10 минут ішінде не істей аламыз?
10 минут ішінде не істей аламыз?
8 жыл бұрын 5098 islam.com.ua
Аударған: М. Бақдәулетқызы

 Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын!

Өмірдің әрбір кезеңі кішкене сәттерден, бөлшектерден құралады. Уақыт-алтыннан да қымбат әрі қылыштан  да өткір. Ұлы Алла Құранда: " Мен жындар мен адамдарды маған құлшылық ету үшін жараттым",-деген (51: 56). Сондықтан қысқа ғұмырымыздың кез-келген мезетінде, мысалы, 10 минут ішінде біз біршама пайдасы мол, сауабы таразыда салмақты тартатын  игі амалдар  жасай аламыз.

1.  Қасиетті Құран-Ұлы Жаратушының сөзін оқу.

Мұсылман Құранның  әрбір әрпін оқу нәтижесінде үлкен марапат  алады. Бұл жайында Алла Елшісі (с.а.у.)  өз хадисінде баяндаған. 10 минут ішінде тәжірибелі оқитын адам Құранның мөлшермен  бес бетін оқуға мүмкіндік алады,  егер күніне 10 минут уақытын бөлсе, төрт айда бүкіл Құранды оқи алады.  Сондай-ақ күніне бес рет  "10 минуттық" уақытын жүйелеп отырса, Құранды тұтастай жиырма төрт күн ішінде оқып бітіруге  мүмкіндік туады.

  Егер әрбір күні үш аяттан жаттап отырса, Құранды тегіс сегіз жылда жаттап алуға болады екен. Егер сіз күн сайын Алла сөзінің төрт бетін жаттап алсаңыз, екі жылдың көлемінде мейірімді Алланың рақымымен оны толығымен білетін боласыз.

2. Зікір (Алланы еске алу)

Рақым Пайғамбары (с.а.у.) осы хақында: "Сенің тілің Алланы еске алудан талмасын", - деген. Алланы еске алу-Жаратушыға жақындататын сүйікті істердің бірі. Оны бір мезгілде тілмен, жүрекпен немесесол екеуімен де жасауға болады. Алла Елшісі (с.а.у.): "Алланың алдындағы сүйікті іс- сіздің тіліңіз Алланы еске алудан ылғалданған кезде қайтыс болу",-деп  баяндаған (Ибн Хиббан жеткізген).

Алланы "Әлхамдулилла, Сүбханалла, Аллаху акбар,  ла илаһа иллалла" сөздерімен еске алыңыз. 10 минут ішінде жүзден үш жүзге дейін, жыл көлемінде-365000-ден 109500-ге дейін зікір етуге болады. Бұл үшін Алладан  қандай зор сый мен тамаша сауап келеді десеңізші! Әсіресе, зікірді күніне бірнеше рет он минуттан қайталаңыз.

3. Дұға, құлшылық, Алланы еске алу

Дұға-Алланы еске алудың бір түрі. Дұға жан тыныштығын ұялатып, кеудеңізді кеңітіп, шыдамдылыққа үйретеді. Дұға-Алланы тілмен және жүрекпен еске алу. Пайғамбарымыздың айтуынша, басқа мұсылманның күнәсі үшін жарылқау сұраса, ол адамға сауап жазылатыны түсіндірілген. Алла Елшісі (с.а.у.) былай деген: "О, Алла, мені кешір, маған рақым ете көріңіз, маған тура жолды көрсете гөр!"

4. Жамағатпен намаз оқу.

10 минутта мешітте жамағатпен намаз оқу, мұндай намаз әдеттегі намаздан 27 есе жоғары болып табылады.

