Қыздың жасауы мен мәһір арасындағы айырмашылық
Қыздың жасауы мен мәһір арасындағы айырмашылық
9 жыл бұрын 6008
Шәмшат Әділбаева

Халқымыздың ежелден келе жатқан салттарының бірі – ұзатылған қызға жасау беру. Ислам құқығында қыздың жасауы өз алдына жеке тақырып ретінде қарастырылған. Себебі, қыз жасауы материалдық құқық болып табылады. Тұрмыс құрған қыздың артынан жасау апару керек пе? Қыздың жасауын кім әзірлеуі тиіс? Қыздың әке-шешесі ме, әлде күйеуі ме? Қызға берілген мәһірге жасау дайындалуы керек пе? Ерлі-зайыптылар ажырасқан жағдайда қыздың артынан келген жасаудағы мүліктер кімнің иелігіне өтеді? Міне, осы секілді тақырыптар Ислам құқығында қарастырылып, жауаптары нақты айтылған.

Ханафи мәзһабында әйел өзіне берілген мәһірмен немесе өзіне тиесілі дүние-мүлкімен жасау дайындауға міндетті емес. Әкесінің де өз мүлкінен қызына жасау беруі парыз етілмеген. Қалыңдық күйеуінің үйіне жасаусыз да, күйеу жігіттің берген мәһір мөлшеріне сай келмейтіндей жасаумен да бара алады. Өйткені тұрмысқа шыққаннан кейін оны тұрмысқа қажетті нәрселермен қамтамасыз ету күйеуінің міндеті. Үй мен үй жабдықтары да осы міндеттің қатарына кіреді. Бірақ,  күйеу жігіт жасау үшін деп  қалың мал берсе, қыз жақтың соған сай жасау дайындауы қажет. Сонымен қатар мәһірдің қалың малдан бөлек екенін ескерген жөн.

Жасауды қыздың ата-анасы өз қаржысынан, жігіттің мәһір ретінде берген қаражатынан немесе дайындалуы керектігі айтылмай берілген қалың малдан дайындаса, бұл дүние-мүлік қыздың меншігі саналады. Күйеуі оны тек қана әйелінің рұқсатымен ғана қолдана алады. Мұндай әйел күйеуінен ажырасса немесе күйеуі қайтыс болса, өз дүние мүлкін түгелдей қайта алуына құқылы. Ал егер, қыздың артынан келген дүние-мүлік жігіттің жасау үшін арнайы берген қаражатымен дайындалса, онда бұл дүние-мүлік жігіттің меншігі саналып, ерлі-зайыптылар ажырасатындай жағдайда, толықтай жігіттің өзінде қалады.

Әрине, қыздың ең қымбат жасауы мен әшекейі оған берілген ілім, әдептілік, тәлім-тәрбие, көркем мінез екенін де ұмытпаған жөн. Бойжеткеннің жарының үйіне апаратын ең қымбат нәрсесі – ары мен абыройы, әдебі мен көркем мінез-құлқы. Тұрмыстық заттардың кемшілігінің орнына толтыруға болар, алайда әдеп пен тәрбиенің орнын толтыру бек қиын.

0 пікір