Ғаламтордың діни тұрғыдан 5 зияны
Ғаламтордың діни тұрғыдан 5 зияны
7 жыл бұрын 7572 old.muftyat.kz/
Хамзат ӘДІЛБЕКОВ

Өмір бейне жел өтіндегі шырақ тәрізді. Әр адамның жарық күні санаулы ғана. Әр пенденің тіршілік күйі тоқтаусыз кетіп бара жатқан өмір паровозының жолында бір бекеттен шығып, келесі бекеттен түсіп қала беретін жолаушыға ұқсайды. Атамыз қазақ адам ғұмырының қысқалығын тек қамшының сабына теңеген және халықтық әндерінде «Өткізген жақсыменен жарты сағат, жаманның өтіп кеткен өміріндей», – деп уақыттың құнын өте жоғары бағалаған. Сондықтан әр күніңді, уақытыңның әр сәтін саналы меңгергенің, мағыналы, мәнді өмір өткізгенің – тұтас ғұмырыңды ұзартқаның болмақ. 

                           Уақытты тоқтатар шамаң бар ма?
                           Бәрі өтеді: дәуірлер, замандар да.
                           Менің жаным ашиды бұл өмірді,
                           Өтпейтіндей көретін адамдарға! - дейді Мұқағали Мақатаев. 


Адам баласы әрқашан уақытты босқа өткізбей өзіне және қоғамға пайда келтіретін іспен айналысуы, айталық, қызмет ететін сәтте құлшына қызмет істеуі, дем алатын уақытта демалып тынығуы, тамақтанатын кезде тамақтануы, мәдени тұрмыспен айналысатын, сейілдеп бой жазатын, спорттық шынығумен шұғылданатын тұста оны да өз лайығында дұрыс пайдалануы қажет. Қысқасы, уақытты дұрыс пайдаланған адам – өзінің дене ақаусыздығын сақтап, рухани жан дүниесін онан ары кемелдендіріп өмірде көздеген мақсатына тез жете алатын болады. Уақытты зая кетіру өкініші – ең ауыр өкініш. Өйткені уақытты орнына келтіру мүмкін емес. Өлген адамды қайта тірілте алмағанымыздай, бос кеткен уақытты да қайта келтіре алмаймыз.

Интернет немесе ғаламтор осы заманда бүкіл әлемді қамтып, халықтың көп бөлігін өзіне тәуелді етіп қойды. Интернет  соңғы онжылдықта ерекше қолданысқа ие, тіпті кейбір адамдар өмірлерін онсыз елестете алмайды. Оның біздің күнделікті өмірімізге пайдасы ұшан теңіз. Адам баласы том-том кітаптарды қотармай, қажетті мәліметін интернеттен ала алады. Ұзақ кезекте тұрмай, коммуналды төлемдерін, ақша аударымдарын жасай алады. Өмірге қажетті, оны жеңілдететін сан-қилы тәсілдер осы ғаламторда жатыр. Ғаламтордың ерекше орасан мүмкіншіліктерімен қатар көлеңкелі, зиянды тұстары да аз емес.

1. Интернеттің пайда болуымен танысып, тілдесу сайттары көбейді. 

Осы сайттар арқылы адамдар туыстары, достары, жұмыстағы әріптестерімен байланыс құруға мүмкіндік алады. Алайда бұл біз ойлағандай әрдайым шариғат шеңберіне кіре бермейді. Интернет қолданушылардың көбі жақын туыстармен араласпай, өзге жат адамдармен араласып, ешбір бақылаушы, қадағалаушы болмай, виртуалды тұрғыда байланыс құрғанда сезімдеріне ерік беріп, тікелей кездескен кезде айта алмайтын сөздерін жеткізіп жатады. Жайшылықта екі сөздің басын құрай алмайтын кейбір жастар мұндайда сезім қытығын келтіретін сөздерді тауып, қиыннан қиыстырып, талай жанның жүрегінде махаббат ұшқынын лаулатуда. Әлбетте, бұның барлығына шариғи шеңберде қатаң тыйым салынады. Бұл - Алланың харам еткен зинасына апар жолдардың бірі. Алла тағала Құран кәрімде:

وَلَا تَقْرَبُوا الزِّنَا ۖإِنَّهُ كَانَ فَاحِشَةً وَسَاءَ سَبِيلًا 

Зинаға жоламаңдар. Өйткені, Ол анық арсыздық және жаман жол.[1]

Бұл аятта Алла тағала тек зинадан ғана емес сол зинаға апаратын жолдан да тыйым салуда. Сол себепті зинаға апаруы мүмкін кез келген әрекеттен, сөзден бізді Алла тағала тыйған. Осындай бейкүнә хат алмасудың арты көп жағдайды келеңсіз жайттарға апарып жатады. Қанша жанұя осының кесірінен ажырасып, қаншама қыздар пәктігінен айырылуда. Кей жағдайдайларда жастар жауапсыз махаббаттың кесірінен өзіне қол жұмсап, қараша үйді қара жамылтқан жастар аз ба?!

