы сол, адам  тіпті шын мәнінде аз мөлшерде болсын, болған жағдайлардан ненің қалыпты екенін ажырата алмайтын болады. Ағзада  кенеттен пайда болған  агрессивті эмоциялар адреналинді өндіреді, сондықтан  адам өте жылдам әрекет етеді. Адреналин ағзаны қысып, ақыл-ойды мас қылады,  дұрыс ойлауға мүмкіндік бермейді, әрі қарай жағдайды  ушықтырып, адамның жағдайын ауырлатады". Сонымен қатар Лускин  стресс пен  ашу-ызаның кезінде ағзада қан қысымы мен  қандағы холестеринді  арттыратын  белгілі ферменттерді  бөлетінін  баяндаған.  Ал жиі ауытқулар,  қысымның өсуі мен  холестерин  ағза үшін өте зиянды.

1996 жылы  қыркүйекте "Жаңа емдеу" журналында "Кешірім" атты мақала баспа бетін көреді. Аталмыш мақалада дәрігерлер басқа тұлғаға немесе құбылысқа деген ашу-ыза адам жанына жағымсыз  сезімдер тудырып, адамның физикалық денсаулығы мен рухани үйлесімін бұзатындығын  жариялаған.

Екінші жағынан, 1500 адам қатысқан тағы бір зерттеуде Аллаға шын жүректен сенушілерде депрессия мен  психикалық аурудың  аз кездесетіні  көрсетілген. Осындай зерттеуге басшылық еткен профессор Герберт Бенсон сенім мен адам денсаулығының арасындағы қарым-қатынасты былайша түсіндіреді: "Кез келген  діни жүйе сенушілерді өзгелерді кешіруге үйретеді. Иманды адамдар жүректеріне проблемалар мен қорқыныштарды жинақтамайды, осы себепті оларға  өмірде көптеген нәрселер оңай және табысты беріледі. Бұл өз кезегінде депрессия мен стресстік оқиғалардың  қауіпін азайтады".

Ауыр мінезді әрі қарама-қайшылыққа бейім егде жастағы ересектер арасындағы жүрек аурулары сабырлы, жайдары мінезді құрдастарына  қарағанда үш есе жоғары болатыны айқындалды. Мазасыздық, озбырлық, ыза және ұрыс-керіс кезіндегі біреуге жамандық  ниет ойлау адамның жүрегінде қайтымсыз өзгерістер туғызады әрі түрлі аурулардың дамуына жол ашады. Ашуланудың кезінде қандағы стресс гормондарының саны артады. Жүрек бұлшықетіндегі қан жасушалары көп оттегіні қажет  ете бастайды. Мұның нәтижесінде қандағы тромбоциттер артып,  қан  ұйиды, бұл жүрек тамырлары үшін өте қауіпті. Стресс немесе ұрыс-керіс, ашу-ыза кезінде жүрек тыныштық күйіне  қарағанда екі есе жылдам соғады, ол қан қысымы тамырларының ұлғаюын туғызып, миокард инфарктісіне әкеледі. "Психосоматикалық медицина" атты  медициналықжурналда  зерттеудің  тамаша нәтижелері көрініс  береді:  шамадан тыс ашуланшақтық  пен жиі  ашу-ызадан жұқпалы аурулардың сан түрін тудыратын қандағы ақуыз жасушаларын өндіреді. Осы ақуыз жасушалары  санының көбеюі қан тамырларының серпімділік  қасиетінің төмендеуіне әкеледі және  біртіндеп жүрек талмасымен аяқталуы мүмкін.

Дьюк университетінің (Солтүстік Каролина, АҚШ) медицина профессоры  Эдвард  Суарез  агрессивті сипаттағы адамдардың қан ақуызы интерлейкин  6 (ИЛ-6) деңгейі, сайып келгенде, тамырлардың тарылуына душар етіп,  жүрек артериясына майдың  жиналуына әкелетінін баяндаған. Профессор Суарез өзінің ғылыми зерттеулерінің қорытындысында былай дейді: "Жүрек ауруларының пайда болуы  тікелей шылым шегу, жоғары қан қысымы, дұрыс тамақтанбаудан, толықтықтан және қандағы холестериннің жоғары деңгейіне байланысты болады. Бірақ осымен қатар төмендегідей психологиялық факторлармен де байланысты: депрессиялық темперамент, ашу-ыза және эмоцияшылдық,  реніш пен ұрыс-керіс".

"The Time" журналында жарияланған  "Ашу инфаркт қауіпін арттырады" атты мақалада  мінездегі күйгелектік пен ұстамсыздық жүрек талмасына  баратын бірден-бір жол екендігін хабарлайды. Ашу-ыза мен  стресстік жағдайларға жақын адамдар сабырлы, кеңпейіл, ақкөңіл адамдарға қарағанда үш есе көп және осындай адамдар  жүрек ауруларына бес есе ерте шалдығады. Джонс Хопкинс Университеті (АҚШ) дәрігерлерінің зерттеулеріне сәйкес, ашу-ыза мен мазасыздыққа жиі мүмкіндік беретін адамдарда  тіпті олардың отбасында генетикалық  жағынан ауру болмаса да,  жүрек ауруларының қауіпі көп кездеседі.

Көптеген медициналық ғылыми-зерттеу орталықтарының нәтижелері  бойынша  ашу-ыза мен эмоцияға берілгіштік- адамның денсаулығына бірінші кезекте ең ауыр соққы тудырады  деп көрсетеді. Оған бару қаншалықты қиын болса да кешірім адамды жағымсыз әсерлер мен күрделі қақтығыстардан  құтқарып, адамның физикалық және психикалық денсаулығын сақтауға көмектесетін игі әрекет болып табылады.

Кешірім мен жанашырлық-мұсылманның негізгі ізгі қасиеттерінің бірі. Сондықтан жүрегіңіздегі қатқан тоңды Алла разылығы үшін жібітіп, жүрегіңізді  кек пен ашудан босатыңыз, сонда рухани жеңілдікті сезініп, өмір сүруіңіз әлдеқайда жеңілдейді. Алайда  біз кез келген игі амал мен қайырлы іс сияқты кешірімнің басты мақсаты - Ұлы Алланың разылығына жету екенін ұмытпауымыз керек .

Дереккөз:  islam.com.ua.

Орыс тілінен аударған: Меруерт Бақдәулетқызы

2 пікір