Ғалымдар дабыл қағуда: «Әлеуметтік желіге тәуелділік- жасөспірімдердің зейінін тоздырады!»
Ғалымдар дабыл қағуда: «Әлеуметтік желіге тәуелділік- жасөспірімдердің зейінін тоздырады!»
20 сағат бұрын 385 islam.kz/

Америкалық ғалымдардың жаңа зерттеуі әлеуметтік желіге «байланып қалу» жасөспірім ұлдардың арасында бір нәрсеге зейін қоюдың жетіспеушілігі мен гиперактивтілік (ADHD) белгілерін өршітіп жіберетінін анықтады. Ал бұл — цифрлық платформаларды шектен тыс қолданудың ми қызметі мен ойлау қабілетіне тигізетін кері әсерін растайтын кезекті дәлел.

(JAMA Network Open) журналында жарияланған бұл зерттеу бес жыл бойы 11 мыңнан астам америкалық жасөспірімнің өмірін бақылау арқылы жүргізілген.

Желіге тәуелділік қалай байқалады?

Зерттеу нәтижесі көрсеткендей, бала 14-15 жасында желіге қатты беріліп кетсе, шамамен бір жылдан кейін оның мінез-құлқында зейіннің шашыраңқылығы мен мазасыздық белгілері айқын көріне бастайды.

Калифорния университетінің профессоры, педиатр Джейсон Нагатаның айтуынша, әлеуметтік желіге деген құмарлықты жай әуестік емес, нағыз «есірткіге тәуелділікпен» салыстыруға болады. Мұнда да адам өз еркімен тоқтай алмайды, қайта-қайта кіруге құмар болады және желіде өткізетін уақытын өздігінен азайта алмайды. Бұл өз кезегінде баланың ұйқысын бұзып, оқу үлгерімін нашарлатады және достарымен қарым-қатынасына салқындық түсіреді.

Сондықтан мамандар ата-аналарға баланың экран алдында қанша сағат отырғанына ғана емес, сол уақытты қалай, не үшін өткізіп жатқанына баса назар аударуға кеңес береді.

Неге қыздарға қарағанда ұлдарға әсері күшті?

Зерттеу барысында қыздардың әлеуметтік желіге тәуелділігі мен гиперактивтілік белгілері арасында тікелей байланыс табылмаған. Профессор Нагата мұны жігіттердің психологиялық ерекшелігімен түсіндіреді: жасөспірім ұлдар желідегі «жылдам сыйақыға» (лайктар, хабарламалар, қызықты видеолар) және үнемі жаңартылып отыратын жаңалықтарға тым бейім келеді.

Желідегі үздіксіз ағын мен жылдам ауысып жатқан контент баланың миын «шашады». Салдарынан ол сабақ оқуға немесе бір іске ұзақ уақыт көңіл бөлуге қауқарсыз болып қалады, яғни ойлау процесінің негізгі функциялары әлсірейді.

Маман пікірі

Психолог Джуди Чудың айтуынша, балалар мен жасөспірімдердің психикасы қалыптасу үстінде болғандықтан, мұндай цифрлық қысымға өте осал келеді. Тіпті ересек адамдардың өзі әлеуметтік желінің «тұзағынан» шыға алмай жатқанда, жасөспірімге мұны жеңу одан да қиын.

Бұған дейінгі зерттеулер де әлеуметтік желіні көп қолдану жасөспірімдер арасында депрессияның көбеюіне және интеллектуалды қабілеттің төмендеуіне әкеп соғатынын сан мәрте ескерткен болатын.

 


alarabiya.net

 

0 пікір