2. Ғаламтор - ол да бір кір-қоқыс жәшігі. Өсек-өтірік, алып қашпа әңгімелер, өздерін жұлдызға теңеген Қазақстан эстрада майталмандарының күнделікті өмірі, олардың не киіп, не жейтіні сол мәселеге қатысты жазылған пікірлер жалғастыра берсе, адамның рухани да, материалдық та өсуіне еш пайдасы жоқ мәліметтер - бұның барлығы ғаламтордың кір қоқысы. Алла тағала Құран кәрімде:

يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا اجْتَنِبُوا كَثِيرًا مِّنَ الظَّنِّ إِنَّ بَعْضَ الظَّنِّ إِثْمٌ ۖ وَلَا تَجَسَّسُوا وَلَا يَغْتَب بَّعْضُكُم بَعْضًا ۚ أَيُحِبُّ أَحَدُكُمْ أَن يَأْكُلَ لَحْمَ أَخِيهِ مَيْتًا فَكَرِهْتُمُوهُ ۚ وَاتَّقُوا اللَّهَ ۚ إِنَّ اللَّهَ تَوَّابٌ رَّحِيمٌ 

Әй мүміндер! Күмәнның көбінен сақтаныңдар. Өйткені, күмәнның кейбірі күнә. Сыр тексермеңдер, біреуді-біреу ғайбаттамасын. Біреулерің өлген туысының етін жеуді жақсы көре ме? Әрине, оны жек көресіңдер. Расында Алла тәубені тым қабыл етуші, ерекше мейірімді.[2]

Осыған байланысты Пайғамбарымыздың (с.а.у) мүбәрак хадисінде:

إياكم والغيبة فإن الغيبة أشد من الزنا إن الرجل قد يزنى ويتوب فيتوب الله عليه وإن صاحب الغيبة لا يغفر له حتى يغفر له صاحبه

«Ғайбаттан сақтаныңдар, өйткені ғайбат зинадан да ауыр. Адам зина етіп тәубе етсе (қайта істемесе) Алла та’ала оның тәубесін қабыл етеді (кешіреді). Ғайбатталған адам, ғайбат еткен адамды кешірмейінше кешірілмейді.» [3]

عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ أَنَّ رَسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ قَالَ أَتَدْرُونَ مَا الْغِيبَةُ قَالُوا اللَّهُ وَرَسُولُهُ أَعْلَمُ قَالَ ذِكْرُكَ أَخَاكَ بِمَا يَكْرَهُ قِيلَ أَفَرَأَيْتَ إِنْ كَانَ فِي أَخِي مَا أَقُولُ قَالَ إِنْ كَانَ فِيهِ مَا تَقُولُ فَقَدْ اغْتَبْتَهُ وَإِنْ لَمْ يَكُنْ فِيهِ فَقَدْ بَهَتَّهُ

Әбу Һурайра (р.а.): «Бірде Алла елшісі (с.а.у.): "Ғайбат сөздің не екенін білесіңдер ме?" - дегенде, сахабалар: "Алла мен Оның елшісі бізден жақсы біледі", - деді. Алла елшісі (с.а.у.): "Ғайбат - мұсылман бауырың туралы (егер естісе) оған ұнамайтын сөз айтуың", - деді. Сахабалардың бірі: "Егер айтқаным рас болып, мен сөз еткен мін, кемшілік оның бойында болса ше?" - деп сұрады. Сонда ол: "Егер сен сөз еткен мін, кемшілік оның бойынан табылса, оны ғайбаттаған боласың. Ал егер табылмаса, жала жапқан боласың" - деп айтты»[4] - деген. 

Ғаламторда жарық көрген әртүрлі мәліметтерден кейін адамдар үздіксіз пікірлер жазудан жалықпайды, соның ішінде ғайбат, жала жабу фактілері көптеп кездеседі. Соңғы кездері дін қызметкерлеріне қатысты жалалар қызу талқыланып, ғайбатқа жол беру жайттары жиі кездеседі.

3. Порнографиялық сипаттағы суреттер, видеоларды қарау. 

