Ендігі ел аманаты жастарда
Ендігі ел аманаты жастарда
8 жыл бұрын 3291
Асқар Болатбекұлы

عَنْ أَبِي سَعِيدٍ االْخُدْرِيِّ أَنَّهُ كَانَ إِذَا رَأَى الشَّبَابَ قَالَ: «مَرْحَبًا بِوَصِيَّةِ رَسُولِ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَ سَلَّمَ، أَوْصَانَا رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَ سَلَّمَ أَنْ نُوَسِّعَ لَكُمْ فِي الْمَجْلِسِ وَ أَنْ نُفْهِمَكُمْ الْحَدِيثَ فَإِنَّكُمْ خُلُوفُنَا وَ أَهْلُ الْحَدِيثِ بَعْدَنَا»

Хазірет Әбу Сағид әл-Худри (р.а.) жастарды көргенінде, оларға былай дейтін: «Алла елшісінің (саллАллаһу аләйһи уә сәлләм) өсиеттері қандай еді, шіркін! Мәжіліс құрғанда жастарға арамыздан орын беруді, сендерге хадистің мәнін ашып түсіндіруді өсиет еткен еді. Өйткені, ізбасарларымыз һәм бізден кейінгі хадис иесі өздеріңсіңдер (яғни, хадисті жаю һәм оның мәнін ашып түсіндіру жолында қызмет ететін хадис иесісіңдер)».

(Әбу Сағид әл-Худри (р.а.) жеткізген, Бәйхақи, Шуғабуль-иман, 2-275)

 

Хадиске түсіндірме

Қай елдің болмасын болашағы – жастар. Жастарын жан-жақты жетілдіруге ерекше мән берген ел ертеңгі күніне зор сеніммен қарай алады. Осыған орай, Әз елшінің ғұмырына зер салып қарасақ, оның жастарға ерекше көңіл бөлгендігін, олардың жақсы тәлім-тәрбие алып, жан-жақты жетілуі үшін қолынан келген бар жағдайды жасағанын һәм аға буын сахабаларға да солай істеуді өсиет еткендігін көреміз. Расында, біз бұл ұстанымға қазақтың «Балам дейтін ел болмаса, елім дейтін бала қайдан шықсын» деген аталы сөзінің толық үйлесетінін көреміз.

Хадисте хазірет Әбу Сағид әл-Худридің айтуынша Пайғамбарымыз (саллАллаһу аләйһи уә сәлләм) аға буын сахабаларға маңызды мәселелер төңірегінде кеңесу немесе ғылым-білім жайлы әңгіме қозғау мақсатында мәжіліс құрғандарында мәжілістеріне жастарды да қатыстыруды өсиет еткен. Шынында, мұның өмірге енді ғана қадам басқан жастардың өмірден көргені мен түйгені көп аға буыннан тәлім алып, тәжірибе жинақтауына һәм жастайынан аталы сөзді құлаққа құйып өсуіне үлкен септігін тигізері сөзсіз. Діндегі бұл өсиетті ата-бабаларымыз да бұлжытпай орындаған. Қазақта ел тізгінін ұстаған ақсақалдар болашағынан зор үміт күткен қабілетті жастарды, тіпті, жас жеткіншектердің балалардың өзін араларына алып, мәжілістеріне қатыстыратын болған. Бұл олардың Алла елшісі (саллАллаһу аләйһи уә сәлләм) мен саңлақ сахабалардан алған өнегесі еді.