5. Нәпіл ғибадаттар, сүннет амалдар, түнгі құлшылық

Екі рәкаттан сегіз рәкатқа дейін оқылатын "дұха" намазы, жаназа намазы т.б. Алла Елшісі (с.а.у.): "Кім жерлеу рәсіміне қатысып, жаназа намазын орындаса-бір қырат, кім мәйітті көмуге дейін қатысса-екі қырат". Ал "екі қырат дегеніміз не?",- деп сұрағанда, "Олар екі үлкен тау сияқты" деп түсіндірді (Бұхари). Сонымен қатар түнгі намазға тұру-тәхадджут, истихара мен тәубе ету. 10 минут  көлемінде аталмыш құлшылықтарды орындап, жан дүниемізді ізгілендіріп, иманымызды қуаттандырамыз.

6. Салауат айту

Салауат -Алланы  таңертең және кешке еске алуға жатады. Рақым Пайғамбары (с.а.у.): "Кім маған бір рет салауат айтса, оған Алла он жақсылық нәсіп етеді",-деген (Мүсілім).

7. Өз-өзіне есеп беру

Мұсылман әрдайым өзінің жасаған әрбір әрекетіне ой жүгіртіп, өзіне есеп жүргізуі қажет. Мұсылманның әрекетіне  өзін-өзі тәрбиелеу мен өзін-өзі бақылау жатады. Ол осыған назар аударса, жан әлемі әрдайым тыныштық пен бейбітшілікте өмір сүреді. Өзіне-өзі есеп беру адамға көп пайда әкеледі: Жаратушының ұлылығы мен құдіреттілігін мойындау, оған бойұсынушылығын арттыру, өз нәпсісін жазғыру, зұлымдық, күнәлардан қашу. Өз-өзіне есеп беру арқылы өзін рухани кемелдікке тәрбиелеп, ішкі дүниесін толықтай түзетуіне үлкен мүмкіндік алып, Ұлы Жаратушының кешірімі мен рақымына бөленеді.

8. Сыйыну, ой жүгірту және түсіну

Өзіңіздің болмысыңыз жайында ой жүгіртесіз бе? Жердің жаратылуы жөнінде ойланасыз ба? Өзіңіздің  айналаңыздағы бүкіл жаратылыс туралы ой жүгіртіп көрдіңіз бе? Ардақты Пайғамбарымыз (с.а.у.) осы жөнінде: "Егер менің білгенімді білсеңдер, онда аз күліп, көп жылар едіңдер" (Бұхари, Мүсілім). Сәл ғана ойланып, зерделеудің өзі үлкен білім мен Аллаға деген терең иманға әкелетіні сөзсіз. Алла: "Олар көк пен жердің жаратылысы жайында ойланады",-деген.

9. Оқу

Оқу адамға үлкен пайда әкеледі, сондықтан үнемі оқумен айналысу қажет. 10 минут көлемінде сіз кез-келген ислами кітаптың  бөлімін оқып, оны толыққанды ұғынуға қол жеткізесіз. Егер сіз жүйелі түрде осы ретпен оқысаңыз, бір айдың ішінде сіз үш жүз минут  немесе бес сағат бөлінгенін аңғарасыз.

10. Аллаға  шақыру

Бұл  ауқымды бөлім болып табылады және адамға үлкен табыс пен алғыс әкелетін жол. Алланың  жолына шақыру сөзбен және басқа жолдармен де жасалуы мүмкін, мәселен,  баспа беттері арқылы, бұқаралық ақпарат құралдары немесе кітаптар арқылы жүзеге асуы мүмкін. Оған Алланың діні мен шариғат білімдерін  тарату негіздері кіреді. Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай деді:  "Егер бір адам өзің арқылы Алланың көмегімен дұрыс жолға нұсқайтын мүмкіндік пен құқыққа ие болса, қызыл түсті көп түйенің иесі болғаннан көп артық",-деген. (Қызыл түсті түйе сол кезде араб әлемінің ең құнды тауары саналды). 