Алла тағала Құран Кәрімде бұл әрекетке қатаң тыйым салған:

قُل لِّلْمُؤْمِنِينَ يَغُضُّوا مِنْ أَبْصَارِهِمْ وَيَحْفَظُوا فُرُوجَهُمْ ۚ ذَٰلِكَ أَزْكَىٰ لَهُمْ ۗ إِنَّ اللَّهَ خَبِيرٌ بِمَا يَصْنَعُونَ ﴿٣٠﴾وَقُل لِّلْمُؤْمِنَاتِ يَغْضُضْنَ مِنْ أَبْصَارِهِنَّ وَيَحْفَظْنَ فُرُوجَهُنَّ وَلَا يُبْدِينَ زِينَتَهُنَّ إِلَّا مَا ظَهَرَ مِنْهَا ۖ وَلْيَضْرِبْنَ بِخُمُرِهِنَّ عَلَىٰ جُيُوبِهِنَّ ۖ وَلَا يُبْدِينَ زِينَتَهُنَّ

(Мұхаммед Ғ.С.) Мүміндерге айт: (Бөгде әйелдерге қараудан) көздерін сақтасын. Әрі ұятты жерлерін (зинадан) қорғасын. Бұл олар үшін өте жақсы. Рас Алла, олардың не істегендерінен хабар алушы.(31) Мүмін әйелдерге де айт: "(Бөгде ерлерден) көздерін сақтасын. Әрі ұятты жерлерін (зинадан) қорғасын. Сондай-ақ зейнеттерін көрсетпесін. Бірақ олардың өздігінен көрінгендері басқа (беті, қол-аяқтары). Және бүркеншіктерін омырауларына түсірсін. Зейнеттерін керсетпесін. [5]

Бүгінде порнография дүниені жайлап кеткен. Оны кез келген жерден — жарнама, сән әлемі, кино, музыка, журнал, сондай-ақ теледидар, бейнеойындар, смартфон, мобильді құрылғылар, суреттермен бөлісуге арналған сайттардан не басқа да веб-сайттардан — табуға болады. Адамдардың порнографияға еттері үйреніп кеткен көрінеді. Порнографияға құнығып кеткендердің саны барған сайын өсіп, бұрын-соңды болмаған деңгейге жетті. Порнографияның сыр-сипаты да өзгеріп жатыр. Профессор Гейл Дайнс былай дейді: “Азғын бейнелердің шектен шыққаны сонша — кезінде жаға ұстатқан порнографияның ең анайы түрі бүгінде кәдімгі нәрсе болып кеткен”.

4. Компьютерлік онлайн ойындар - 21-ғасырдың обасы. Ғалым-зерттеуші А.Сидорованың 12-14 жастағы жасөспірімдерден тұратын 2 топқа компьютерлік ойынның әсерін білу үшін жүргізілген эксперимент нәтижесін талдау оған келесі шешімді жасауға мүмкіндік береді:

1. Компьютерлік ойындардың жасөспірім психологиясына әсері барысында тітіркену, сезіктену, ойыншы тарапынан жағымсыз көріну секілді сезім артады. 

2. Компьютерлік ойынды ойнайтын жасөспірімдер балаларға тән кішігірім бұзақылықта немесе жеңіліске ұшырауда өздерін айыпты санайды. 

3. Компьютерлік ойынды ойнайтын жасөспірімдерде айнала қоршаған өмірге теріс қарау пайда болады (жақындармен ұрысу, айқайлау, басқаларды кемсіту).

4. Мұндай жасөспірімдер тек үстем-үстем сөйлеп қана қоймай, денеге зақым келтіру әрекетін де қолданады.

Компьютерлік ойындармен ұзақ ойнаған сәтте жасөспірімдер ойын әсерінен ұзақ мерзімге дейін айыға алмай, тұрып қалады, яғни ойынды аяқтаса да жасөспірімдер біршама уақыт қиялдан айыға алмайды. 

Компьютерлік ойындар мазмұнын талдау барысында оның 50%-ң зорлық-зомбылық актілерінен тұратыны анықталады: 

* Компьютер залына келушілерге (негізінен олар жасөспірімдер, жасы 18-ге дейінгі жастар) жеткілікті компьютерлік ойындардың барлығы дерлік қылмысқа, қияли жағдайға және спортқа бағытталған интерактивті әрекетке арналған; 

* Компьютерлік ойындар тақырыбының 17,24%-ы (87-нің 15-і) ешқандай зорлықты дәріптемейді. Бұл ойындар денінен спорт тақырыбына арналған; 

* Компьютерлік ойындардың 55,17%-ы (87-нің 48-і) интерактивті көрініс әртүрлі адам өлтіруді енгізген(”Doom”, ”Young Blood”, ”Final doom” т.б,); 

* Компьютерлік ойындардың 39,08 %–ы (87-нің 31-і) интерактивті төбелес көрінісіне негізделген: «Kensie» «Hercules» және т.б. 

* Компьютерлік ойындардың 35,63%-ы (87-нің 31-і) интерактивті алапат көрінісін суреттейді(«X-COM» , «Residend Evil» және т.б.). 