Сондай-ақ хадисте тілге тиек етілген тағы бір маңызды мәселенің аға буыннан кейін ел жүгін арқалайтын жастарға пайдалы ілім үйрету екенін көреміз. Сахабалар үшін ілімнің қайнар көзі Құран және Пайғамбар сүннеті еді. Олар Құранды лайықты деңгейде түсініп, мән-мағынасын түйсіну үшін міндетті түрде сүннетке жүгінетін. Сондықтан да сахабалардың хадиске, сүннетке деген ықыласы ерекше болатын. Өйткені, сахабалар дәуірінде барлық ілім хадиске, сүннетке негізделген. Кейіннен ғана әр ілім өз еншісін алып, бөлек отау тіге бастады. Дегенмен, Құран мен оның негізгі тәпсірі болып табылатын сүннет Исламдағы барлық ілімнің қайнар көзі болып қала берді. Ендеше, хадисте айтылған өсиеттің бірі жастарға хадис үйретуден мақсат оларды жалпы ілімге баулу екені күмәнсіз. Өйткені, ел аманатын арқалайтын жастардың ең басты қасиеттерінің бірі ілім иесі болу. Себебі, ілім өркениет пен шарықтап дамудың ең басты алғышарттарының бірі. Әсіресе, бүгінгі таңда, мейлі жеке адам болсын, мейлі, білдей бір ел болсын, ғылым-білімнен кенде қалған жағдайда өзгенің басыбайлы құлына айналары сөзсіз. Ал, бір Алладан басқаға құлдық ұру немесе өзгелерден төмен тұру шынайы мұсылманға жараспайды. Құранның: «Білетіндер мен білмейтіндер тең бола ма?!»[1] – деген аяты осынау ақиқатты меңзесе керек. Сондықтан да, келешекте өзгелермен терезесі тең ел боламыз десек, хадистегі осынау өсиетке құлақ асып, өскелең ұрпаққа жақсы тәрбие берумен қатар, оларды ғылым-білімге баулуымыз керек.

Иә, жас ұрпаққа көңіл бөліп, жақсы тәлім-тәрбие беру – елге қызмет ету жолында жасалған ең маңызды игілікті іс. Ал керісінше, жас буынға тиісінше көңіл бөлмеу, оларды бетімен жіберіп, тән құмарлығы мен әуейіліктерінің жетегінде кетуіне жол беру бүкіл елге жасалған ауыр қиянат. Бүгінгі таңда көптеген елдерде зинақорлық, нашақорлық, парақорлық сынды кеселдердің белең алуы кезінде жас буынға дұрыс тәлім-тәрбие берілмеу салдары. Егер осыдан отыз-қырық жыл бұрынғы ел ағалары, ұстаздар мен ата-аналар сол кездегі жас жеткіншектерге, яғни бүгінгі ел тізгінін ұстаған ересектерге лайықты тәлім-тәрбие бергенінде бүгінгі қоғамда мұндай келеңсіздіктер белең алмас еді. Болар іс болды, бояуы сіңді демекші, ендігі кезек күттірмейтін мәселе бүгінгі жас ұрпақты жақсылап тәрбиелеу арқылы осыдан отыз-қырық жыл кейінгі ізгі қоғамның іргетасын қалау. Көптеген данышпандардың қиялынан туындап, арманына айналған «қайырымды ел», «мәңгілік ел» болу бақыты ізгілікке құштар, жамандыққа жаны қас, рухы асқақ, періштедей пәк жастары бар елге ғана бұйырмақ.

Әсілі, Алла елшісі (саллАллаһу аләйһи уә сәлләм) біреуге не өсиет ететін болса, соны алдымен өзі істеп, елге үлгі шашатын өнегелі жан еді. Оның дәргейіне бас сұғып, одан тәлім алып, тәрбие көрген, соның арқасында қияметке дейін келетін күллі үмбетке өшпес өнеге көрсеткен жас сахабалар қаншама десеңші. Әли ибн Әбу Талиб, Абдуллаһ ибн Омар, Әнәс ибн Мәлик, Зәйд ибн әл-Хариса, Усамә ибн Зәйд, Абдуллаһ ибн Аббас, Абдуллаһ ибн Масғуд және басқа да көптеген жас буын сахабалар пайғамбар мектебінің үздік шәкірттері еді. Олар кейіннен хақ дін Исламның жер-жаһанға жайылуы жолында соңғы демдеріне дейін аянбай еңбек етіп, асыл аманатты кейінгі ұрпаққа қаз-қалпында жеткізген нағыз қаһармандар. Алла елшісі (саллАллаһу аләйһи уә сәлләм): «Сахабаларым көктегі бірер жұлдыз іспетті, қайсысының соңынан ерсеңдер де тура жолды табасыңдар», – деген сөзін міне, осындай ақыл-ойы іліммен, жүрегі иман нұрымен нұрланған көзі ашық, көкірегі ояу, кемелдік шыңын бағындырған саңлақ сахабаларына қарап айтса керек.

[1] «Зумәр» сүресі, 9-аят

0 пікір