11. Мақұлданған іске шақыру, тыйым салынғанды айыптау

Бұл іс-Пайғамбарлар мен Елшілердің ісі. Ұлы Жаратушы былай дейді: "Сіздер жақсылыққа бұйырылған және сорақы істерден тыйған адамдардың ішіндегі ең үздік қоғамдастық болып табыласыңдар".  Алла Елшісі (с.а.у.): "Менен бір аят болсын жеткізіңіздер",-деген. Он минутта сіз  көп уақыт пен күш жұмсамай, игі іске шақырып, жамандықтан тыя аласыз. 

12. Телефон

Көптеген адамдар бұл құралды тыйым салынған істерге қолданып жатады. Ал сіз 10 минут ішінде біршама сауапты істер атқара аласыз. Мәселен, туыстық байланысты нығайтып, оларға хабарласасыз, адамдарды ізгілікке шақырып, жамандықтан тыясыз, біреуге білім беріп немесе білім аласыз, Ұлы Жаратушының ұлылығын насихаттап, өзгелерге жақсы лебіз білдіресіз.

13. Садақа

Осындай аз уақытта сіз садақа беріп, сауапқа батасыз. Алла Елшісі (с.а.у.):  "Тозақтың қорқынышынан кем дегенде жарты құрма болсын садақа беру арқылы өздеріңді қорғаңдар, ал оны таба алмасаңдар, жақсы сөзбен болсын" (Бұхари).Егер бұл тұрақты түрдегі садақа болса, ол қабыл болып, Алланың құлдарына осы дүние мен ақыретте үлкен пайда әкеледі. Пайғамбарымыз (с.а.у.): "Мүмін  қайтыс болғаннан кейін тоқтатылмайтын амалдардың қатарына жататындар: адамдарға үйреткен әрі  таратқан білімі, өзінен кейін қалған қайырлы дұға ететін ізгі ұрпағы; мешіт немесе жолаушыларға арналып салынған үй; өзеннің үстіне салынған көпір; денсаулығы жақсы бола отырып, оның өмір бойы жасаған игі амалы. Ол өлгеннен кейін де барлық сауабы оған жетіп жатады" (Ибн Мәжа).

14. Алла разылығы үшін бауырмалдықты бекіту

Бұл өзара жақындық пен бауырмалдықты бекітіп, құрметті арттырады. Алла Елшісі (с.а.у.): "Алланың алдындағы ең жақсы достар, өз достарына жақсы қараған адамдар". Бұл да Алланың дініне шақыру болып табылады.

15. Туыстық байланысты нығайту

Алла Тағала былай дейді: "Алладан қорқыңдар және туыстық байланысты бұзудан қорқыңдар" (Құран, 4:1).

Туысқандық байланысты бекітудің үш түрлі сатысы бар:

1) Бекітуші. Бұл-туыстық байланысты сақтағысы келмейтіндермен де байланысын үзбейді.

2) Тең сақтаушы. Бұл-өздері қарым-қатынас жасайтындармен ғана қатынас жасайды.

3) Бөлуші. Бұл-туыстық байланыстарға қолдау  көрсетпейді және оларға жауап та бермейді.

Түрлі тиімді тәсілдермен туыстық байланыстарды қамтамасыз ету-абзал амалдардың санатына жатады. Мысалы, мал-мүлікпен көмек беру, әр түрлі игі істерде жәрдемдесіп,  қамқоршылық таныту, туыс-туғандармен достық, сөйлесу арқылы (тіпті телефон арқылы да) және олар үшін Аллаға дұға ету.

16. Үй

Өз отбасыңа жәрдем ет және үй ішіңе қарайласып, қамқоршы бол. Расулла (с.а.у.) былай деген: "Сіздердің іштеріңдегі ең жақсыларың-өз отбасына жақсы қараған адам, ал мен-өз отбасыма барлығыңнан артық қараймын" (Ибн Хиббан). Ғұмыр бөлшегінің бір үзігі-10 минутымыз аз-кем уақыт болса да, Ұлы Жаратушының берген асыл тартуы-уақыт нығметінің қадірін түсініп, ұдайы қайырлы істерге қадам жасауға ұмтылайық!

0 пікір