* Компьютерлік ойындардың 82,75% -ы күш көрсетудің ең болмағанда 1 түрін қамтиды. Көптеген ойындарда күш көрсету бірнеше түрде, яғни төбелес, кісі өлімі, зорлау, алапат және т.б., көрініс береді. 

5. Уақыт ысырапшылдығына апарады. Уақыт жайында Құранда көптеген аяттар бар: «Уақытқа серт» («Аср» сүресі, 1-аят), «Түнге серт...» («Ләйл» сүресі, 1-аят), «Күндізге серт...» («Ләйл» сүресі, 2-аят), «Құлшылыққа серт» («Дұха» сүресі, 1-аят), «Таңға (фәжір) серт» («Фәжір» сүресі, 1-аят), «...Таң шапағына серт» («Иншиқақ» сүресі, 1-аят), «Таңға серт...»(«Тәкуир» сүресі, 18-аят). Осы аяттар ең үлкен нығметтердің бірі уақытқа назар аудартады. Алла Тағаланың осыншалықты мән беріп айтқан нәрсесіне немқұрайлы қарау нағыз ғапылдықтың белгісі.

Адам баласы уақыттың қадірін білмейді. Біле-білген пендеге уақыттан қымбат ешнәрсе жоқ. Өйткені, уақыт сенің – өмірің, һәм ғұмырың. Бұрынғы аталарымыз уақытын босқа өткізбеген. Данагөй атамыз Абай өзінің үшінші қара сөзінде: «Адам баласы жылап туады, кейіп өледі. Екі ортада, бұ дүниенің рахатының кайда екенін білмей, есіл өмірді ескерусіз, босқа, жарамсыз қылықпен, қор етіп өткізеді де, таусылған күнде бір күндік өмірді бар малына сатып алуға таба алмайды» депті.

Тарихта ұзақ өмір сүрген Нұһ (а.с.) пайғамбарға өлім періштесі келіп: «Дүние қандай екен?» - деп сұрағанда ол: «Дүние екі есігі бар үй сияқты екен, бір есігінен кіресің де, екіншісінен шығып жүре бересің» депті.

Адам егер де 63 жыл өмір сүріп, күніне 8 сағат жұмыс істесе, барлық сүрген өмірінің 21 жылы жұмыс істеуге кетеді екен. Тәулігіне 8 сағат ұйықтаса тағы бір 21 жылы ұйқыға кетеді. 6 жылы тамақ ішуге, 5 жылы анда-мұнда сапарларға, 1 жылы телефонмен сөйлесуге кететін көрінеді.

Ибн Аббас жеткізген мына бір хадисте: «Алланың нығметтерінің ішінде екі нығметтің қадірін көп адамдар білмейді, ол - денсаулық пен  уақыт» десе,  тақуа сахаба Абдуллаһ бин Мәсғуд: «Өкініштен өзегімді өртейтін нәрсе: босқа өткен уақыттарым» деген екен. Сол сияқты үлкен сахаба Муғаз бин Жәбәлден жеткен хадисте Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Қиямет күні төрт нәрседен сұралмайынша құлдың екі аяғы тырп етпейді: уақытын қалай жұмсады, жастық шағын қалай өткізді, мал-дүниені қайдан тапты, қайда жұмсады, білімімен қандай амал жасады» дейді. Осыдан-ақ уақыттың маңызын біле беріңіз.

Жaйшылықта адамдардың бәрі бұл дүниеге бір-ақ рет келген қонақ екенін әбден сезіп біледі. Бірақ бұл бір-ақ реттік тамаша орайды жеткілікті қадірлеп, өмірін мән-мағыналы өткізу адам біткеннің бәрінің қолынан келе бермейді. Әсіресе жас шағыңызда адам өлмейтіндей, өмір таусылмайтын күндерден құралғандай сезіліп, адамды алдайды. Бейне өмір озбайтындай, тозбайтындай сезіледі де тұрады. Сондықтан әрқашан адам жігер, қайратының бар кезінде үйрену, еңбектену, басқа да түрлі ізденіс жасап, алға ілгерілеуге тиісті жақтарда барынша қарманып қалуға құлшынуы, уақытпен, аймен, күнмен, тіпті сағат-минутпен жарысып оны неғұрлым өз игілігіне жаратып, ұта түсуге ұмтылыс жасауы қажет. Бұл әрбір саналы, есті адамның бойынан табылуға тиісті асыл қасиет деп ойлаймын. 

 

[1] Исра сүресі, 32-аят.
[2] Хужурат сүресі, 12-аят.
[3] Табарани хадистер жинағы
[4] Муслим хадистер жинағы
[5] Нұр сүресі 31-32 аяттар
0 пікір