Алла Тағала еш нәрсеге мұқтаж емес
Алла Тағала еш нәрсеге мұқтаж емес
9 жыл бұрын 7545
Есіркеп Жолаушы

"Аллаға әлем қажет болды ма?" - деп сұрап жатады. Жоқ! Жаратушы қажеттілікті керек етпейді. Алланың әлем түгіл ештеңеге мұқтаждығы жоқ. Ол бар қажеттілікті қамтамасыз ете алады, бірақ ештеңені қажетсінбейді. Бұл сұрақты қоюшы барынша дәрменсіз, әлсіз, әлжуаз адам мен Құдірет-күші  шексіз Ұлы Жаратушыны салыстыруда. Бұлай салыстыру, біріншіден, қисынға келмейтін үлкен қателік. Өйткені, салыстыру ұқсас нәрселер арасында ғана жасалады. Ал, Алла болса ешқандай тұрғыдан жаратылғандарға мүлдем ұқсамайды.

Бойында дарына бар әркім өз қабілеті мен дарындылығын басқаларға көрсеткісі келетіні кімге де болса аян. Бұл шындық дара таланттардан анық көрінеді.

Мысалы, шебер суретші көптеген суреттер салады. Суреттеріне алдымен өзі жақсылап қарайды, сөйтеді де одан керемет ләззат алады. Содан кейін ол суреттерін басқаларға көрсетеді. Олардың да мақтауларын естіп, көңілі марқаяды.

Мықты ғалым көптеген кітаптар жазып, басқалар да оқыса дейді. Оқырмандар кітаптарын оқып, оған рахметтерін жаудырып жатса, жазушыға бұдан артық бақыт жоқ.

Алла Тағаланың әлемді жаратуына да осы тұрғыдан көз жіберсек болады. Бірақ Алла қалайша жаратылған нәрселерге ұқсамаса, ондағы "көру мен көріну" қалауы да адамдардыкіне ұқсамайды. Оның сүйіспеншілігі де, шапағаты, қуанышы, шаттануы да бізден мүлдем бөлек. 99 аты тәрізді Жаратушыға ғана тән.

Алла Тағала өз аттары мен сипаттарынан әлемге шағылыстырған. Бірақ бұл көбіне қате түсініліп қалып жүр. Жаратушыны теңізге, ал басқаларды толқынға ұқсатып, "толқын бөлек болып көрінсе де негізінде теңізден", - деп берілетін мысал қате. Бұндай түсінік көртеген қателіктерге жол ашуда.

Алланың әлемге қатыстылығы шебер мен жасаған  заты арасындағы байланысы ғана секілді. Сурет суретшінің шеберлігін көрсетеді, бірақ ол шебердің бір бөлігі немесе бір мүшесі болып саналмайды. Раббымыздың да әлеммен байланысы жаратушылық сипатта ғана. Шебер өзі жасаған туындысының ішінде бола алмайды.

Әлем де Алланың бар екеніне дәлел, оның есімдерін көрсетеді, бірақ одан бір бөлек бола алмайды.

Әлем мағынасы мол үлкен кітап секілді. Әр сөзі зат болып тізілген кітап. Жер шары болса ашылған қос бет. Адам болса – соны оқушы.

0 пікір