Әлеуметтің арын түзейтін тірек керек
Әлеуметтің арын түзейтін тірек керек
10 жыл бұрын 2982
Мұхан Исахан

Зайырлы қоғамда ар-ұждан мәселесі тұлғаның еркіне қалдырылғанымен, руханиятты қоғамның тұтастығынан ажыратып қарау әсте мүмкін емес. Зайырлылыққа теріс теократиялық мемлекеттік басқару тұрғысынан қарайтын болсақ, әрбір қоғамдық қатынастың астарында діни догма көрініс беріп отырады. Ал, ғалам тарихында теократиялық догмалардың көне һәм орта ғасырларда салтанат құрғандығы баршамызға мәлім.

Иә, орта ғасырларда руханияттың қоғамдық мәртебесін саяси жүйе белгілеп отырған. Сол себепті де ол кезеңде мемлекеттік басқару тұрпатын анықтап алу аса маңызды саналған. Бірақ, орта ғасыр ішінде пайда болған Ислам дінінің түп-бастауы Құран мен Сүннетте мемлекеттік басқарудың нақты бір тұрпаты белгіленбеген. Тек әділеттілік, бият (сенімділік), шура (кеңесу) секілді құндылықтар мемлекет басқарудың алғышарты мен қағидасы екендігі көрсетілген.

Жалпы, мемлекеттік басқарудың өзегін дінге негіздейтін барлық жоғары саяси ұйымдардың ішкі мәні ұқсас болып келеді. Әйтсе де, тарихтағы ислами сипаттағы мемлекеттердің құрылысы мен тұрпатының бір-бірінен айтарлықтай айырмашылықтары бар. Мәселен, Хақ Елшісі (с.а.у)-ның Араб түбегінде құрған алғашқы Ислам мемлекеті ерекшелігіне қарай пайғамбарлық басқаруға негізделген (уникальді) жоғары саяси ұйым болатын. Одан кейінгі пайғамбарлық басқаруды үлгі еткен Алла Елшісі (с.а.у.) ізбасарлары Әбу Бәкір, Омар, Осман, Әли билік жүргізген саяси билік – халифаттық басқаруға негізделген мемлекет еді. Ал, омаядтар, аббасидтер, буйдтер, фатимиттер секілді монархиялық нысандағы мұсылмандық саяси жүйені әмірлік басқару тұрпаты деп атауға болады.

Дегенмен, кейінгі кезеңдегі жаһандану үдерісімен Ислам мемлекеттерінің көпшілігі республикалық басқару тұрпатын қабылдады. Демократиялық құндылықтарды ұлықтайтын республикалық басқарудың ішкі құрылымы заң шығару (парламент), атқарушы (үкімет), сот жүйесі секілді билік бұтақтарының тепе-теңдік, тежемелік басқару қағидасына негізделді. Тирандық басқаруға жол бермеу үшін билік бұтақтарының бір-бірінің құзыретін тежеп, құқықтық өкілеттік шеңберінде ғана әрекет етуге рұқсат беретін осы тепе-теңдік, тежемелік басқарудың қоғамдағы саяси теңдікті орнықтыратыны мемлекет теориясы ілімінде толық мойындалады. Бірақ қоғам тек саяси басқарудағы әділеттіліктен тұрмайды. Әлеуметтің негізгі мәні рухани құндылықтарға келіп тіреледі. Осы тұрғыдан алғанда, қоғамдағы рухани тепе-теңдікікті бекемдеу үшін қазіргі қолданыстағы республикалық басқаруды заманауи жетілдіруіміз шарт.

Шынтуайтында, руханиятсыз қоғамның тұл екендігі әмбеге аян. Осы себептен де, қоғамның моральдік құндылықтар мен руханиятқа зәрулігі ешқашан кеміген емес. Ал, саяси-экономикалық өркендеумен қатар әлеуметтің арын арлайтын һәм рухани кемелденуге жетелейтін озық басқару үлгісі бар ма?

Кезінде бұл зәрулікке Әбу Бакр Уаррақ қоғамды рухани басқару туралы мына концепциясымен жауап берген еді:

 «Қоғамдағы көсемдер дін басылары (улама), ел билеушілер (умара) және сопы-даналар (фуқара) болып үш топқа бөлінеді. Улама жолдан азса, дін кетер. Умара азса, қоғам бұзылар, Фуқара азса, ахлақ кетер. Уламаны аздыратын – ашкөздік, Умараны аздыратын – әділетсіздік, Фуқараны аздыратын – риякерлік. Ел билеушілер дін басыларына құлақ аспай әділетсіздік жайлап, қоғам бұзылса, дін басылар ел билеушілерінің айтқанына еріп, ақиқаттан тайса, руханият иелері риякерлік жасаса, қоғам шіриді».

Көшпелі дәуірде қоғамды басқарудың осы үштағандық жосығы қалай жүзеге асты дейтін болсақ, умара рөлін хан-сұлтандар, улама қызметін би мен қазылар, ал фуқара міндетін абыздар мен ақын-жыраулар атқарып келгенін көреміз. Тіпті, кешегі кеңестік кезеңде халықтың өз ішінен шыққан ақын-жазушылар мен өнер иелері халықтың арын күзеткен рухани тұғырға айналған болатын.

Егер осы концепция тұрғысынан бағдарлайтын болсақ, қазір мемлекет механизмінде умара мен уламаның орнын басатын тетік жоқ емес, бар. Бірақ, рухани билік парадигмасымен қарағанда,  халықтың арын түзейтін рухани тіректердің халі мүшкіл екенін аңғарамыз. Ендеше, келешек қоғамды ашкөздік пен жасандылықтан қорғайтын руханият иелерін тәрбиелеуге басымдық беруіміз шарт. Сонда Алаш жұрты саяси-экономикалық дамумен бірге рухани кемелденуге қол жеткізе алмақ.

1 пікір